Мәдинада қажылық компанияларының қызметі тексерілді

Мәдина шаһарында Бейбіт қажы Мырзагелдиев бастаған Қажылық миссия өкілдері Қазақстан қажылары орналасқан қонақүйлерді аралап, турфирмалардың қызметін тексеріп, жерлестерімізге уағыз-насихат айтып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Өз кезегінде Б.Әліпбекұлы отандастарымызға әуелі миссия жұмысы туралы баяндап, оның құрамымен таныстырып: «Бас мүфтиіміз Алматыда турфирма жетекшілерімен өткен жиналыста: «Берілген уәдеге сай қызмет көрсетілсін!» - деп атап өткен болатын. ҚМДБ төрағасының тапсырмасымен қонақүйлерді аралап, ондағы жағдаймен танысып, фирманың қызметін жіті қадағалап жүрміз. Қажылық миссиясының мақсаты – отандық компания тарапынан азаматтарымызға көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту. Фирмаға, оның мамандары мен қызметіне қатысты айтар пікірлеріңіз, өтініштер мен ескертпелеріңіз болса, біз бұған байланысты шешім қабылдап, шара қолдануға дайынбыз», – деп атап өтті.

Уағыз-насихат тобының жетекшісі Бауыржан Әлиұлы құлшылыққа барынша көңіл бөлуге шақырды.

«Біз мұнда баяғы әдетімізге салып, артық сөйлеп, уақытты босқа өлтіру немесе қыдыру үшін келген жоқпыз. Сондықтан әр сәтті құлшылықпен өткізуге тырысуымыз керек. Таяқ тастам жерде пайғамбар мешіті тұр. Онда оқылған әрбір намаздың сауабы 1000 еселеніп жазылады, ағайын! Бар ынтамызбен Аллаға мінәжат етіп қалайық», – деді Б.Әлиұлы.

Айта кетейік, бүгінде Мекке мен Мәдинада Қазақстан қажыларына 17 турфирма қызмет көрсетуде.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін