Мүфтият жанындағы Ғұламалар кеңесінің мүшесі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі Батыржан Мансұров орталық «Иманғали» мешіті жанындағы ақсақалдар алқасымен кездесті.
Кездесу барысында Бас имам Батыржан қажы Берденұлы екі адамның арасын жарастыру тақырыбында уағыз айтты. Асылында, мұсылмандар арасында қандай да бір себеппен реніш туса, уақыт өткізбей татуласу керек.
«Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «бір мұсылманның, мұсылман бауырынан үш күннен артық реніш пен қатынасты үзуі халал емес» деп, ұзақ уақыт өкпе – кек сақтаған адам үлкен бір күнә жасаған болып саналатынын білдірген. Сонымен бірге, «Бір кісі мұсылман бауырына бір жыл бойы өкпелесе, оның қанын төккендей күнә істеген болып табылады» деген хадис бар. Демек, кімде – кім екі мұсылманның бір – біріне ренжіп жүргенін көрсе, олардың арасын жарастыруға, оларды татуластыруға міндетті. Бұл жайында Құран Кәрімде «Мүминдер тек қана бауыр. Олай болса, екі бауырыңыздың арасын татуластырындар» деп жазылған. Ендеше, араздасқандардың арасын жарастыру қайырлы іс екендігін де ұмытпағанымыз жөн» деп атап өтті Атырау облысының Бас имамы Батыржан Мансұров.
Пікірлер