Малайзиялық делегат Бас мүфтимен кездесті (ФОТО)

Әлемге әйгілі xалал стандарттау және сертификаттаумен айналысатын «Малайзиядағы исламды дамыту департаменті» JAKIM ұйымының аудит мамандары – Жоһари Бин Әб Латиф, Лұқман Нұл Хаким Бин Самад Астанада Бас мүфти Серікбай қажы Оразбен кездесті.

Кездесуде халал стандарттау, осы сала бойынша халықаралық зертханалар жұмысы, Қазақстандағы халал стандарттау саласының бүгіні мен болашағы, әріптестік қарым-қатынасты күшейту, т.б. мәселелер талқыланды.

ҚМДБ төрағасы Серікбай Сатыбалдыұлы халықтың халал өнім, халал қызмет туралы түсінігі мен мәдениетін қалыптастыру бағытында бірліскен іс-шараларды жүзеге асыруды ұсынды. Өз кезегінде малайзиялық мамандар бұл ұсынысқа қолдау білдіріп, әріптестік байланыс үшін әрдайым дайын екенін жеткізді.

Кездесу соңында Бас мүфти «Ұлы дала төсіндегі Ислам» атты авторлық кітабын меймандарға сыйлады.

Айта кетейік, 2017 жылы мамыр айында ҚМДБ-ға қарасты «Халал Дамy» ЖШС Малайзиядағы атақты JAKIM жүйесінде аккредиттеуден өту үшін қажетті құжаттар тапсырған болатын. Нәтижесінде ағымдағы жылдың 2-8 қыркүйек аралығында JAKIM ұйымының мамандары елімізге арнайы келді. Басты мақсат – халал стандарттау және сертификаттаумен айналысатын «Халал Даму» ұйымының жұмысын бақылау, тиісті бағасын беру және аккредиттеуден өткізу.

«Малайзиядағы исламды дамыту департаменті» JAKIM –  исламдық міндеттемелерді орындауға, Малайзиядағы халал стандарттау және сертификаттау жүйесіне жауапты ұйым. Қазіргі таңда аталмыш ұйым әлем бойынша 69 сертификаттау органын аккредиттеуден өткізген.

Егер «Халал Даму» ЖШС бұл ұйымның аккредиттеуінен өтсе, халал сертификатына ие болған отандық кәсіпорын өнімдерін әлемнің 41 еліне ешқандай  кедергісіз экспорт жасауына мүмкіндік беріледі. Атап айтқанда, Германия, Үндістан, Индонезия, Иран, Ирландия, Италия, Жапония, Кения, Марокко, Нидерланды/Голландия, Жаңа Зеландия, Пәкістан, Филиппин, Польша, Сингапур, Оңтүстік Африка, Оңтүстік Корея, Испания, Шри-Ланка, Швейцария, Тайвань, Таиланд, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ), Ұлыбритания, Америка Құрама Штаттары (АҚШ), Вьетнам мемлекеттеріне өнім шығаруға мүмкіндік бар.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін