Мерейі үстем – Мәуліт

Әлем мұсылмандарының халықтық мерекесіне айналған, қуаныш пен шаттық күні болған «Мәуліт» мерекесі Шет ауданында ерекше насихатталып жатыр. «Жанқұтты би» мешітінің бас имамы Маханбетчин Берік қажы Алпысбайұлының қолға алуымен шарапаты мол «Мәуліт» мерекесі құрметіне мешіт атынан жылқы малы сойылып, жамағатқа ас беріліп, әруақтарға Құран бағышталды. Бүгін мешітте айтулы мейрамның аясында таңға дейін Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) туралы көп уағыздар айтылып, өсиеттері тереңірек түсіндірілді. Берік қажы Алпысбайұлы сағыныш иесін жүрек үнімен еске алып, жамағатқа адамдар арасындағы рақым-мейірімді, имандылықты, бауырмалдықты арттыра түсетін өнегелі уағыз айтты. Бас имам: «Мәуліт айында Алланы мадақтап, пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) салауат айтып, өзгелерге жақсылық жасаудың сауабы теңдессіз. Құран оқып, Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірі мен өнегесі жайлы кітап оқудың да мұсылманға берері мол» деп, жамағатқа ой салды. Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әміріне мойынсұнып, тыйымынан тыйылуға түрткі болатын хадистер көптеп келтірілді. Екі дүниенің сардары, есімі күллі әлем мұсылмандары үшін ерекше, ардақты пайғамбар Мұхаммед Мұстафаның (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) құрметіне Қырғызстан елінде ілім алып келген өңір тұрғыны Хантурин Елдос арапша «Мәуліт» оқыды. Жамағатпен бірге Алла елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) салауат айтылды. Жас талантқа бас имам ізгі тілегін жеткізіп, бата берді. Мешіт имамдары таңға дейін кезектесе «мәуліт» деген сөздің мағынасынан бастап, бұл мерекенің тарихы және Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қысқаша өмірбаяны мен көркем мінезі туралы мол насихат айтты. Іс-шара соңында мәуліт дұғасы жасалып, жиналған жамағатты ауызбіршілік пен ынтымаққа шақырып, еліміз бен жерімізге бақ-береке, бейбіт те мамыражай тіршілік тілеп, қария аталар дұға жасады. Жиналған көпшілік осындай игі шараға мұрындық болған мешіт қызметкерлеріне алғыстарын жеткізді.

«Жанқұтты би» мешітінің баспасөз қызметі

[gallery link="file" ids="21851,21852,21853,21854,21855,21856,21857,21858,21859,21860,21861"]
© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін