Наиб мүфти астаналық ақындармен кездесу өткізді (ФОТО)

Бүгін ҚМДБ-ның төраға орынбасары, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Серікбай қажы Сатыбалдыұлы астаналық ақындармен кездесу өткізді

Кездесу барысында елімізге танымал айтыскер және жазба ақындарға Серікбай қажы Сатыбалдыұлы баспадан шығып, бүгін ғана қолға тиіп отырған «Дәстүрлі Ислам жауһарлары» атты еңбекті таныстырып өтті.

ҚМДБ-ның «Дін және тарих тағылымы» жылы аясында жарық көріп отырған бұл еңбекте X-XVII ғасырлардағы діни-танымдық, діни-сопылық, діни-канондық туындылар жинақталған. Қарахан мемлекеті, Алтын орда, Қазақ  хандығы кезіндегі асыл дініміздің құндылықтарын өлеңге арқау еткен ақындардың бұл еңбектері қазақ оқырмандарына тұңғыш рет ұсынылып отыр. Кітаптың тұсаукесер рәсімі алдағы уақытта салтанатты түрде өтетін болады. Ал, астаналық ақындарға алдын ала таныстырылуының да өзіндік себептері бар көрінеді.

Бұл жайында Серікбай қажы Сатыбалдыұлы «Әзірет Сұлтан» мешітінің республикалық діни мүшәйра ұйымдастырғалы жатқанын айтып, жағдайды түсіндіріп өтті. ҚМДБ жариялаған «Дін және тарих тағылымы» аясында өткізгелі отырған жыр мүшәйрасында дәл осы «Дәстүрлі Ислам жауһарлары» кітабы басты негізге алынбақ. Ақылдаса пішкен тонның келте болмайтынын атап өткен Бас имам осы орайда ақындар пікірін тыңдап, ұсыныстарымен танысты. Кездесу соңында аталмыш мүшәйраны ұйымдастыруға байланысты арнайы жұмыс тобы құрылып, жоспар бекітілді. Мүшәйра шарттары мен ережесі жақын күндері сайтымызда жарияланатын болады.

muslim.kz

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін