ҚМДБ төрағасы дін қызметкерлеріне тұрақты жалақы тағайындауды ұсынды

Имамдардың жанқиярлық жұмыстарының арқасында елімізде жыл сайын 500-ден астам азамат деструктивті ағымнан бас тартып, дәстүрлі дінімізбен қауышып келеді. Бұл туралы ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз Қазақстан Дінтанушыларының ІХ форумында мәлімдеді.

Оның айтуынша, діни басқарма өзінің күнделікті сан-салалы қызметі барысында басты 4 бағыт бойынша жұмыстарының бірі ретінде деструктивті ағымдарға түсіндіру шараларын бір сәтке де тоқтатпайды.

"Оңалту шараларына қатысты тағы бір тәсіл – тарихпен тәрбиелеу. Тарих дегеніміз – адамзатттың қоғамдық жады, өзін-өзі тануы, өткен өмірдің санада жаңғыруы. Ғұламалар: «Адам ойын оятқың келсе – оның тарихын оят», – деген тәлімді сөз айтқан",- деді Бас мүфти.

Сондай-ақ, ҚМДБ төрағасы форумда өзінің үш ұсынысын ортаға салды.

"Біріншіден, «Тарих және діни сана» жобасын бірлесе жүзеге асыруды ұсынамын. Тарихи нысандар мен орындарға жасалатын жоспарлы сапар жамағаттың таным көкжиегін кеңейтіп, интеллектуалдық деңгейін арттырады. Бұл ретте Түркия тәжрибесін алуға болады. Екіншіден, қоғамның ағартушы тобына жататын имамдардың жанқиярлық қызметін ескеріп, оларға әлеуметтік тұрғыдан қолдау жасалса. Әсіресе, 100-ге жуық түзеу мекемелерінде жұмыс жасайтын дін қызметкеріне тұрақты жалақы тағайындалса. Бұл адам тағдырына жуапкершілікпен қарап, есеп үшін емес, елдің игілігі жолында қызмет етіп жүрген дін қызметкеріне көрсетілген қамқорлық, әділ баға болар еді. Үшіншіден, ақсақалдар институтының рөлін күшейту – маңызды мәселе. Біз – қарияның дуалы сөзіне қарсы уәж айтпаған халықпыз. Бұл – санаға сіңген салтымыз. «Қой дейтін қожа» бола білген қаншама қарияларымыз жат ағамға кеткен жастарға насихат айтып, тәрбиесін түзеп келеді. Осы бағытта облыстық мешіт жанындағы Ақсақалдар алқасы мен ауыл, аудандағы билер кеңесі үлкен құрал бола алады", — дейді. 

 

 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін