Қарағанды облысының бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлының Ақтөбеде орын алған лаңкестік оқиғаға байланысты мәлімдемесі

ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша өкілі Өмірзақ қажы Қазкенұлының Ақтөбе қаласында орын алған лаңкестік оқиғаға байланысты

МӘЛІМДЕМЕСІ

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Ақтөбеде маусымның  5-і күні жазықсыз жандардың өлімімен аяқталған қанды оқиға күллі қазақ жұртының қабырғасын қайыстырды. Орын алған бұл оқиғаға дін атын жалған жамылған радикалдардың қатысы бар деп айтылуда.  

Ислам – бейбітшілік  пен татулықтың діні. Дінімізде ешқашан жазықсыз қан төгуге рұқсат етпейді. Қасиетті Құрани  Кәрімде: «Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен және кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса), барлық адамды тірілткенмен тең» деген. («Маида» сүресі, 32-аят)

Кезекті рет дін атын жамылған лаңкестер өздерін «дін қорғаушылары» деп атағанымен, шынайы ислам құндылықтарынан мүлдем ада.

Бейбіт өмір сүріп жатқан халықты өздерінің лаңкестік әрекеттерімен қорқытып, елдегі тыныштық пен келісімді бұзу – олардың негізгі мақсаты. Сондықтан біз ашық аспан астында өмір сүріп жатқан еліміздің тыныштығын сақтап, ел ішіне іріткі салуды көздеген мұндай лаңкестік топтар мен тұлғалардың, діни радикалдардың қандай да бір арандатушылық әрекеттеріне алданып қалмай, халқымызды сабырлылық пен ұстамдылыққа шақырағанымыз жөн.

Қайтыс болған жандардың жақындары мен отбасыларының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін