НҰРЛАН ЕРМЕКБАЕВ: ДІННІҢ ДҰРЫС ТҮСІНІГІН МЕКТЕПТЕ ҚАЛАУ КЕРЕК

Қоғамда радикалдық діни ағымдардың деструктивті идеяларының таралуы көпшілікті алаңдатады. Олармен қалай күресу керек? Діни ахуал және басқа да мәселелер жөнінде Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевпен әңгімелескен едік.

– Нұрлан Байұзақұлы, еліміздегі діни ахуал өткен жылдармен салыстырғанда қалыпты. Десек те, зайырлы мемлекеттің заң талап­тарын мойындағысы келмей­тіндердің қатары көбейіп ке­ле­­ді деген пікірмен келісе­сіз бе?

– Бұл жерде міндетті түрде басын ашып алатын мәселе бар, ол – діни ахуал ұғымы. Діни ахуалдың тұрақтылығы еліміздегі мемлекеттік-конфес­сиялық қарым-қатынас, конфессиялар арасындағы өзара әрекеттестік, азаматтар­дың ар-ождан бостандығының деңгейі, дін саласын реттейтін қолданыстағы заңнама талап­тарының сақталуы, азаматтар­дың дін саласындағы саясатқа қатынасы мен дін саласындағы ахуалды бағалауы тәрізді көп қатпарлы өлшемдердің нәти­жесінен құралады.

Бұл жағынан алғанда еліміз­дің дін саласында шешімін таппай отырған мәселе жоқ. Мемлекеттік-конфессиялық тұрғыдан дәйекті қатынас орнатылып, азаматтардың діни бостандығы толығынан қамтамасыз етілген.
Өкінішке қарай, дінді бір­жақты түсінетін ради­кал­дық ағымдардың идеяларын ұстану­шылар тарапынан еліміз­де соңғы 5-6 жылда бір­қатар жантүршігерлік оқи­ғалардың орын алғаны мәлім. Десек те, осындай оқи­ғалардың өзі еліміздегі діни ахуалдың тұрақтылығына сызат тү­сіре алмайды. Керісінше, мұндай лаңкестік оқиғалар қоғамда берік орныққан кон­фессияаралық келісім мен ауызбіршіліктің баға жетпес құндылық екеніне көзімізді жеткізе түседі. Сондықтан еліміздегі діни ахуал тұрақты екендігін және діни себептерді бүркеніп, радикалдардың қатысуымен орын алған бірді-екілі оқыс жағ­дайлар оған түбегейлі әсер етпеді деп толық сеніммен айта аламыз.
Әрине, бұл еліміздің дін саласында ешқандай мәселе жоқ дегенді білдірмесе керек… Біздің қоғамымызда радикалдық діни ағымдардың деструктивті идеяларының таралуынан көрініс тауып отырған және көпшілікті алаңдатып отырған мә­селе­лердің бар екені сөзсіз. Мен былтырғы жылы қазан айын­да өткен брифингте салафизм идеологиясын еліміз үшін мүлдем жат әрі теріс діни ағым деп санайтынымыз туралы Үкіметтің ұстанымын білдірдім.

 

Зайырлы заңнамалармен реттелгені жөн

– Салафизм идеологиясы­ның терістігі неде?

– Радикалдық діни ағым­дардың ұстанушылары өз идея­ларын біздің ұлттық мә­де­­ниетімізден, рухани дәс­түр­леріміз бен құн­ды­лықтарымыздан жоғары қоя­ды және діни талаптармен өмір сүретін мемлекетті қоғам­дық құрылыстың «ең дұрыс жүйесі» деп есептейді. Ал мұндай шетін идеялардың біздің мемлекетімізге және сан ғасырлық тарихымыз бен мәдениетімізге қайшы келетіні айтпаса да түсінікті.

– Осы мәселеге байланыс­ты нақты қандай шаралар жүргізілуде?

– Министрлік қазіргі күнде мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, діни сипаттағы радикалдық және экстремистік идеяларға тос­қауыл қою бағытында кешенді жұмыстар жүргізуде және ол ал­дағы уақытта күшейе түсетін болады.

Жалпы, зайырлы мемлекет болып табылатын біздің елімізде қандай да бір ресми немесе міндетті дін жоқ. Керісінше, зайырлы мемлекетте діннің дамуына және азаматтардың діни сенім бостандығына кең мүмкіндіктер беріледі. Бұған алысқа бармай-ақ біздің еліміздің тәжірибесін алсақ та жеткілікті. Осы орайда, біздің елімізде әлеуметтік қатынастар, соның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, отбасы және неке институттары діни нормалармен емес, зайырлы заңнамалармен реттелетіндігін баса айта кеткім келеді. Дін бұл салаларға араласа алмайды және араласпауы тиіс.

Сондай-ақ, теріс діни ағым­­дардың идеяларын ұс­танушылар ортасында, тіп­ті дәстүрлі ханафи мазхабын ұстанушылардың ара­­сында да заңды некеге тұру­ға немқұрайлылық таныту жайттары кездеседі. Бұл дұрыс емес. Еліміздің заңына сәйкес некеге тұру мін­детті түрде мемлекет тарапынан тіркеледі. Бұл – некеге тұрған азаматтардың құқықтары заңды түрде қорғалады деген сөз. Сәйкесінше, некелерін діни жолмен қидырып, оны заңдастырмаған қыздардың, мұндай отбасында дүниеге келген балалардың құқықтарын мемлекет қорғай алмайды.

Жалпы, салафилерге ғана емес, барлық радикалдарға тән бір ерекшелік – олар өздерінің жалпы сауаттарының және зияткерлік деңгейлерінің төмен­дігінен рухани құндылық­тарды емес, керісінше, адам мен қоғамның тұрмыс-тіршілігін, жүріс-тұрысын, киім киісі мен басқа да сыртқы көріністерін реттейтін хадистерді дәл сол күйінде сөзбе-сөз түсінеді және сол талаптарды толықтай орындауға тырысады.

Осындай келеңсіз мәселелер еліміздің дамуының зайырлы қағидатын ілгерілетуге және зайырлы өмір сүру құн­­ды­лықтарын кеңінен насихаттауға бағытталған жұ­мыстарды кү­шей­те түсуді қажет етеді. Мен еліміздің діндар азаматтары, ең біріншіден, өз елінің патриоттары болуы тиіс деп санаймын. Олар жақсы білім алып, адал еңбек етуді, өздерін үнемі жетілдіріп отыруды, заң талаптарын сақтауды басшылыққа алулары керек. Сондықтан зайырлы мемлекеттің заң талаптарын мойындағысы келмейтіндердің қатары көбейіп келе жатыр деген тұжырыммен келіспеймін.

 

Дінді мектеп қабырғасында дұрыс түсіндіру керек

– Олай болса, жастардың діни ағымдарға тез тартылу себебі неде деп ойлайсыз?

– Қоғамның ең көп және белсенді тобы ретінде жас­тардың қандай мәселеге болса да қызығушылықтары жоғары. Бұған қоса, жұ­мыссыздық, құқықтық және діни сауатсыз­дық, жастарға арналған мемле­кеттік бағдарламалардан хабар­сыздығы сияқты әртүрлі факторларды атап өтуге болады.

Жастардың арасында ғылы­ммен, спортпен, өнер түрлерімен терең айна­лы­сып, дінге мүлдем қызық­пайтындары да, өздерін атеист санайтындары да бар еке­нін айта кету керек. Осы орайда, министрлік басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен, діни бірлестіктермен, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, жастар арасында дәстүрлі ұлттық және тарихи құндылықтарды наси­хаттау, зайырлылық қағидат­тарын ілгерілету, дінді радикалды тұрғыдан ұғынудың қаупін түсіндіру және олар­дың бойында теріс діни идео­логияларға қарсы иммунитет қалыптастыру бағытында кешенді түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Атап айтар болсам, 2016 жылы ақпараттық-түсіндіру топтарының күшімен барлық өңірлерде жастармен 9 мыңнан астам тікелей іс-шаралар өткізіліп, онымен 700 мыңнан астам жастар қамтылды.

Министрлік 2016 жылы ҚР Білім және ғылым министр­лігімен, еліміздің жастарының айтарлықтай кең тобын бірік­тіріп отырған «Жас Отан» жастар қанатымен және Қазақ­стан жастары конгресімен бірлесе отырып, жастар арасында түсіндіру және алдын алу жұмыстарын іске асырды. Тұрғындардың пікірі бойын­ша діннің дұрыс түсінігін қалыптастыруды және діни экстремизмнің алдын алуды мектеп қабырғасынан бастау керек. Бұл мақсат 2016 жылғы оқу жылынан бастап жалпы білім беретін орта мектептердің 9-сынып оқушылары үшін енгізілген «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәні шеңберінде іске асырылуда.

 

Жастарға қатысты бес бағыт қолға алынды

– Елордадағы діни ахуалды қалай бағалауға болады?

– Астана қаласы аумағындағы діни ахуал елімізде қалыптасып отырған діни ахуалмен қа­райлас. Қала әкімдігінде Дін істері басқармасы және Дін мәселелерін зерттеу орталығы жұмыс атқарады.

Қазіргі таңда Астана қала­сында 14 конфессияның мүд­де­сін білдіретін 49 діни бір­лестік бар. Атап айтқанда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 8 ме­шіті, Орыс православие өкіл­дерінің 6 шіркеуі, Рим-католик шіркеуінің 4 қауымы, протестанттық бағыттағы 28 бірлестік, 2 иудаистік, бір-бірден Бахаи және Кришнаға тиесілі діни бірлестіктер бар. Қала аумағында тіркелген бар­лық діни бірлестіктермен қарым-қатынас өзара сенімге негізделген диалогтық алаң форматы аясында жүзеге асырылып отыр. Астана қаласының Дін істері басқармасы ақпа­раттық-түсіндіру, ради­кал­дық ағымдардың ұста­нушыларына кеңес беру және оңалту орта­­лықтарының қызметін ұйым­дастыру, ин­тернеттегі деструктивті сайт­тарды анықтау және оларға тосқауыл қою сияқты жұ­мыстарды іске асыруда. Жалпы, бұл бағыттағы жұ­мыстар алдағы уақытта пәрменді түрде жалғаса беретін болады.

– Өзіңіз басқарып отырған жаңа министрліктің құра­мына Білім және ғылым министрлігінің жастар саясаты саласындағы функциялары берілді. Нақты қандай жұмыстар қолға алынды?

– Өздеріңізге белгілі, жылдың басында мемлекеттік жастар саясаты мәселесі жо­ғарғы деңгейде талқыланды. Ми­нистр­лік өз тарапынан бес бағыт бойынша жұмыс жүр­гізуді ұсынды. Олар – ауыл мен қала жастары арасындағы байланысты нығайту, әлеуметтік сатыны дамыту, жас отбасыларды қолдау, жастармен жұмыс істейтін кадр әлеуетін арттыру мен ведомствоаралық үйлестіруді күшейту. Сонымен қатар, естеріңізде болса, өткен жылы жастар форумы өтті. Форумда жастар арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде олардың 60 пайызы қоғамдық-саяси өмірге белсене араласамыз десе, қалғандарының саясатқа қызықпай, азаматтық бастамаларға қатысуға ынталы емес екені белгілі болды. Бұл дегеніміз – жастарымыз өзін қоғамда бөтен санап, жат ұйымдардың жетегіне еріп кетулері мүмкін деген сөз. Сондықтан да біздің негізгі міндетіміз – мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан жобалар мен бағдарламаларға жастарды көптеп тарту.

Қоғамдағы әлеуметтік тұр­ғыдан жағдайы төмен жас­тармен де жұмысты жал­ғастырудамыз. Көп жағдайда бұл категориядағы жастарға арналған жобаларды жүзеге асыру барысында мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыстар жүргізіледі. Ал жетімдер, аз қамтылған отбасынан шыққан балалар мен бас бостандығынан айырылып, еркіндікке шыққан, яғни қиын жағдайларға тап болған жастар жеткілікті әлеу­меттік қолдау шараларымен қамтылмаған. Осыған сәйкес, мемлекеттік органдармен жұмыста әлеуметтік жобаларды жоспарлағанда, жастардың түрлі сатыдағы әлеуметтік тобын кеңінен қамтуды ұсындық. Сондай-ақ, өңірлерде жастардың бос уақытын тиімді демалыс­пен қамтамасыз ету бойынша желілік қарапайым ашық спорт кешендерін, аула клубтарын кеңейту мен шығыны аз нысандарға жастарды жаппай тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

 

Қаржыландыру көлемі ұлғайды

– Мемлекеттің басты стра­­те­гиясының бірі – аза­маттық қоғам құру. Оны қалыптастыруда қоғамдық ұйымдардың орны мен бел­сенділігі қандай?

– Бүгінгі таңда үкіметтік емес ұйымдар азаматтық қоғам құруда мемлекеттің сенімді серіктесі болып отыр. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда Азаматтық форумдар, Әлеуметтік жобалар жәрмеңкелері, бейресми кездесулер, кеңестер сияқты әріптестіктің оң тәжірибелері қалыптасты. Мысалы, ірі диалогтық алаңдардың бірі Азаматтық форум болып табылады. Кезекті VII Азаматтық форум 2016 жылы қараша айында өткізілді. Форумға еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ден астам ҮЕҰ жиналды. Форумның қорытындылары бойынша 2017-2018 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітіліп, іске асырылуда.

Сонымен қатар, үкіметтік емес ұйымдармен өзара әре­кеттесу бойынша министр­ліктің жанында Үйлестіру кеңесі мен Жұмыс тобының, сондай-ақ орталық және жер­гілікті мемлекеттік орган­дардың жанынан құрылған кеңестер аясында серіктестік механизмін жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Мемлекет пен ҮЕҰ өзара іс-қимылының тиімді те­тік­те­рі­нің бі­рі – мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс. Осылайша, өткен жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыруды қаржыландыру көлемі 20%-ға ұлғай­тылды. 2015 жылы 7,1 млрд болса, 2016 жылы 8,9 млрд теңгені құрады.

Қоғамдық ұйымдар аза­маттық қоғамның маңызды институты болғандықтан, ҮЕҰ қаржыландырудың жаңа механизмдері – гранттар мен сыйақылар енгізілді. Гранттық қаржыландыру операторы құрылды. 2016 жылы жалпы көлемі 208 млн теңгені құрайтын 11 жоба жүзеге асты. Биылғы жылы гранттық қаржыландыру көлемі 3 есеге дейін өсті. Осы жылдан бас­тап үкіметтік емес ұйымдарға әлеуметтік мәсе­ле­лерді ше­шуге қосқан үлесі үшін сый­ақылар берілетін болады.

Қоғамдық маңызды мәселе­лер бойынша азаматтық қоғамның пікірін білдіру мақ­сатында тұ­рақ­ты түрде Қоғамдық ке­ңестер қызмет етеді. Қоғам­дық кеңестердің құрамына азаматтық қоғам­ның, ҮЕҰ, саяси партиялар, кәсіподақтардың өкілдері кіреді. Бүгінгі таңда республикада 227 қоғамдық кеңес құрылған, олар қоғамдық маңызды сұрақтар бойынша 450-ден астам қоғамдық тыңдаулар өткізді. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, алдағы уақытта да мемлекет ҮЕҰ-дарға көмек көрсетуін жалғастыра беретін болады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ,

«Астана ақшамы»
© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін