Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мамандар Нұр-Мүбарак университетінде (ФОТО)

Елімізде жемқорлыққа қарсы күрес қарқынды жүруде. Бұл туралы Нұр-Мүбарак университетіне келген ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департамент өкілі Сайлау Оразұлы мәлімдеді. Оған аталған агенттіктің құрылып, осы мақсатта еңбек етуі, сондай-ақ «ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» атты 2015 жылы 18 қарашада жарық көрген заңы және көптеген іс-шара, бағдарламалар дәлел. Өткен жылы Алматы қаласы бойынша 702 мекемеде 575 мың адамды қамтыған семинар-лекциялар арқылы түсіндіру жұмыстары өткен. Осының барлығын алға тарта келе Сайлау Оразұлы:

«Жемқорлық пен парақорлықты тамырымен жойған Сингапур мемлекеті 1952 жылы бастаған мемлекеттік күрестің нәтижесін 10 жылдан кейін, яғни 1962 жылдары көре бастаған. Сондықтан, осындай әлемдік тәжірибелерге қарап, біздің де бұл қоғамдық кеселмен күресіміз 2025 жылдары өз нәтижесін беріп қалады деген сенімдеміз. Осы мақсатта қазір бонустық арнайы бағдарламаны сынақтан өткізіп жатырмыз. Оның мақсаты, мекемелердегі біліктілікті арттырып, оларға қаржылай үстеме беру арқылы ынталандырып, теріс жолмен елдің қалтасын қағу жағдайына тосқауыл қою»,-деді.

Нұр-Мүбарак университеті ұжымы тарапынан да түрлі сұрақтар қойылды. Себебі бұл білім шаңырағы мұндай әлеуметтік кеселден таза бірден бір мекеме. Университет ғалымдары, ұстаздары да ата дініміз жолындағы шынайы жанашырлар болғандықтан, еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қатысты имандылықты күшейтудің де жоғары нәтиже беретінін тілге тиек етті. Мемлекет тарапынан берілетін бонустық үстемақы жүйесінің қашан жүзеге асатынына қатысты сауалдар қойды. Алматылық жемқорлармен күрескер Сайлау Оразұлы дәл қазіргі уақытта елімізде 4 мекемеде бұл жоба сынақтан өтіп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ 7 ақпан күні қаладағы 202 мектептің 120 мың оқушысын қамтитын «Адал ұрпақ» жобасы бойынша ата-аналар арасында онлайн-семинар өтеді. Осындай іс-шаралар уақыт өте өз нәтижесін береді деген сенімін білдірген Сайлау Оразұлы келесі дәрістерінде жемқорлық пен парақорлыққа қатысты діни тыйымдарды да қарастыруға ниет білдірді. 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін