Отбасы бақытына апаратын отыз жол: 8 - Сырласу, өзара түсінісу және жақындық

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Істері араларында кеңеспен шешіледі», - деген. («Шура» сүресі, 38-аят)

Ерлі-зайыптылар мен балалары арасында жүргізілетін әңгімелер, сырласулар және кеңесулер арқылы отбасы ортасында тәжірибелер жиналады.

Әркімнің іс-әрекеті дұрыстыққа жақын болып, қатеден алшақ болады. Әркім өз ойын жеткізе алу қабілетін дамытады, екінші біреудің ойын қабылдауды үйренеді, ортақ мүддені немесе біреудің ғана мүддесін көздейтін іске үлес қосуға ұмтылады. Шындықты сөйлеуге бейімделеді, жауапкершілікті көтеруді үйреніп, тапсырмаларды атқарудан қашпайтын болады.

Әбу Һурайра (р.а.): «Пайғамбарымыздан (ﷺ) басқа, жолдастарымен көп кеңесетін адамды мүлдем көрген емеспін», - деген.

Ешкіммен ақылдаспай, бір өзінің ғана ойымен жүрген кісі еш тәжірибе жинай алмайды, әрдайым қатеге ұрынатын болады, сондай-ақ бойында сараңдық, қызғаншақтық секілді ұнамсыз қасиеттер пайда болып, жеке басының ғана қамын ойлайтын, ақиқат сөзін қабылдай алмайтын жағымсыз тұлға болып қалыптасады.

Алланың елшісі (ﷺ) Худайбия бітімінде мұсылмандар мен мемлекеттің болашағы үшін маңызды іс жайында әйелдерінің бірі Үмму Саламамен (р.анһа) ақылдасады. Бітімнен кейін пайғамбарымыз (ﷺ) сахабаларына: «Тұрыңдар да, құрбандық малдарыңды шалыңдар, кейін шаштарыңды алыңдар!», - дейді, бірақ олардан ешкім орнынан тұрмайды, тіпті үш мәрте айтады, алайда ешкім орнынан тұрмайды. Пайғамбарымыз (ﷺ) Үмму Саламаға (р.анһа) кіріп, сыртта болған нәрсені айтады, сонда ол: «Сен мұны дұрыс көрсең, шық та, ешкіммен сөйлеспеген түрде құрбандық малыңды шала бер, кейін шаш қиятын кісіңді шақырып, шашыңды алдыра бер», - деп ақыл береді. Алланың елшісі (ﷺ) сыртқа шығып, ешкіммен сөйлеспей өзі бастап істей береді, бұны көрген сахабалар орындарынан атып тұрып, құрбандық малдарын шалып, шаштарын алдырады[1]. Егер пайғамбарымыз (ﷺ) әйелімен мұндай ұлы істе ақылдасқан болса, онда отбасы мәселелерінде бізге әйелдерімізбен кеңеспейтіндей не көрінді?!

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Ер кісілер әйелдеріне басшылық етеді, өйткені Алла бірінің үстіне бірінің дәрежесін осылай көтерген еді және олар (әйелдерін асырауға) малдарын жұмсайды», - деген. («Ниса» сүресі, 34-аят).  Бұл аятқа қарап, ер кісі үшін әйелімен сырласуы, ақылдасуы және оған жақын болуы еркектің басшылық  дәрежесін түсіреді деп ойлау қате болады. Керісінше, бұл істер басшылықтың дұрыс атқарылуына көмек береді. Ер кісі шариғаттың шеңберінде әйелінің және балаларының материалды және рухани қажеттіліктеріне көңіл бөлуі қажет. Олардың жан дүниесінде жасырын жатқан қажеттіліктердің егжейтегжейіне жету үшін, олармен әңгіме әуеніне түсіп, жақындығын білдіріп, сырласпаса және кеңеспесе болмайды. Осының нәтижесінде олардың бойындағы қабілеттері мен мүмкіндіктерін байқайды. Соның негізінде шамалары келетін талаптарды қояды. Ал өзіне жөн көрінгенін істейтін болса, сүйіктілерінің қабілеттерін көмекке пайдалана алмайды, әрі олардың тәжірибелерінен мақрұм қалады. Сөйтіп қателіктерінің көбеюі салдарынан отбасының берекесі қашып, өзінің де қадірі кетеді.

Ерлі-зайыптылар шариғат әдебіне сай кеңесулері қажет. Бір-бірінің сөздерін бөлулеріне, айтқандарына күлуге болмайды. Алла Тағала: «Әй, иман келтіргендер, бір адамдар екінші бір адамдарды мазақтамасын, мүмкін олар аналарға қарағанда жақсы болар, сондай-ақ әйелдер де басқа бір әйелдерге күлмейтін болсын, мүмкін олар аналарға қарағанда жақсы шығар», - деген. («Хужурат» сүресі, 11-аят).

Әркім жұбайының сөзін аяғына дейін тыңдап, ойына құрмет көрсетуі керек. Дұрыс шешімге жетулері үшін, екі жақтан да ықылас пен шыншылдық талап етіледі. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Әй, иман келтіргендер, Алладан қорқыңдар және шыншылдармен бірге болыңдар!», - деген. («Тәубә» сүресі, 119-аят).

Кеңесу барысында тартысқа түсіп, жанжал шығарудан сақ болулары қажет. Алланың елшісі (ﷺ): «Өзінікі дұрыс бола тұра дауды тастаған адамның жәннат маңында орналасқан үйге ие болатындығына мен кепіл боламын», - деген.[2]

Дайындаған: Берік Үйсінбаев
muftyat.kz

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін