Тілдік нұсқа
Радио
СЕРІКБАЙ ҚАЖЫ ОРАЗ
1975 жылы  12-сәуірде дүниеге келген.  Білімі: 1990-1992 жылдары Ташкент қаласында қарилар дайындайтын медресені тамамдаған. 1992-1994 жылдары Мысырдағы Аль-Азһар университетінде оқыған.1995-1996 жылдары Исламабадтағы Әлемдік университетінде білім көтерген. Алматы мемлекеттік Абай атындағы университетінде заң факультетін сырттай бітірген. 2012-2014 жылдары М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық ...
Алматы: Өкіл имам баспасөз мәслихатын өткізді
03 мамыр, 2019 жыл 114 Басып шығару нұсқасы

Бүгін, Алматы қаласы бойынша өкіл имамы Еркінбек қари Керімбекұлы ҚМДБ-ның Алматы қаласындағы ғимаратында қасиетті Рамазан айының қарсаңында баспасөз мәслихатын өткізді.

Басқосуға Алматы қаласы Орталық мешітінің наиб имамдары Ерсін Әміре мен Ермек Көкірекбаев және бас ұстаз Талғат Сапанов, шариғат мәселелері бойынша Алматы қаласы өкіл имамының кеңесшісі Бауыржан Әлиұлы және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.

Өкіл имам: «Айлардың сұлтаны Рамазан айы – Алланың адамзатқа тарту еткен ең ұлы нығметтерінің бірі. Бұл айда Хақтың ұлы хабары – Құран түскен. Бұл айда мың айдан да абзал болған Қадір түні бар. Сондықтан бұл ай – мұсылмандарың ең ұлы мүмкіндік айы десек болады», – дей келе ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазреттің Рамазан айына байланысты халыққа жасаған үндеуіне тоқталды. Онда Ғылыми зерттеулер мен шариғи мәтіндерге сүйене отырып, ҚМДБ ғұламалар кеңесі отандық астрономиялық зерттеу нәтижелерін негізге ала отырып Рамазан айының бірінші күнін – 6 мамыр деп бекіткенін айтты. Сондай-ақ, 31 мамырдан 1 маусымға қараған түн – Қадір түні, Айт мерекесі 5-ші маусымға сәйкес келетінін жеткізіп, еліміз бойынша пітір садақасы – 300 теңге құрағанын хабардар етті.

Содан кейін өкіл имам Рамазан айында Алматы қаласы бойынша атқарылатын төмендегі бірқатар іс-шараларды атап өтті.

Ауызашарлар: Алматы қаласындағы 8 ауданның барлық мешіттерінде кешкі ауызашар дастархандары жайылып, ифтар берілетін болады. Ал, Алматы Орталық мешітінде күнделікті 500 адамға дейін ауызашар дастарханын ұйымдастыру жоспарлануда.

Білім сайыстары: Алматы Орталық мешітінде күнделікті (дүйсенбі - сенбі күндері аралығында) екінті мен ақшам намаздарының аралығында діни білім алып жүрген жамағатқа арналған «Раббым! Білімімді арттыр!» интеллектуалдық сайысы өткізіліп отырса, Бостандық ауданы мешіттерінде "Рамазанда өзіңізге есеп беріп көріңіз" жарысы ұйымдастырылмақ.

Құран хатымдары: Алматы қаласындағы 50 мешітте тарауық намаздары өткізілсе, оның 46-сында тарауық намаздарында Құран Кәрім толықтай хатым етіледі.

Қайырымдылық: Рамазан қайырымдылық айы болғандықтан, қасиетті айда қала мешіттері тарапынан әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық акциялары ұйымдастырылып, қамыққан көңілдерге қуаныш сыйланады. Сондай-ақ, Жандосов-Шәймерденов, Рысқұлов-Райымбек көшелерінің қиылысында кептелісте тұрып қалған автокөліктегілерге қала мешіттері тарапынан ауызашар пакеттері таратылып, су мен құрмамен ауыз аштыратын болады.

Жол қатынасы: Мешіттердегі тарауық намаздарының түнгі сағат 24.00-ге дейін жалғасып, кеш аяқталатын болғандықтан, келуші жамағаттың үйлеріне қайту мәселесі ескеріліп, Алматы қаласы әкімінің қолдауымен қала бойынша 4 бағытқа (Саин көшесі, Алматы-1 теміржол бекеті, Талғар трассасы және Достық даңғылы бағыттарында) жүретін бағытты автобустар кестесі ағымдағы жылдың 5 мамыры мен 4 маусым аралығында әр кеште сағат 24:00-ге дейін созылады. Оған қоса «Сұлтан Қорған» мешітінде тегін такси қызмет жолға қойылады.

Қауіпсіздік: Рамазан бойы Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен әрбір мешіттер мен жамағаттың қауіпсіздіктері ІІО қызметкерлерінің бақылауы күшейтіледі.

Алматы қаласы Орталық мешітінің наиб имамы Ерсін Әміре сөз алып, Рамазан айының қадір-қасиеті мен дініміздегі орны туралы айтты. Ал, шариғат мәселелері бойынша Алматы қаласы өкіл имамның кеңесшісі Бауыржан Әлиұлы тілшілер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Жиын соңында БАҚ өкілдеріне ҚМДБ-ның қолдауымен жарық көрген жаңа кітаптар таныстырылып, сыйға тартылды.

 

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    Жоғары