Еліміздің HALAL өнімдері БАӘ мен Таяу Шығыс нарығына шыға бастады

«KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясы Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өткен «Halal Expo 2017 Dubai» халықаралық азық-түлік көрмесінде қазақстандық өнімдерді таныстырды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі. 

Еліміздің ұлттық павильонында «Рахат» АҚ, «Ленсинск өнімі» ЖШС, «Eurasia Invest LTD» ЖШС, «Golden Food Company» ЖШС, «Абая» ЖШС және «Дисада» ЖШС компанияларының өнімдері ұсынылды.

Көрменің ашылу рәсіміне Дубай қаласы Үкіметінің өкілдері, Қазақстан Республикасының Дубай қаласындағы Бас консулы Мадияр Меңілбеков қатысты.

«Біз Қазақстанда жоғары сапалы азық-түлік ұсына алатын өндірушілердің көбейіп келе жатқанын мақтан тұтамыз. Көрмеде ұсынылған компаниялардың Таяу Шығыс елдері нарығында әлеуеті зор», - деді Меңілбеков.

Ал «Абая» ЖШС ет өнімдері өндірушісінің БАӘ-дегі өкілі Олег Шаповаловтың айтуынша, аталған ЖШС өнімі Біріккен Араб Әмірліктері нарығында өткен жылдан бастап сатылып жатыр.

«Біз бір жылда жергілікті нарықта жұмыс істеп, біраз тәжірибе жинадық. Мәселен, қазір біздің етті жергілікті супермаркеттерден табуға болады. Енді компаниямыз клиенттер базасын ұлғайтып жатыр. Ал осындай көрмеге қатысу бұл үшін үлкен мүмкіндік береді», - деді Шаповалов.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Дубай қаласындағы Бас консулдығының қолдауымен еліміздің компаниялары БАӘ Стандарттау және метрология басқармасының (ESMA) және Өнімдер сапасының сәйкестігін бағалау жөніндегі сарапшылық агенттік (RACS) өкілдерімен кездеспек. Кездесу барысында «Халал» серификаттау мәселелері түсіндіріліп, сертификаттау рәсіміндегі өзгерістер талқыланады.

«Біріккен Араб Әмірліктерінің нарығы қазақстандық өндірушілер үшін өте тиімді. Себебі бұнда сапалы өнімді жоғары бағалайды әрі ол үшін көп ақша төлеуге дайын. Көрмеде компаниялар БАӘ-дегі ғана емес, Таяу Шығыс елдеріндегі ықтимал сатып алушылармен кездесулер өтті», - деді KAZAKH INVEST өкілі Ғазиза Әбдинәбиева.
KAZAKH INVEST мәліметінше, 2017 жылдың 1 жартыжылдығында Қазақстан мен БАӘ арасындағы тауар айналымы 317,3 млн долларды құрап, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 3,1 есеге артты. 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін