БҚО-ҒА ЖАҢА ӨКІЛ ИМАМ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ (ФОТО)

Бүгін Қасиетті жұмада Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы хазіреттің бұйрығымен Мұратбек Мұхтарханұлы Қыстаубаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Батыс Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы және облыстық орталық мешіттің бас имамы болып тағайындалды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бірінші төраға орынбасары, наиб мүфти, ҚМДБ-ның Нұр-Сұлтан қаласы бойынша өкілі, республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы жұма намазын жүргізіп, мешіт ұжымы мен Ақжайық жамағатына жаңа өкіл имамды таныстырды.

«Мұратбек Мұхтарханұлы әйгілі «Әл-Азхар» университетін тәмамдаған, діни білімі жоғары. 2013 жылдан бастап Орал орталық мешітінің наиб имамы, Орал медресесінің директорының орынбасары қызметін атқарды. Ендігі кезекте әсем Ақжайықтың рухани өміріне қалтықсыз қызмет етіп, бар біліктілігі мен білімін, ынта-жігерін осы өңірдің діни тұрақтылығын нығайтуға жұмсайды деп сенемін», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Ал, осыған дейін ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы қызметін атқарған Еркебұлан қажы Қарақұлов ҚМДБ-ның Шымкент қалалық орталық «Halifa al-Nahaian Aqmeshiti»  мешітіне наиб имамы,  Шымкент қаласы, Еңбекші аудандық «Әл-Біләл» мешітінің бас имамы қызметіне ауысты. Оның атқарған қызметіне құрмет көрсетіліп, қазақы салтпен иығына шапан жапты.

Мұратбек Мұхтарханұлы Қыстаубаев – 1983 жылы дүниеге келген.

2000-2005 жылдары Қ.А.Яссауи атындағы гуманитарлық институты «Дінтану» факультетін;  2005-2013 жылдары  Египет Араб Республикасы Әль-Азхар халықаралық ислам университеті «Шариғат» факультетін тәмәмдаған.

2013 жылдан бастап «Орал» облыстық орталық мешітінің наиб имамы,

2015-2018 жылдары «Орал» медресесі директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған.

2019 жылдың  5 шілдесінен бастап ҚМДБ-ның Батыс Қазақстан облысы бойынша өкілі, БҚО орталық мешітінің бас имамы қызметіне тағайындалды.

Үйленген, бір ұлы, бір қызы бар.


© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін