Аналарға арнап ас берілді

Қарағанды облыстық орталық мешіті ақ жаулықты апалар мен аналарымызға, аруларымызға құрмет көрсетіп, дастархан жайды. Мешіттің асханасында 150-ге жуық жанға ас берілді. Оның ішінде көп балалы, отбасылық жағдайы төмен аналар, мешітке үнемі келіп, іс-шараларға ат салысып жүретін шәкірттер бар. «Жәннат – ананың табанының астында» деп аталатын осынау кеш Бас мүфти Ержан қажы Малғажұлының тапсырмасы аясында қолға алынды. Рухани отырыста ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы сөз алып, әйел затына құрмет көрсету ең маңыздылардан екенін айта келе, ислам тарихындағы анаға деген ізгілік жайында тоқталып өтті. Сонымен қатар, өкіл имам мұндай дін мен дәстүр ұштасқан діни һәм рухани шаралардың көптеп ұйымдастырылуы келешек ұрпақтың болашағын жарқын ете түсетінін айтты. Кеште ортаға ас қойылып, дәстүрлі әншілер жырдан шашу шашты. Тағылымы мол уағыздар мен бейнероликтер де осы кеште орнын тапты.  «Жастар ісі» бөлімі мен «Зекет» қорының ұйытқы болуымен өткен осы сынды іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады. Осы істің басы қасында жүрген Қарағанды облыстық орталық мешітінің найб имамы Нұржігіт Оразалыұлы келешекте тек ерлерге ғана емес, ертеңгі ана, аяулы жар болар қыздарымызға да жіті көңіл бөлініп, белсене жұмыс жасауға аса көңіл бөлу жолға қойылуда деді.    
© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін