Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы 28 маусым – баспасөз күні мерекесі қарсаңында Алматы қаласында журналистермен кездесіп, ауызашар берді.
Ауызашарға «31» телеарнасының тілші-редакторы Жарас Ниязбек, «КТК» телеарнасының тілшісі Ербол Тұрымбет, «Алматы» арнасы «Алматы апталығы» бағдарламасының редакторы Үмбеталі Меймеш, «nur.kz» ақпараттық порталының редакторы Жанар Жансейіт, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының редакторы Алмат Әбдіраман, «Евразия» арнасының тілшісі Ұлан Тәліпбай, «Астана» арнасының жетекші әрі атқарушы продюсері Ришат Асқарбекұлы, «Мир» арнасының үйлестірушісі Гүлнар Байәділқызы, т.б. журналистер қатысты.
Қасиетті Рамазан айы қарсаңында Бас мүфти журналистер қауымына ұлық мейрамның мән-маңызы жайлы түсіндіріп, шығармашылық табыстар тілеп, сый-сияпат көрсетті.
Бас мүфти кездесуде қоғамдағы баспасөздің рөлі мен маңызына тоқталып, журналистердің Діни басқарманың қазіргі уақытта атқарып жатқан жұмыстары және алдағы жоспарлары жайлы сұрақтарына тұщымды жауап берді.
«Дініміз бен дәстүріміздің өсіп өркендеуі жолында ақпараттық қолдау көрсетіп келесіздер. Сіздердің тараптарыңыздан болып жатқан ақпараттық қолдауға үлкен алғыс айтамын. Жылағанның мұңына ортақтасатын ең бірінші дін қызметкерлері мен журналистер. Сондықтан, бізді біріктіретін мақсаттар көп. Бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы. Шығармашылық иелері қоғамды жақсылыққа шақырып, ізгілікке үндесе иманды қоғам құрылады», – деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.
ҚМДБ баспсөз қызметі
Пікірлер