Ақтөбе: Өңірдегі дін саласы қызметкерлерінің жиыны өтті (ФОТО)

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде өңірдегі дін саласы қызметкерлерінің жиыны өтіп, қасиетті Рамазан айының қорытындысы сараланып, ҚМДБ тапсырмалары түсіндірілді.

Қала, аудан, ауыл мешіттері имамдарының басқосуында өкіл имам Төлеби Оспан Муфтияттың имамдардың алдына қойған міндеттерін жоғары деңгейде жүзеге асыру керектігіне тоқталды. Нақтырақ айтқанда, үгіт-насихат жұмыстарын жан-жақты дамыту, діни сауат ашу курстарының қызметі, қайырымдылық шаралары, мешіттердің құжаттарын рәсімдеу және т.б. тапсырмалардың орындалу барысын Ақтөбе имамдары ортаға салды.

Сонымен қатар «Зекет» қорының қызметіне арнайы тоқтаған Т.Дәділұлы, Ақтөбе облысында жыл басынан бері «Ел үлесі пәтерге» акциясы аясында облыста 3 пәтер берілгендігін атап айтты. Сауапты істі әр ауданда жалғастыру жұмыстарын қызу жүргізуді тапсырды. 

Басқосу барысында мешіттердегі ондықтардың жұмысы мен дін қызметкерлерінің жалпыға ортақ әдебі әңгіме арқауына айналды. Өкіл имам діни қызмет көрсету сапасына тоқтап, арнаулы діни білім алмаған адамдардың өз бетімен діни қызметке араласып, жұртшылыққа уағыз айтуға құқы жоқ екендігін айтып өтті. Мешіттерде жамағатқа насихат айтушының РАНТ немесе ЖАНТ мүшесі болу керектігін еске салды.

Сондай-ақ, жиында жазғы демалыс кезінде мектеп оқушылары үшін, күндізгі діни сауат ашу курстарын ұйымдастыру мәселесі де сөз болды.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін