АУЫЛ ИМАМЫ АЮДЫҢ ҚОНЖЫҒЫН АСЫРАП ОТЫР (ФОТО)

Өскеменнің Семейге қарай шығатын күрежолының бойында Герасимовка деген ауыл бар. Төлеген Тоқтаров ауылдық округіне енетін осы ауылдың тұрғыны Равшан Зүлфиев осыдан үш апта бұрын аюдың қон­жығын тауып алған деп жазады egemen.kz тілшісі.

Ол Опытное поле елді мекенінің аума­ғында соңынан ілесіп келе жатқан бөгде адамдардың көліктерімен әлде­бір аңды қуалап, «қызыққа» батып, өзара даурығысып жүргендіктерін бай­қайды. Бажайлап қараса, көлікпен қақ­пайлағаны қонжық екен. Анасына не болғаны белгісіз. Қонжық – жалғыз.

«Егер кішкентай маймақтың анасы қасында болса, бұл «батырлар» не істер еді?» деген ой билеген Равшан тез арада бейбастақ әрекетке тоқтау айтып, қонжықты арашалап үйіне алып келеді. Келіншегі даланың қорғансыз қалған хайуанына қарсы болмайды. Ал сегіз жасар ұлы Жәнібектің қуанышында шек жоқ еді.

Сүп-сүйкімді маймақпен ілезде достасқан бала интернеттен аюдың баласын бағып-қағу жолдарын іздейді. Равшан ауыл имамы екен. Міне, содан бері имамның үйі ауылдағы ең танымал шаңыраққа айналды. Алғашқыда ауылдастары ағылса, қазір іргедегі облыс орталығынан да қонжықты қызықтаушылардың аяғы басылар емес.

Қарақұмық, балық, сүт, бұқтырылған бидай беріп асыраған кішкентай аюдың салмағы алғаш кел­генде 7,5 кило тартса, қа­зір 18 килоға жетті. Қон­жық­тың тамсанып жейтін тәттісі – бал.

Бала Жәнібекпен бірге күн­делікті өзенге барып шомылатын қонжық табиғат аясында да адамн­ың қасынан екі елі қалмайды екен. Адамға үйренген қонжықтың өс­кен кезінде табиғи ортада әлде­кімге жем болуы ықтимал екенін айтқан Зүлфиевтер оны хайуанаттар бағына тапсырмақ ниетте. Табиғат қорғау прокуратурасы қыз­меткерлерінің кеңесі бойынша, Равшан қонжықты Шемонайха ауда­нының Камышинское ауылын­дағы хайуанаттар бағына өткізбек.

"Қонжыққа әбден бауыр басып қалыппыз. Көңіліміз қимайды. Әсіресе, баламның жібергісі жоқ. Отбасымыздың бір мүшесіне айналған қонжығымыз үшін енді хайуанаттар бағына тұрақты барып, жағдайын біліп тұратын боламыз", -  дейді ол. 

nur.kz 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін