БАС МҮФТИ: МӘУЛІТ МЕРЕКЕСІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Қадірменді бауырлар!

Күллі мұсылман қауымы адамзаттың абзалы болған, екі дүниенің сардары пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туған айы – мәуліт мерекесін тәлім мен тәрбиеге толы рухани басқосуларда атап өтуде. Мешіттерімізде Аллаға мадақ, пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтылып, Тәуелсіз еліміздің рухани тұтастығы мен халықтар бірлігі үшін дұға жасалуда. Жер-жерде сауапты да, салауатты іс-шара – мәуліт кешін ұйымдастыру жалғасын тауып келеді.

Мәуліт арабша «туылу», «туылған уақыты» деген мағыналарды білдіреді. Адамзаттың асылы, пайғамбарлардың ардақтысы Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туған уақытына байланысты тойланатын мейрам мәуліт мерекесі деп аталады. Қиямет күнгі шапағатшымыз, ұлы ұстазымыз, жолбасшымыз Пайғамбардың (с.ғ.с.) туған күнін атап өту – құптарлық жақсы амал.

Мұсылмандардың өміріндегі басты идеал болуы тиіс пайғамбардың (с.ғ.с.) өнегелі өмірі мен өсиетін, тығылымы толассыз ғибратты ғұмырын халқымызға насихаттау – баршаға ортақ игі іс. Бұл дінімізді насихаттаудың, жас ұрпақты имандылыққа, жақсы мінез-құлыққа шақырудың орайлы бір сәті.

Әлемдердің Раббысы қасиетті Құранда пайғамбарымызды (с.ғ.с.): «Шын мәнінде сен әлбетте ұлы мінезге иесің» (Қалам сүресі, 4-аят), – деп сипаттаса, тағы бір аятта барша адамзатты Алла Елшісінен (с.ғ.с.) өнеге алуға шақырады: «Расында сендер үшін, Алланы да ақырет күнін де үміт еткендер және Алланы көп еске алған кісілер үшін Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар» (Ахзаб сүресі, 21-аят).

Олай болса, бүкіл ғаламға мейірім ретінде жіберілген Елшінің (с.ғ.с.) есімін ардақтау, сүннетіне амал ету – сауапты іс. Ақиқатында, Алла Елшісі (с.ғ.с.) жаны жай тапқанша үмметіне деген үгітін еш үзбеді, көңілдердегі кірді, қайғы-қасіретті кетірді, әлсізді демеді, шектен асқанды сабасына түсірді, күллі адамзаттың рухани әлемін дүр сілкіндірді, зұлымдық пен надандықтың қараңғылығын сейілтті, ізіне ерген ізгілерді жақсылыққа жұмылдырып, жарқын болашаққа бастады. Үмметіне, яғни Сіз бен бізге пәни дүниеде бағдаршымыз болатын Алланың кәләмі Құран кәрім мен Өзінің (с.ғ.с.) жан адам адаспайтын сара жолы – сүннетін қалдырды. Оны (с.ғ.с.) досымен қатар дұшпаны да мойындады.

Ардақты ағайын!

Шарапаты мол мәуліт мерекесі біздің халқымызға да құтты болсын. Осынау айтулы мейрамның аясында Алла Елшісін (с.ғ.с.) көбірек танып, өсиеттерін тереңірек түсінуді  нәсіп етсін. Осы мереке адамдар арасындағы рақым-мейірімнің, имандылықтың, бауырмалдықтың арта түсуіне бір сеп болғай. Пайғамбардың (с.ғ.с.) әміріне мойынсұнып, тыйымынан тыйылуға түрткі болғай.

Мәуліт айында Алланы мадақтап, пайғамбарға (с.ғ.с.) салауат айтып, өзгелерге жақсылық жасаудың сауабы теңдессіз. Құран оқып, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өмірі мен өнегесі жайлы кітап оқудың да мұсылманға берері мол.

Алла Тағала елімізге, жерімізге берекетін жаудырып, халқымыздың кең пейілі мен ізгі ниетіне сай, бірлігімізге сызат түсірмей, жақсылығын нәсіп еткей! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, мемлекетіміздің мерейі үстем, еліміздің егемендігі баянды болғай!

Жаратушы Иеміз баршамызды жақсылықта, сауапты істерде, ел игілігі жолындағы жұмыстарда, берекелі басқосуларда жолықтырғай! Екі дүниеде де жүзіміз жарқын, мұратымыз асыл, дұғамыз қабыл болғай!

muftyat.kz

 
© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін