Ақтөбелік актриса бір түннің ішінде басқа ағымға кіріп кеткен...

Қазақ өнерінде қойылымдарымен танылып, елдің қошеметіне бөленіп жүрген театр актрисасы Гүлсім Қаратаева Ақтөбедегі жастарды құрбан қылған лаңкестік жағдайға жүрегі қан жылайтынын айтты.  «Лаңкестердің көзін құрттық деп қуанып жатқанда мен қуана алмадым. Өзегімді оттай өртеген өксік көзімнен көл болып төгілді. Олардың бірі әкесіз өссе, енді бірі анасының қайда кеткенін білмеген. Олар жоқшылықтан жүйкесі тозып, жаратқанына жүгініп жәрдем сұраған жаралы жандар. Бірақ, айрандай ұйыған елімізге іріткі салушылардың жетегінде кеткендерін байқамай да қалған болу керек. Саналарына себілген удың бойларына тарап, жүректерін тасқа айналдырып жібергенін де сезбеген шығар»,-дейді Гүлсім Қаратаева.  Ол уланған жастардың санасындағы сезімді өзінің де басынан өткергенін айтып берді.  «Бұл өзімнің басымнан өткен жағдай, бір күнде миым астан-кестең болды. Кешкілік үйде ұйқым келмеген соң бір кітапты алдым. Авторы есімде жоқ, түрік авторлары болу керек, мұқабасы ақ, орыс тіліндегі кітап. Бір кеште, таң атқанша оқып шықтым. Миым 180 градусқа өзгеріп кетті. Ертеңіне көшіп кететіндей такси ұстап, жанталасып мешітке бардым. Кітап сатып алуды әдетке айналдырдым. Мешіттен шығып, жанындағы дүкеннен күнде кітап аламын. Әкелген бойда оқып тастаймын. Таңертең алғанымды түске дейін оқып, қайта барып аламын. Ол кітаптар тұңғиыққа тарта береді. Басында ол білінбейді, кіргеннен кейін сора береді, батпаққа батыра береді», - дейді ол.  Сана сезімін улаған ой отбасына да әсер еткен. Әртіс түбегейлі имиджін өзгерткен.  «Мына жер харам, намаз оқымайтын, киінбей жүретін адамға кәпір деп қарау сезімдерінің барлығы менде болды. Кітаптарда бұл өмірде кім жұпыны киінеді сол ана жақта киімнің асылын киеді деген. Бұрын үйімді әсемдеп, түрлі дизайнға мән беріп, өзгертетін едім. Кітап оқып алғаннан кейін үйдің үшін қалай жұпыны қыламын деп ойлайтын болдым. Үйдегі балаларымның теледидар қарағанына қарсы бола бастадым. Оны лақтырып тастауға дейін бардым. Орамал тарта бастадым, киімдерім өзгерді. Шкаф ішіне басқа киімдер келді»,- дейді Гүлсім Қаратаева.  Ол театрдағы әріптестеріне шайтандай қарағанын да жасырған жоқ. «Жұмысқа келгенде әріптестеріме шайтан сияқты қарайтын болдым. Жан жағың харам, айналаң арам адамдар. Балаң, сен анасың, бауырсың, қазақсың, ұлтсың деген сезімді жоғалтып жібереді екен. Олар балаңмен де қорғана алмайсың дейді. 2006 жылдарда сақалы бар адамдар сирек жүретін. Мен сол кезде балақтың шаң тимес үшін қысқа болу керектігін, әрбір сақалда періште отыратынын оқыдым. Мен дінге тіл тигізгім келмейді»,- дейді ол барлық қауіптің діни әдебиеттерде екенін ескертіп. «Кітаптар фанатизмге жетелейді. Олар әдебиеттер арқылы сана сезімді улап алып, бірден басқа арнаға бұрып жібереді. Мен азан шақыруды естіген бойда көшеде келе жатсам да сол жерде отыра қалып, еш қысылмай маңдайымды жерге тигізуге дайын болдым. Яғни мен басқа қадамға да баруым мүмкін деген сөз. Олар алдымен ішкі діңгекті нығайтады. Адам өзінің құрбан болып жатқанын байқамай қалады. Сондықтан жастарды солардан құтқаруымыз керек. Біз періште емеспіз, пендеміз. Адамдар дінге рухани тірек іздеп барады. Рухани ізденістегі адамға кім бірінші кезігеді, соның жетегінде кетеді»,-дейді санасына уланған жастар ойлағанда жүрегінің қан жылайтынын айтқан әртіс. Әртіс уланған санасын уақыттың өзгерткенін де айтып берді. «Менде де полиция қызметкерлеріне деген басқа көзқарас болды. Олар жаналғыштар сияқты болып көрінетін. Кітапта болжамдар жасаған ақырзаман болатын кезде қолдарына таяқ сияқты қару ұстаған адамдар болады. Олар онымен адамдарға қорлық көрсетеді деген. Маған ол жазбадағы адамдар көзіме полиция қызметкерлері болып елестеді. Жеккөрініш болды. Кейін аяғым ауыр болды, денсаулығым келмеді, кітап оқу да қалып қойды. Жайлап жан жағымжағы адамдарды жақсы көре бастадым. Мен ақ-қарасын әлі күнге дейін айыра алмаймын. Анау дұрыс, мынау бұрыс дегеннен қорқамын. Кейде осы қоғам шынымен де дұрыс емес шығар деп ойлаймын. Ислам дінінің көркем жақтарын көбірек насихаттауымыз керек»,- театр актрисасы Гүлсім Қаратаева.  baq.kz
© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін