ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкілдігі қасиетті Рамазан айының сегізінші күні Қазақстандағы бауырлас Түркия елінің елшлігімен бірлесіп облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің үлкен асханасында 300 адамға ауызашар дастарханын жайды. Дастархан басына ораза тұтып жүрген қарапайым жамағатпен қоса арнайы шақырылған зағиптер қоғамы мүшелері, қаламызға танымал қадірлі аталар мен апалар, және зиялы қауым өкілдері қамтылды. Ауызашар-мерекелік дастарханның үстінде әрбір адам басына бауырлас Түрік ағайындарымыз сыйға тартқан қасиетті Құран Кәрім кітабы қойылыпты.
Өкіл имам Жолдас Қоспақұлы ауызашарға жиналған қауымға қасиетті Рамазан айының берекесін тілей келе еліміздегі Түрік елшілігінің дін істері жөніндегі кеңесшісі Галип Акын мырза бастатқан елшілік қызметкерлеріне бауырластық ықыласы, ниет-пейілі үшін алғыс айтты.
Келесі кезекте Галип Акын мырза да өз ыстық лебізін білдірді.
Қасиетті Құран аяттары оқылып, ел-жұртымызға бейбітшілік, тыныштық, амандық-саулық, Рамазан айының берекесін тілеген бата-дұғаларға ұласып, өнерпаз жігіттер дәстүрлі Жарапазанның да бірнеше нұсқасы әртүрлі әуендермен орындап, үлкен-кіші қауымның жадын жаңғыртты. Жас ақындар иләһи өлеңдер оқыды.
Шат-шадыман көңіл қошына бөленген жамағат үйлеріне дастархан басынан бір-бір Құран кітабын құшақтап қайтты.
Пікірлер