Қарағандылық қари қыз жүлделі орынға ие болды

Алматы қаласында 5-6 мамыр күндері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Нұр-Мүбарак» университетінде Құранды жатқа оқудан қыздар арасында тұңғыш рет республикалық жарыс өткен болатын. Сайысқа республиканың әр аймағынан іріктелген 160-тан аса үміткер қатысты. Жарысқа қатысушылардың Құранды жаттауы, Құран оқу ережелерін сақтауы, аяттардың тәпсірін меңгеруі, сүрелердің аудармасын білуі сынды қабілеттерін қазылар алқасы жан-жақты саралап, әділ бағасын берді. Жарысқа қатысқан қари қыздардың арасында қарағандылық Карсембаева Жадыра Асылтайқызы да өз бағын сынады. «Нұр-Мүбарак» университетінде дінтану мамандығы бойынша білім алып жатқан Жадыра Асылтайқызы Қасиетті Құраннан 30-шы «Амма» парасы бойынша сайысқа түсіп, жүлделі 2 орынды иеленді. Айта кету керек, қарағандылық қари қыз жарысқа қатыспастан бұрын Египет Араб Республикасының әл-Әзһар университетінің докторы әс-Сәид Абдулмәжид әс-Сәид Мұхаммедтен Құран Кәрімді Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (ﷺ) Хафс ибн Сулейман риуаяты бойынша жеткен қырағатпен оқу және 30-шы "Амма" парасын жатқа айтудан иджаза (рұқсат) алған.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін