Серікбай қажы Ораз Шымкентте Өзбекстан мүфтиімен кездесті (ФОТО)

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Шымкент қаласында өткен «Бауырлас елдердің  рухани ортақ құндылықтары» атты халықаралық форум аясында Өзбекстан мүфтиі Усманхан қажы Алимовпен кездесті.

Кездесуде екі ел мүфтиі халықаралық форумда айтылған ұсыныстар мен пікірлерді талқылады. Сонымен қатар, қазақ-өзбек бауырластығын одан әрі нығайтуды көздейтін игі іс-шаралардың жоспары жайлы пікір алысты. Дін қайраткерлері Қазақстан мен Өзбекстанның Діни басқармалары арасында қабылданған екі жақты меморандум аясында атқарылар ауқымды жұмыстарды пысықтады.  

Бас мүфти Серікбай қажы Ораз биыл Орталық Азия елдерінің Ислам ғұламалары рамазан айы мен ораза айтты бір күнге белгілеп, ортақ пәтуаға келгенін айрықша атап өтті.

«Бұл тарихи шешім – біздің діни ауызбіршілігіміздің жарқын үлгісі. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандырып, Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында бірлескен игі шараларды жүйелі түрде жүзеге асыруымыз керек», – деді Серікбай қажы Сатыбалдыұлы.

Өз кезегінде Усманхан қажы Алимов халықаралық форумға арнайы шақырған еліміздің Бас мүфтиіне алғысы мен жылы лебізін жеткізіп, аталған шара қазақ-өзбек арасындағы рухани байланысты нығайта түсетінін сөз етті.

Кездесу соңында тараптар діни саладағы қарым-қатынасты күшейту, қазақ-өзбек тілінде діни кітаптарды бірлесе шығару, жастарды патриотизмге тәрбиелеу, тәжірибе алмасу, екі елдің қасиетті жерлеріне зиярат жасау рәсімдерін ұйымдастыру, ғылыми жобаларды жүзеге асыру сынды іс-шаралар төңірегінде өзара уағдаласты.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін