Кеш үйленудің зияны шаш-етектен!

Елімізде бойдақтардың саны артпаса, кемімей отыр. Статистикаға сүйенсек, қазіргі таңда еліміздегі жасы жиырма бестен жоғары бойдақтардың саны үш миллионнан асып кеткен. Үйленбей жүруінің себебін ер-азаматтар былай түсіндіреді:
а) «қазір маған карьера маңыздырақ»;
ә) «үй салып, көлік мініп, жағдайымды жасап алайын»;
б) «нормальный» қыз жоқ;
в) «бойдақтық өмірмен қоштасқым келмейді, рахат, өз билігім өзімде…»
г) «мынадай кризисте қалай үйленем? ақша жоқ…» осы сияқты бітпейтін себептер мен сылтаулар…
Ал уақыт өтіп жатыр, ол сіздің жағдайыңызға, карьераңызға, қызыққа тоймай жүргеніңізге қарап тұрмайды. Сөйтіп, жігіттер өзінің 30-ға қалай келіп қалғанын білмей де қалады. Ал Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Үйленуге мүмкіндігі бола тұрып, үйленбегендер, менің үмметімнен емес», – деген.
Ал үйленбей жүріп алудың немесе кеш үйленудің зияны қандай? Енді осы жайлы.
1. «Үйленіңдер, көбейіңдер, мен қиямет күні үмбетімнің көптігімен мақтанамын» деген Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) қарсы шығамыз деген сөз. Ал Алла елшісіне (с.ғ.с.) қарсы шығу – Аллаға қарсы шығу, Оның бұйрықтарын орындамау деген сөз.
2. Отбасылық бақытты кеш сезінесіз. Достарыңыз, қатарластарыңыз немере сүйіп отырғанда сіз әлі балаларыңызды мектепке, біреуін балабақшаға сүйреп жүресіз.
3. Кеш үйлену – денсаулыққа өте зиян! Ер адам үшін 17-18 жас – толықтай дамыған, ұрпақ жалғастыруға қабілетті, күш-қайратының тасып тұрған кезеңі. Жасыратыны жоқ, ағзасында гормондары ойнап тұрған жігіт табиғи қажеттілігін көшеден іздейтіні анық. Төсекте әр әйелмен бір табысқан еркек 30 жасқа жетпей жатып түрлі жыныстық аурулардан бастап соңы белсіздікке ұшырайды. Ең бастысы – зинақорлық жасау – ең үлкен күнәлардың бірі.
4. Азаматтық неке көбейді. Бұл – еркек пен әйел қаласа тұрады, қаламаса ажырасып кете салатын неке. Ер адамдардың көбісі неке қиып, оны заңдастырып бас қатырмай-ақ осылай үйлене салғанды құп көреді. Ешқандай міндет те жүктелмейді. Ал соңында жетім болып балалар қалады. Мамандар бүгінгі таңда азаматтық некеден (ойнастан) туғандардың заңды некеден (адал, ақ некеден) туылатын балалардың жыл сайынғы санымен пара-пар келетіндігін айтуда.
5. Ажырасатындардың көбі – кеш үйленгендер. Адам жасы ұлғайған сайын талғамы да артып, екінші жартысына қоятын шарттары да көбейе түседі.
Міне, осылайша кеш үйленгендер өзіне де, қоғамға да едәуір зиян келтіреді. Қасиетті Құранда: «Сондай-ақ, Алла өз болмыстарыңнан өздерің үшін жұбайлар жаратты. Сол жұбайларың арқылы сендерге бала-шаға, немере-шөбере сүйгізді және таза әрі пайдалы азықтарды ризық етіп берді…» делінген («Нахыл» сүресі, 72-аят).
Ендеше, Алланың разылығын табу үшін адал жолмен үйленіп, ұрпақ сүйіп, ізгі амалдар жасауға көбірек ұмтылайық!

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін