Кіріспе сөзді сабақтаған Қарлығаш Талқанбаева «Исламдағы бала тәрбиесі» жөнінде жиылғандарға мол мағлұмат беріп, бала – ата-ананың қолындағы аманат екендігін атап өтті: «Ұрпақ тәрбиесі ата-ана мен қоғамның басты парызы дейтін болсақ, әр азаматтың сауапты дүние тіршілігі мен өмірден өз орнын табуына мешіт-медреселердің, діни оқу орындарының қосар үлесі аз емес. Әрине, бала тәрбиесі отбасынан бастау алады десек те, дәстүрлі діни білім беруге негізделген әдіс-тәсілмен берілетін тәлім-тәрбие ісі сауат ашу курстарынан басталып, жан-жақты рухани өрісін табады. Әсіресе, балабақшадағы тәрбие, мектептегі тәлім балаға ерекше әсер етіп, оның бойына өмір бойы сүйегіне сіңісті із қалдырады. Өйткені, жас ұрпақтың жан-жақты қалыптасу негізі – осындай рухани, дүниауи тәрбиеден бастау алады. Отбасындағы ислами тәрбие – діни білім берудің алғашқы сатысы» - деді ол. Бұдан соң шәкірттер тақырып бойынша пікір алмасуға көшіп, келелі кеңесте өз ойларын ортаға салды. Айтылған пікірлер бала тәрбиесінің сан салалы қырын қамтыды: ата-ананың бала алдындағы парызынан басталып, баланың ата-ана алдындағы борышы қандай, жан-жақты дәйектер келтірілді.
Қарақат есімді шәкірт: «Тәрбиеде маңызды болған нәрселер» тақырыбында баяндай келе: «Баланың жан дүниесін рухани пәктікке тәрбиелеген абзал. Оқтын – оқтын жаман іске үйір болып әдеттенсе, кемшілігін айтып ұялтып, түсіндіру қажет. Әкесі өзінің баласына сабыр, шыдамды, айбаттылығын өнеге еткені абзал. Балаға Алла Тағаланы, Оның пайғамбарларын, харамдарды, намаз оқуды, Құран Кәрімді оқуды үйретпеген әке баласының дүниесін де, ақыретін де күйдірген болады. Бала күнә істеген сайын әке-шешесіне де күнә жазылады. Егер бала ғибадат етсе, әрбір жасаған ғибадаты әке-шешесіне де сауап болып жазылады» -деген ойын жеткізді.
Келесі кезекте тағылымдық бейне роликтер көрсетіліп, білікті мамандар мен ислам ғұламаларының тұжырымдары тыңдалды.
Жиынның қорытындысында сұрақ-жауап өткізіліп, дөңгелек үстел жұмысы тұжырымдалып, белсене қатысқан шәкірттерге сыйлықтар табысталды.
«Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің баспасөз қызметі
Пікірлер