«Білім-Қазына» қоғамдық қоры 9 млн теңге қаржы жұмсаған

Биылғы оқу жылы Нұр-Мүбарак университеті үшін өзгерістер мен жетістіктерге толы болды. Сондықтан ректор, профессор Мухаммад әш-Шаххат оқу жылының сәтті аяқталуымен ұжымға алғысын білдірді.

Білімді ұрпақ, білікті маман даярлауда жан-жақты жұмыла еңбек еткен ұжымға ризашылығын білдірген проректор, доцент Қайрат Құрманбаев өз сөзінде қайырымдылықтың да маңызына тоқталды. Себебі  университет дамуына бей-жай қарамайтын ұжым өздерінің еңбекақыларының 1 пайызын «Білім – Қазына» қорына аудара бастаған еді.

"Білімге қолдау көрсету – сарқылмайтын жақсылық. Хадисте амал кітабын қияметке дейін үздіксіз сауапқа толтыратын үш амал: жария садақа, яғни көпшілік игілігіне жұмсалатын іске қолдау жасау, хайырлы ілім, салиқалы ұрпақ тәрбиесі екені айтылады. Міне, «Білім – Қазына» қоры осы үш игі амалды ұштастырып қана қоймай, осы жолда қызмет етуде. Сондықтан осы мақсатта еңбекақыларыңыздан тұрақты садақа берулеріңіз – өздеріңізге ғана емес, бүкіл қоғам үшін үлгі тұтарлық өнеге,-деп проректор, доцент Қайрат Құрманбаев ұжымға алғысын білдірді.

Қоғамдық қордың сан-салалы қызметінің басты мақсаты еліміздегі жалғыз ислами оқу орнының дамуына, тыныс-тіршілігіне қолдау көрсету. Көмекке мұқтаж студенттердің оқуақысы, шәкіртақысы, түрлі шаралар мен университетке қажетті техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, т.б. Қор басшысы докторант Оралхан Сейдманов ұжым алдында берген есебінде 9 млн теңгеден аса қаржының жұмсалғанын айтты.

Осындай игі шараға үлес қосушы ұжымның әрбіріне «Білім – Қазына» қоры Алғыс хат табыс етті.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін