Қазақстанның Түркиядағы елшісі Түркия Дін істері басқармасының төрағасымен кездесу өткізді

2018 жылғы 9-тамызда Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы Түркия Республикасы Дін істері басқармасының төрағасы Әли Ербашпен кездесті.

Кездесу барысында Елші А. Сапарбекұлы Дін істері басқармасының басшысын жаңа қызметімен құттықтай отырып, биыл 10–11 қазан күндері Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің VI отырысына дайындық жұмыстары туралы мәлімет берді. Бұдан бұрын өткен Съезд отырыстарында көтерілген көкейтесті тақырыптар мен өзекті мәселелерге кеңінен тоқталды. Сондай-ақ, Қазақстанның ұстанып отырған көпвекторлы саясаты мен бейбітшілікті орнату жөнінде атқарып отырған оңтайлы істерін атап өтті.

Сонымен қатар, А. Сапарбекұлы руханият және мәдени-гуманитарлық сала бойынша екі бауырлас ел арасындағы қарым-қатынастардың жоғары деңгейде жалғасып отырғанын жеткізді.

Өз кезегінде, ТР Дін істері басқармасының басшысы Елшіге алғыс айтып, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы — Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының Басшысы Қ. Тоқаевтан келіп түскен арнайы шақыруына ризашылығын білдірді. Әлем бейбітшілігінің орнығуына елеулі үлес қосып отырған Съездің кезекті отырысына қатысатынын жеткізіп, съездің дайындық жұмыстарына сәттілік тіледі.

Әңгіме барысында Ә. Ербаш дін саласы бойынша Қазақстанмен ынтымақтастықтың жоғары деңгейде жалғасып отырғанын және алдағы екі жақты өзара сапарлар барысында оны одан ары жандандырудың жолдары талқыланатынын жеткізді.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін