Діни саладағы жаңа заңнамада қаралып отырған маңызды 7 мәселе

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Мәжіліс депутаттарына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды. 

Заң жобасы дін саласындағы заңнаманы жетілдіруге және діни радикализмнің алдын алуға бағытталған. Ұсынылып отырған заң жобасы Елбасы жарлығымен бекітілген Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында әзірленді.

Baq.kz редакциясы діни заңнама аясында қоғамның қызу талқысына түскен маңызды 7 мәселені назарларыңызға ұсынады. 

Деструктивті діни ағымның сыртқы белгілерін көпшілікке көрсету 

Дінді кері мақсатта пайдаланудың алдын алу, теріс діни идеологияның таралу жолдарына бөгет қою үшін аталған мәселе заң жобасында кешенді қарастырылған.

Жобаға сәйкес теріс діни ағымдардың айшықтары мен сыртқы белгілерін пайдалану мен көпшілікке көрсетуге шек қоюмен бірге теріс діни ағымның идеологиясын тарату мен насихаттауға тыйым салынатын болады. Заң жобасында деструктивті діни ағым – адамның қорғалатын құқықтары мен бостандықтарына қатер төндіретін, имандылық негiздерді, рухани және мәдени құндылықтар мен дәстүрлерді әлсіретуге және (немесе) бұзуға қабілетті діни көзқарастар, идеялар, сондай-ақ ілімнің жиынтығы аталады.

Заңда аталған сыртқы белгілерге толық талдау жасалмаған, себебі оның ешқандай жөні жоқ (жоба мәтінінде сақал немесе балақ туралы ешбір айтылмайды).

Деструктивті діни ағымға сыртқы тиістілік белгісін заңға қосымша актімен, яғни өкілетті орган, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының бірлескен бұйрығымен бекіту ұсынылады.

Бұйрықты жасап шығару кезінде белгілер діни бірлестіктермен, теологтармен, дінтанушылармен және сарапшылармен мұқият талданатын болады. Сыртқы белгілерге жататын қысқа балақ, қаба сақал идеологиялық, ұйымдастырушылық, әдет-ғұрыптық және мінез-құлықтық белгілермен бірге адамның деструктивті діни ағымға жататындығын сипаттайды.

Сонымен бірге, дін қызметкерлері мен туристік мақсатта ел аралаған шетелдіктер сыртқы белгілеріне қарай деструктивті діни ағым жақтаушыларының қатарына жатпайтын болады.

ДІАҚМ асыра сілтеудің алдын алуы үшін өзге мүдделі ұйымдармен бірге жергілікті атқарушы органдарының өкілдеріне семинарлар өткізеді.

Қорыта келгенде, атаған нормалар азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтай отырып, қауіпсіздік деңгейін арттарынан атап өткен орынды.

Шетелде діни білім алуға шара қолдану

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кадр мәселесін шешудегі шетелдік білім беру мекемелерінің үлес салмағы 7-8% құрайды. Діни қызметкерлердің басым бөлігі жоғары білімді отандық оқу орындарынан алған.

Қазіргі кезде мемлекетте 9 медресе (соның ішінде 5 медресе-колледж), жоғарғы білім беретін «Нұр Мүбарак» университеті жұмыс істейді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру үшін мемлекет «Нұр Мүбарак» университетінің «исламтану» мен «дінтану» мамандықтарына бөлетін гранттар санын көбейтуге ерекше назар аударады. Мысалы, 2017-2018 оқу жылында мемлекет тарапынан 2018 грант бөлінді.

Бүгінгі таңда университетте 1180 адам, соның ішінде 1093 бакалавриатта, 62 магистратурада, 25 докторантурада оқиды. 2003 жылдан 2017 жылға дейін жоғары оқу орнын 1231 студент бітірсе, олардың 991 (80,5%) ҚМДБ жүйесіне жұмысқа алынды. Діни басқармадағы имамдардың кадрлық құрамы 3800 адамды құрайды. Олардың 19% жоғары білімді, 27% орта білімі бар, ал 54% сауаттылық арттыру курстарын бітірді.

Мақсаты – діни қызметкерлердің санасында Қазақстанның дәстүрлері мен мәдениетіне, руханилығына үйлесетін қасиеттерді қалыптастыру үшін олардың елде білім алуын қамтамасыз ету. Болашақта олар терең діни білім алу мен тіл үйрену үшін шетелдік оқу орындарында білім алуды жалғастыра алады.

Басқа конфессияларға келетін болсақ, республикада «Алматинская Православная Духовная семинария» білім беру мекемесі жұмыс істейді. Ол Қазақстанның Православие шіркеуінің жоғарғы діни оқу орны болып табылады.

«Мария – Матерь Церкви» жоғарғы діни семинария – Орта Азиядағы жалғыз католиктік дін оқыту орны. Ол Қазақстанның барлық 4 епархиясында жұмыс істеу үшін дін қызметкерлерін дайындайды.

«Межъепархиальная высшая духовная семинария» діни бірлестігі 1998 жылы 16 шілдеде құрылды.

Дегенмен, елде қызмет ететін діни бірлестіктер қажетіне қарай, халықаралық келісімшартты негізге ала отырып, жастарды жетекші ислам ЖОО-на оқуға жібере алады.

Сонымен бірге, жоғары білімді елде алған ізденушінің бакалавриатқа басқа теологиялық ЖОО-ға түсіп, білім алуына болады.

Аталған норманы енгізу арқылы екі мәселенің басын ашып алуға мүмкіндік жасалады: біріншіден, отандық діни білім беру мектебі дамиды, екіншіден, халық дәстүріне жат және теріс пиғылды идеялардың елге ену жолдарына тосқауыл қойылады, себебі теріс діни ағымның арбауына ең алдымен шет елге ерте шыққан, әрі діни білімді сол жақтан алған жастар ілінеді.

Діндарлар мен дінге сенбейтіндердің сезімі мен намысына тию

Заң жобасына діндарлардың да, дінге сенбейтіндердің де сезімі мен намысына тиюдің әкімшілік жауапкершілігін қарастырған жаңа норма енгізілді. Ол елдің заңнамасын Халықаралық пакттің атеистік емес және атеистік сенімдерді, сондай-ақ дінге сену немесе қандай да бір дінге немесе нанымға сенбеу құқығын қорғайтын азаматтық және саяси құқықтар туралы 18-бабына сәйкестендіру мақсатында жасалған.

Әлемдік тәжірибеде дін еркіндігі әдетте дін мен сенім таңдау бостандығын және атеистік дүниетанымға еруді қамтиды. Аталған норма абырой мен намысты, діндарлардың діни сезімі мен дінге сенбейтіндердің намысын бірдей қорғайды, яғни барлық азаматтардың олардың қай дінге жататындығына қарамастан құқықтарының теңдігін қамтамасыз етеді.

Діни салт-жораларды толық орындамаған азаматтарға тіл тигізген, оларды «дінсіздікке», «күпірлікке» айыптаған кездер тәжірибеде жиі кездеседі. Бұл діни төзімсіздіктің көрінісі болып табылады.

Адамдардың діни радикалға айналуының бірден бір себебіне азаматтардың дінсіз, діннен безген және діни салт-жораларды орындамаған деген айып алдындағы қорқынышы болып саналады.

Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 2-бөлім 490-бабына толықтыру азаматтарының дінге сену еркіндігіне, соның ішінде қандай да бір дінге жатпау бостандығына кепілдік беретін адам құқығын қорғау жөніндегі халықаралық ұйымдардың тәжірибесіне сәйкес келеді.

Мемлекеттік және бюджеттік ұйым қызметкерлерінің дін саласындағы жүріс-тұрысын реттеу

ҚР Мемлекеттік қызметкерлерінің әдеп кодексінде мемлекеттік қызметкерлердің жүріс-тұрыс ережелеріне бірқатар талаптар қойылған. Бұл барлық мемлекеттерде бар қалыпты тәжірибе. Мемлекеттік қызметке алынатын азаматтар ерікті әрі саналы түрде ант пен белгілі бір шектеулерді қабылдайды. Мысалға, мемлекеттік қызметкерлер, сонымен бірге жетекші лауазымға иелері, өздерінің діни сенімін ұжымға ашық білдіре алмайды, қол астындағы қызметкерлерін қоғамдық және діни берлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне араласуға міндеттеу құқығы жоқ; олар жалпыға бірдей моральдық-әдеп нормаларын әрдайым сақтауға, қоғамға қарсы әрекетке, соның ішінде қоғамда адамның намысы мен қоғамдық құндылыққа тіл тигізетін мас күйде болу жағдайларына жол бермеуге; сыпайылық танытуға, тиісті қызмет түрлерін алу кезінде жеке қызмет бабын білдірмеуге және пайдаланбауға; өзінің тарапынан қоғамдық құндылыққа, тәртіп пен қауіпсіздікке қол сұғумен байланысты заң талаптарын бұзуға, басқа азаматтарды құқыққа және қоғамға қарсы әрекетке баруға мәжбүрлеуге тиіс емес.

Заң жобасында аталған талаптарды ішінара Заң деңгейіне жеткізетін норма ұсынылады. Бұл қызмет бабын діни бірлестіктер мүддесіне пайдалануға, өзге адамдарды діни қызметке араласуға мәжбүрлеуге тыйым салуға байланысты. Себебі теріс пайдалануға қолайлы жағдай туындауы мүмкін. Сонымен бірге мемлекеттік қызметкерге діни бірлестікті құрушы немесе діни бірлестіктің мүшесі болуға тыйым салынған.

«ҚР мемлекеттік қызмет туралы» Заңына тиісті норма енгізу ұсынылады.

(Мемлекеттік қызметкердің қызмет бабын және онымен байланысты мүмкіндіктерді діни бірлестіктердің мүддесіне пайдалануға; өзге адамдарды діни бірлестіктердің қызметіне араласуға мәжбүрлеуге; діни бірлестікті құрушы және діни бірлестіктің қатысушысы (мүшесі) болуға құқығы жоқ).

Сонымен бірге, шектеу сипатындағы нормаларды мемлекеттік бюджет және ҚР Ұлттық Банк бюджетінің қаражатынан қаржыланатын ұйымдардың қызметкерлеріне де тарату ұсынылады. Оларға қызмет бабын діни бірлестіктердің мүддесіне пайдалану мен өзге адамдарды діни бірлестіктердің қызметіне араласуға мәжбүрлеуге жол берілмеу талаптары қойылады.

Бұл бюджеттен жалақы алатын мекеме қызметкері мемлекеттік саясат мүддесіне сәйкес келмейтін әрекеттер жасамауға тиіс болғандықтан, қисынды шешім болып табылады.

(салалық Заңның 3-бабына «мемлекеттік бюджет пен ҚР Ұлттық Банк бюджетінің қаражатынан қаржыланатын ұйымдардың қызметкерлері қызмет бабын және онымен байланысты мүмкіндіктерді діни бірлестіктердің мүддесіне пайдалануға, сонымен бірге өзге адамдарды діни бірлестіктердің қызметіне, діни рәсімдерге және (немесе) дінді оқытуға қатысуға мәжбүрлеуге құқылы емес» деген норма енгізілген).

Осы норманы бұзғаны үшін «...жеке тұлғаларға ескерту немесе 10 АЕК түрінде айыппұл» (ҚР ӘҚБТК 490-бабының 11-бөлігі) әкімшілік жауапкершілігі қарастырылған.

Дегенмен, осы нормалар аталған санаттағы азаматтардың ар-ождан бостандығына құқығын шектемейді. Олар жұмыстан бос уақытта діни рәсімдерге, құдайға құлшылық етуге және басқа іс-шараларға барлығымен бірдей қатыса алады. Бұған қоса, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері сонымен бірге діни бірлестіктердің құрылтайшысы мен мүшесі болуға құқылы.

Діни бірлестіктер қызметін жеңілдететін нормаларды енгізу

Заң жобасы өңірлік діни бірлестіктерге тіркелу талаптарын жеңілдетеді.

Дін саласының қолданыстағы заңына сәйкес өңірлік діни бірлестіктерді мүшелерінің саны кем дегенде 250 адамнан тұратын елдің екі және одан да көп аймақтарында орналасқаны жергілікті діни бірлестіктер ғана құра алады.

Заң жобасы өңірлік діни бірлестікті құру үшін бір облыстың жергілікті бірлестік өкілдерінің жеткілікті болатынын қарастырады.

Аталған түзетулер елдегі діни берлестіктер тарапынан келіп түскен ұсыныстарға байланысты енгізіледі.

Анықтама үшін: қолданыстағы редакция: «өңірлік діни бірлестік деп Қазақстан Республикасының кем дегенде екі облысының, республикалық маңызы бар қалаларының және астанасының атынан өкілдік ететін, әрқайсысы кем дегенде екі жүз елу адамнан тұратын ҚР-ның кем дегенде екі және одан да көп жергілікті діни ұйымдардың қатысушысы (мүшесі) болып табылатын 500 азаматының бастамасымен құрылған діни бірлестік танылады».

Жаңа редакция: «Әрқайсысынан Қазақстан Республикасының кемінде екі жүз елу азаматы бар екі және одан көп жергілікті діни бірлестіктің қатысушылары (мүшелері) болып табылатын, Қазақстан Республикасының кемінде бес жүз азаматының бастамасы бойынша құрылған діни бірлестік өңірлік діни бірлестік деп танылады».

Әкімшілік ықпал шараларын ізгілендіру

Қазір қолданыстағы заңға сәйкес дін саласында құқық бұзылған жағдайда айыппұлдар мен қызметті тоқтату шаралары қарастырылған.

Дін саласындағы құқық бұзушылыққа әкімшілік жаза тағайындауды ізгілендіру мақсатында мемлекеттік-діни қарым-қатынасты жетілдіру аясында балама әкімшілік жаза ретінде ескертуді қолдану ұсынылады.

Жалпы, ескерту қолданылатын баптардың жалпы саны – 9.

Анықтама үшін: ескерту

  • діни жораларды, рәсімдерді және жиындарды өткізудің талаптарын бұзу; қайырымдылық қызметті жүргізу; діни әдебиетті және діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды, діни мақсатта пайдаланылатын заттарды кіргізу, шығару, әзірлеу мен тарату; діни ғимараттарды салу; дінге оқытуды ұйымдастыру;
  • қоғамдық орындарда бетті танып білуге кедергі келтіретін киім бөлшектерін киюге қатысты талаптарды бұзу;
  • өкілетті органның рұқсатынсыз шетелдің діни орталығы тағайындаған адамның діни бірлестікке жетекшілік етуі;
  • балиғат жасқа толмаған балалардың құлшылық етуге, діни рәсімдерге және т.б. қатысуға байланысты талаптарды бұзу;
  • діни ғимараттың, діни бірлестіктердің үй-жайларының ішкі тәртібін сақтау талаптарын бұзу;
  • бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің тарапынан қызмет бабын және онымен байланысты мүмкіндіктерді діни бірлестіктердің мүдделеріне пайдаланбау, сонымен бірге өзге адамдарды діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға мәжбүрлемеу талаптарының бұзылуы;
  • қоғамдық орындарда теріс діни ағымдарға жатуды білдіретін сыртқы белгілерді, киім бөліктерін пайдалану, кию және тарату;
  • қоғамдық, діни бірлестік басшыларының, мүшелерінің немесе діни бірлестіктің осы қоғамдық, діни бірлестік жарғыларының айқындаған мақсат-міндеттер шегінен тыс шығатын әрекеттер жасау;
  • қоғамдық, діни бірлестік басшыларының, мүшелерінің немесе қоғамдық, діни бірлестіктің заң бұзатын әрекеттер жасау үшін қарастырылған.
Шетелдік діни орталықтың діни бірлестік басшысын тағайындау үшін өкілетті органмен келісу

Аталған ереже Қазақстан Республикасы Конституциясының 5-бабы 5-тармағында бекітілген: «Шетелдік діни бірлестіктердің республика аумағындағы қызметі, сондай-ақ шетелдік діни орталықтардың республикадағы діни бірлестіктер басшыларын тағайындауы республиканың тиісті мемлекеттік органдарымен келісу арқылы жүзеге асырылады».

Аталған норма салалық Заңның 19-бабында келесідей редакцияда бекітілген (құқық нормасы 2011 жылдан бастап әрекет етеді): «Уәкілетті органның келісуінсіз шетелдік діни орталық тағайындаған адамның діни бірлестікті басқаруы, сол сияқты діни бірлестік басшысының кәмелетке толмағанның ата-анасының біреуі немесе оның өзге де заңды өкілдері қарсылық білдірген кезде діни бірлестіктің қызметіне кәмелетке толмағандарды тартуға және (немесе) қатыстыруға жол бермейтін шаралар қолданбауы Қазақстан Республикасының азаматтарына – елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Республиканың шегiнен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiбере отырып, елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады».

Рим-Католик шіркеуінің діни бірлестік басшыларын тағайындауға қатысты мәселелер Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 18 қазанындағы № 42-V «Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы өзара қатынастар туралы» Заңында ескерілген.

«Әкімшілік құқықбұзушылықтару туралы» ҚР қолданыстағы Кодексінде шетелдік діни орталықтың өкілетті органның рұқсатынсыз діни бірлестікке басшылық жасау үшін адам тағайындауына жауапкершілік қарастыратын норма дұрыс мазмұндалмаған әрі екі әртүрлі нормаларды біріктірген соң, Министрлік тарапынан оны жетілдіру жұмыстары жасалды.

Сонымен бірге, әкімшілік заңдарды ізгілендіру аясында балама әкімшілік жазалау ретінде аталған норма бойынша ескерту енгізіледі.

Жобада аталған норма келесідей редакцияда мазмұндалған: «Уәкілетті органмен келіспей шетелдік діни орталық тағайындаған адамның діни бірлестікті басқаруы –

Қазақстан Республикасының азаматтарына – ескерту жасауға не елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберіле отырып, елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады».

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін