Дарын Мубаров не айтты? (видео)

Осыдан бірнеше күн бұрын интернет желісінде Дарын Мубаровтың кезекті бейне үндеуі жарық көрді. Жарты сағаттық түсірілімде Дарын Мубаров өзіне тағылған айыптардың біразына жауап бере отырып, айып таққандарды сот органдарымен қорқытуды да ұмытпады. Сөйтіп, бейнеролик Дарынның артынан ерушілердің әлеуметтік парақшаларында лезде тарап үлгерді.

Бұл бейнеролик неліктен отандық сәләфилердің белгілі бір топтарында ғана таралды дейсіз ғой? Себебі олар өзара бірнеше үлкен топтарға, ал ол үлкен топтар өз орнында іштерінен кішкене топтарға бөлініп-бөлініп кеткен. Әр топтың бір-біріне қоятын даулары да, араздықтары да жетіп жатыр. Ал енді, неліктен айыптардың біразына ғана жауап берілді? Себебі, тағылған айыптардың саны өте көп, ал осыншама көп айыптарға олардың ақ-қарасын ажыратып, жауап беріп шығу мүмкін емес.

Дегенмен, Дарынның өзі айтқандай, мүлде үндемей қоя салу да болмады. Ойлана-толғана, мүмкін болған ең дұрыс шешім жасалған сыңайлы: қалай болса да жауап беруге келетін айыптарға жауап беріп, сөз арасында «барлығына жауап беру көп уақытты алады, бірақ осының өзі де ақиқатты көрсетеді» деген сылтау айтылды.

Ақиқатында бұның барлығы – құр қоқай мен даңғойлықтан басқа еш нәрсе емес. Түбінде Дарынның қарсыластарына да, Дарынның өзі мен ізбасарларына да мына бір мәселе айдан анық: ол, яғни Дарын, таяқтың бір шеті өзіне тиіп кетпейтіндей етіп барлық айыптарға жауап бере алмайтындығы былай тұрсын, көпшілікке ашықтан-ашық жария етуге тіпті қауқарсыз. Сондықтан да тікелей жауап қатудан тайып кетудің де, астарлап жауап берудің де, екінші жақтың өкілдерімен кездесуден қашқалақтаудың да себептері осы. Өйткені ол жерде сұрақтар тікелей қойылады да, дәл сондай тікелей жауаптар талап етіледі.  

Анығын айта кетейік, біз «кездесу» дегенде Дарынның өзі айтып отырғандай көшедегі немесе мешіттердегі кездейсоқ кездесулер емес, нақты жоспарланған, бейнетаспаға жазылып, әлеуметтік желілерге таралатын кездесу жайында айтып отырмыз. Бұндай ұсыныстар Дарныға бірнеше рет жасалған болатын, олар жайлы кейінірек тағы да тоқтала кетерміз.

Сонымен қатар, біз Дарынға тағылып, бірақ жауапсыз қалған айыптарды қайта қарап, талқылап шығамыз. Мысал ретінде бір ғана фактіні айта кетейік – өзінің уағыздарының бірінде Дарын «Алла аспанда Өз болмысымен» деп иман келтірмеген адамды, егер оған бұл жайында хабар жеткен бола тұра қабылдамаса, кәпірге шығарған болатын. Олай болса, сәләфилердің бұл хабарлары жетсе де, бірақ ақылға салып, Әхлі сүннет ғалымдарының қарсы пікірлеріне негізделе отырып, оны қабыл алмағаны үшін, Қазақстан мұсылмандарының басым көпшілігі, оның ішінде ҚМДБ тұтастай Дарын мен оның ізбасарларының тәкфиріне кіріп тұр.  

Іс жүзінде мұндай пәтуалардың арты не болатындығын, (мәселен: «осылай түрде кәпірге шығару мұсылмандарың көпшілігін дәстүрлі Исламнан қайтарып, радикалды ағымның жетегіне ілуі мүмкін ба, жоқ па?» деген сұрақтың жауабын) сотта анықтап алса болады. Әрине, егер Дарынның сотқа шағымдануға батылдығы жетсе. Ал Дарынның жоғарыдағы сөздері таспаға жазылған және көпшілікке мәлім. Бұл, біз айтқандай, тек мысал ғана, алайда мақаланың мақсаты Дарынның нені жасырып қойғандығы емес, не айтқандығы және қалай айтқандығы болып тұр.  

Дарын бауырымыздың әдемі сөздері мен «таңдаулы жауаптарына» алданып қалмас үшін, оларды түбегейлі талдауды жөн санадық.

Ерекше назар салатын бірнеше тұстар мыналар:

1. Дарын өзінің ізбасарлары онсыз да білетін нәрсені тек растап қана қойды. Алайда, басқа сәләфилерге қарағанда өзінің бұл тұсын барынша жасырып қалуға тырысты. Сондағы жасырмақ болғаны - қазақ жерінде бірнеше ғасыр бұрын қалыптасып, әлемдегі ең ірі сүннеттік мектептердің бірі болған  ханафи мазхабын ұстанбайтындығы. Әрине бұл қылмыс емес – әр мұсылман қалаған мазхабты ұстануға құқылы, десе де ең дұрысы өзің туып, өскен жеріңде кең таралған мазхабты ұстану болар еді. Ислам ғалымдары да мазхаб таңдау мәселесіне келгенде осындай принципке жүгінуге кеңес береді. Бірақ, тағы да айта кетейік, әр мұсылман жергілікті мазхабқа байланбастан, қалаған мазхабты таңдауға құқылы.

Бірақ, олай болса өтірік «ханафи» болып, ол жайлы елге жар салудың қажеті қанша? Осыдан бұрын айтылған уағыздарында да Дарын бірнеше рет өзін «ханафимін» деп жариялады емес пе? Ал енді басқаша сөйлеп отыр.

Сен елге жария етіп, «ханафи мазхабындамын» деп айтып алып, сыртқа шыққанда сәләфиттерше намаз оқысаң, ертелі ме кеш пе, саған қатысты сұрақтар туындай бастайды, туындап та жатыр. Дарын Мубаровтың сәләфиттерше намаз оқып тұрғанын елдер бірнеше мешіттерде көрген, ал адамдардың оны телефонға түсіріп алғандары жайлы өзі де айтып отыр. Түбінде мұның барлығы Дарынды ханафи мазхабын ұстанбай тек мойындайтындығын айтуға мәжбүрлеп отыр. Олай болса бұл сөздері ақылға қонымды: ұстану мен мойындау бірдей емес. Ханафилердің шафиғи, мәлики не ханбали мазхабтыран мойындаулары оларды шафиғи, мәлики немесе ханбали етіп жібермейді. Дарын да сол секілді – ханафи мазхабын мойынаумен ол ханафи болып шыға келмейді.

 Сәләфиттердің барлығы сүннеттік мазхабтардың барлығын мойындаймыз дейді, алайда іс жүзінде, олардың бір де бірін ұстанбайды. Муштахид ғалымдар былай тұрсын, қарапайым ғалымның деңгейіне жетпей жатып, өз беттерімен Құран мен Сүннетке жүгініп, қай мазхабтың пікірі дұрыс, қайсысы бұрыс екендігін анықтай аламыз деп ойлайды. Бұл дегеніміз - сәләфизмнің негізгі белгісі болған мәзхабты жоққа шығарушылық. Осы мәселеде Дарын мен сәләфиттердің ұстанымдары сәйкес келіп тұр.  Сондықтан Дарынның «мен ханафи мазхабындамын» деп отырған бейнетаспаны ұмытқан жөн – ол өтірік және оны өзі де растап отыр.    

 2. Ханафи мазхабын ұстанбайтындығын мойындауымен Дарын Мубаров матуриди сенімінде емес екендігін, тіпті оның кей тұстарымен келіспейтіндігін де растады. Бұл да оның құқығы, тек бір нәрсені біліп алғаны жөн: ханафи мазхабы өкілдерінің басым бөлігі матуриди сенімінде болған, олардың ішінде біздің ата-бабаларымыз да бар. Орта Азия аумағындағы медреселерде матуриди ақидасынан бөлек басқа ақида насихатталған емес. Бұл ақиданы ұстанғандардың ішінде Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп сынды көптеген қазақ елінің зиялылары да бар еді. Бұған олардың жазып кеткен шығармалары дәлел. Дарын Мубаров пен оның ізбасарлары болса қазақтықты алдыға қойып, керек жерде тіпті домбырамен ән салып жіберіп, өздерін қазақтың жанашыры кейпінде көрсеткілері келгендерімен, дін мәселесінде Саудия сәләфиттері бізден қалай алыс болса, олар да кем алыс емес.   

3. Классикалық сүннет мектептеріндегі ақидамен қай тұстары жараспайтындығын Дарын нақтылап айтпады, дегенмен бұрынғы айтқандары мен осы айтқандарын салыстырғанда түсінікті болатын нәрсе – Алланың Көркем сипаттарында Дарын сәләфи мектебінің  бағытын ұстанады.

Осы соңғы бейнеролигінде Дарын өз пікірін бірнеше рет айтып өтті: ол Алланың аспанда екендігіне иман келтіреді.Бұдан алдыңғы уағыздарында Дарын хабар жетіп тұрса да «Алла аспанда» деп иман келтірмеген адам «кәпір» деген болатын.

Ұлы Абай бабамыз Алла жайында «лә мәкән» деген болатын, яғни «мекені жоқ». Ал біздің замандас сәләфилеріміздің айтуы бойынша: «Лә мәкән» деушілер Алланы аспанда екенін мойындамаса, оларға дәлел келіп тұрса да қабылдамаса, онда олар – кәпірлер екен. Олар Абай атамызды «құжат, дәлел жетпеді» деп ақтауға тырысатын шығар, мүмкін тырыспайтын да шығар... Қайткенмен де бұл мәселеде Дарынның көзқарасы классикалық сүннет мектептеріне қарама-қайшы да, сәләфилік көзқараспен теңбе-тең келеді.      

Ескертпе: «Алла аспанда» дегендердің барлығы сәләфит деген сөз емес. Адамдардың көбі діни сауатсыз болғандықтан олардан «Алла аспанда», немесе «Құдай жүрегімде», тіпті «Алла барлық жерде» деген сөздерді естіп жатамыз. Бұндай сөздердің астарында білімсіздік жатқандықтан адамдар арасында көптеп кездесе береді және дұрыс түсінікті қалыптастыруды талап етеді. Бірақ бұндай сөздерді діни білімі бар, өзгелерді дінге насихаттап жүрген адам айтып жатса, демек, оның сенімінде үлкен ақаулар бар деген сөз.

4. Дарын бауырымыз, сонымен қатар, марқұмдарға Құран оқуға деген көзқарасын білдіріп жатыр. Айтқаны сол баяғы сәләфиттердің әңгімесі: олардың пайымдауынша бұл амалға не Құраннан да, не Сүннеттен де дәлел жоқ. Бұл мәселе бірнеше рет егжей-тегжейлі және жан-жақты талқыланған болатын, сол себепті қайта талқылаудың қажеттілігі шамалы. Тек айтарымыз – ханафи мазхабы мен Әһлі сүннет мектептерінде бұл амал рұқсат етілген, тіпті мұстахап амал болып саналады. Бұған негіз – Пайғамбарымыздың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, сахабалары мен сол Дарын мен артынан ерген сәләфилер мойындаса да, ұстанбайтын мазхаб имамдарының өмірлік тәжірибелері.   

Әрине, бұл да олардың еріктеріндегі мәселе. Біз таңдаған амал – марқұмдарға Құран бағыштау, себебі марқұмдардың тәндері өлі болғанымен, рухтары тірі және олар қабірлерінің маңайында болып жатқандардан хабардар. Бұл жайлы бізге көптеген хадистер жеткен. Кезінде қазақтарда Жұма намазынан соң қабірстанға барып, туған-туыстарына, жақындары мен жалпы мұсылмандарға арнап Құран оқу дәстүрі бар еді. Өкінішке орай, ақсақалдарымыз өмірден өтті, ал сәләфизмнің індеті жастардың миларын уландырып, бұл амал ұмыт қалды.  

Осы тұста біз тағы да Дарынның ұстанымы мен сәләфиттердің ұстанымдарының ұқсастығы мен классикалық сүннет мазхабтарына қарама-қайшылығын алға тартып отырмыз. 

5. Ақырында, бұл жерде біз Дарынның жауаптарының астарын ашып, кей жерлеріне түсіндірме бере кетсек деп отырмыз. 

Әуелі Дарын айтып отырған Рустем Сыздықовпен болған диспут жайлы айта кетейік. Дарынның сөзіне қарасақ, ол Рустем Сыздықовпен кездескісі келмейді екен, себебі Рустем Сыздықов өз-өзін ұстай алмайтын, қарсылас жақтың сөздерін тыңдай алмайтын адам екен. Біз Дарын Мубаровтың Рустем Сыздыков ағамызға берілген мінездемесімен келесе алмаймыз, алайда кездесуден бас тартудың жалғыз себебі осы ғана болса, Дарынмен диспуттарда сабырлығымен көзге түскен басқа да ұстаздар кездесуге дайын тұр. Әрине Дарын бұл жайында білмейді емес. 

Егер Дарын «диспут барысында ақиқатты алмастырып тастайды» деп қорықса, оның жақтаушыларына диспутты бейнетаспаға түсіріп алуға ешкім қарсылық білдірмейді. Егер ол қауіптенген нәрселер орын алып жатса, кез келген уақытта бейнетаспаны жариялап, шындықты аша алады. Ал қарсылас жағы жат қылықтарға барып, мәдениетсіздік танытып жатса, бұл - өздеріне қарсы құжат әрі ол үшін Дарынның жақтаушылары бастарын қатырмай-ақ қойса болады.   

Сонымен қатар, Дарын: «менің намазды қалай оқығанымды телефонға түсірмей-ақ, намаздан соң келіп тікелей сұраса болар еді...» дегендей сөздер атты. Алайда, Дарын бауырымыздың есіне сала кетейік – өзінің тағы бір сөздерінде ол «қай мазхабтасың?» деп сұраған адамға «ханафи мазхабындамын» деп жауап беріп, адам сұрағын қайталаған сайын «ханафимін» дей бергендігін айтт.

Енді біздің сұрақ: өзі бір нәрсені айтып алып, басқа нәрсе жасап жатқан Дарыннан сол ісі жайлы сұраудың қаншалықты пайдасы бар? Біз келесі көріністі байқап отырмыз: Дарыннан «қай мазхабтасың?» десе ол: «ханафимін» дейді де, ал намазын сәләфилерше оқиды. Сәләфише намаз оқығанын бейнеге түсіріп алғаннан соң ғана ол ханафи мазхабында емес екендігін мойындауға мәжбүр болды. Бұндай жағдайда сұрап әуре болғанша үндеместен түсіріп алғаннан басқа не шара қалды дейсіз?  

Дарын баурымызға тағы бір айтарымыз: ол өзін «ханафимін» дей бастаған кезде де оның мазхабсыздықта екендігіне күмәнданғандар аз еді. Бұл тек оның жай ғана сөздері екендігі барлығына айдан анық болған. Дарынның «ханафимін» деуінің мақсаты – өзі мен ізбасарларының ұстанымдарын жасыру. Шындығына келгенде, Дарынның сәләфише намаз оқуы әлгі «зәлім имам» түсірген бейнероликтен емес, араб телеарналары кәсіпқой деңгейде монтаждап шығарған роликтен белгілі болып кеткен. Сондықтан бар кінәні имамнан емес, өзінен іздеуі керек. Бірінші бейнероликте көрсетілген. Ал екінші бейнероликте  Дарын Мубаров ханафи мазхабын ұстанамын деп жатыр  .

Арасында Дарын бауырымыз «қай молдаға қабір басында Құран оқығаның үшін кәпірсің деп айтыптым, көрсетіңдерші» дейді. Ондай молданы біз білмейміз, бірақ матуриди ақидасын ұстанып, Алланы болмысымен аспанда демегені үшін Дарын мен оның ізбасарларының такфиріне кіріп кеткен көптеген имамдарды білеміз. 

Мүмкін Дарынның ойынша ол имамдарға сәләфилер айтып жүрген «Алла аспанда» дегеннің дәлелдері жетпеген шығар? Көңіліне ауыр тисе де айтайық – айтып жүрген хабарлары жетті, бірақ біз оларды Әһлі сүннет уәл Жамағат ғалымдарының дәлелдерімен жоққа шығардық. Осыдан соң ол біздің «кәпір» екенімізді бетімізге айта алады ма, әлде сол айтқан сөздерінен бас тартуға батылдығы жетеді ме? 

Біз өз кезегімізде онымен кездесіп, Аллаға қатысты «лә мәкән» - яғни, Абай атамыз айтқандай, және алғашқы мен, ақырғы буындағы сүннет ұстанушылардың сенімдеріндей иман келтіретіндігімізді дәлелдеп береміз.  

Қорытындылай келе, бір маңызды нәрсені атап өткенді жөн көрдік – Дарын да, оның ізбасарлары да тікелей де жария диспуттан жалтарып келеді, айтатын сылтаулары – біз сөз таластырып, фитнә таратқымыз келмейді. Сонысымен қоймай, олар ұстаздар сияқты білімдері жоқ журналистермен діни тақырыптарда емін-еркін әңгіме өрбіту арқылы ептеп-септеп қоғамға өздерінің идеяларын енгізіп, соңғы видеодағыдай қарсыластарына алыстан ғана жауап беріп қойып отыра береді. Әрине бұл әрекеттері де қызу талқылау тудырып, қоғамда фитнә шығарып жатады, бірақ тоқтап жатқан олар жоқ. Бәлкім, мәселенің барлығы фитнәда емес болса ше? Өйткені имамдармен шын диспут болатын болса алдыларына нақты дәлел-дәйектер қойылады, ал оларды айналып өту мүмкін болмай қалады. Ақиқатында сәләфилердің Аллаға қатысты ұстанымдарын қолдамайтын мұсылмандарды «кәпірге» шығарғаннан асқан фитнә бар ма?

Дарын мен оның ізбасарлары кезекті видео жауаптың орнына бізбен кездесіп, адал диспутта не алдыңғы айтқан сөздерінен қайтады, немесе қателіктерін мойындайды деген үміттеміз. Күмәндары болса кездесуді камераға жазып алуға да рұқсат береміз. Тіпті болмай жатқан жағдайда әркім өз пікірінде қалсын, бірақ бұдан былай «Дарын ұстанымын жасырып жүр» деп ешкім айта алмайтын болады, себебі Дарынның «ханафит» болып ұзақ жүре алмағаны сияқты, ақиқатты да ұзақ жасырып жүру мүмкін емес. Ақиқатында Алла - құпияларды ашушы, ал оған дәлел – Дарынның осы соңғы видеосы.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін