ХАЛАЛ ИНДУСТРИЯСЫН ДАМЫТУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ (ФОТО)

Астанада Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың төрағалығымен халал индустриясын дамыту мәселесіне арналған алқалы мәжіліс өтті.

Ресми кездесуге Ұлттық акредиттеу орталығы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Мақсұт Өмірханов бастаған жұмыс тобы, мүфтият тарапынан наиб мүфти Бауыржан Есмахан, ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев, ҚМДБ Халал стандарттау бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиев, мүфтият жанындағы «Халал Даму» ЖШС директорының орынбасары Әнуар Елжанов қатысты.

Басқосуда мүфтият пен Ұлттық акредиттеу орталығының бірлескен жобаларын жүзеге асыру, өзара тәжірибе алмасу, өнімдерді халал стандарттау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, технолог-мамандар корпусын қалыптастыру, осы салада Діни басқарма мен Орталықтың ортақ қызметін жандандыру, т.б. мәселелер жан-жақты сөз болды.

«Ислам – адамзаттың тіршілігі мен құлшылығына қатысты кез-келген сауалға жауап беретін кемел дін. Өздеріңіз жақсы білесіздер, елімізде халал өнімге деген сұраныс жыл санап артып келеді. Бұл – тенденция. Біздің мақсатымыз – кез-келген азаматтың халал өнімді таңдауына, тұтынуына көмектесу», – деп атап өтті Серікбай қажы Сатыбалдыұлы.

Өз кезегінде сөз алған Ұлттық акредиттеу орталығы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Мақсұт Өмірханов бұл салада мүфтиятпен ынтымақтаса отырып қызмет етуге дайын екенін атап өтті.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін