Тарауық намазынан кейін мешітте Құран хатым түсірген қари Бекжан Амангелдіұлына жергілікті кәсіпкер, жомарт азамат Ержанов Бақытжан «МАЗДА СХ-7» маркалы темір тұлпар мінгізді.
"Қазақ халқы қонағына, батырына, ақынына, қариясына, қариына сый көрсетіп иығына шапан жауып, астына ат мінгізген. Бүгін мен де осы дәстүрімізге сай, бас имамның ұсынысын қабыл алып, Бекжан бауырыма темір тұлпар сыйлап отырмын. Бұл мен үшін де қуаныш",- деді кәсіпкер Бақытжан Олжабайұлы.
"Бекжан қари жуырда Түркиядан "ижаза" алып, олжалы оралды. Мұндай қарилар елімізде саусақпен санарлық. Алдағы уақытта Ақтөбеде қалып, қари дайындамақ ниеті бар. Елге келгеннен кейін жаяу жүрмесін деп Бақытжан Олжабайұлына ұсыныс айтып едік. Қариға көрсеткен құрмет - Құранға көрсеткен құрмет деп білеміз. Бақытжан Олжабайұлы ағамызға Алла разы болсын, кәсібіне береке бергей. Бұл басқа азаматтарға үлгі болатын іс болды", - деді өкіл имам Төлеби Оспан.
Имам кәсіпкерді мешіт атынан алғыс хатпен марапаттады. Естеріңізге сала кетейік, Ержанов Бақытжан бұған дейін "Нұр Ғасыр" мешітіне кондиционер орнатып және "Нұр Мүбәрак" университетінің ақылы бөлімінде оқитын студенттің оқу ақысын төлеп берген болатын. Алла Тағала Бақытжан Олжабайұлының кәсібіне береке беріп, отбасына амандық берсін деп тілейміз.
Пікірлер