Атырауда бүлдіршіндер арасында Құран жарысы өтті

Атыраудың орталық "Иманғали" мешітінде бүлдіршіндер арасында Құран жарысы өтті.  Айта кетерлігі, рухани додаға төрт жастағы бүлдіршін Абдрахман Тайман  қатысып, кешті тамашалаушыларды тәнті етті. Ең кішкентай қатысушы отыз сүрені жаттап үлгерген. 

Нәтижеде бірінші орын және 100 мың теңге көлеміндегі сыйақы Дарын Халыққа бұйырды. Екінші және үшінші орындарды Қадір Үмбет пен Арайлым Қасымқызы өзара бөлісті. Оларға 70 мың теңге мен 50 мың теңге көлеміндегі сыйақы тапсырылды.

Барлығы 38 үміткер бақ сынаған байрақты бәсекеге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, орталық "Иманғали" мешітінің бас  имамы Батыржан Мансұров, орталық мешіттің ұстазы Хусейн Кая, орталық "Иманғали" мешітінің  наиб имамдары Мұрат Мұстафаев, Мақсат Алпысбаев және ұстаз Ерболат Боханов қазылық етті. 

Он екі жасқа дейінгі бүлдіршіндер арасында өткен сайыста  рухани сайыстың ең кіші қатысушысы Абдрахман Тайманға Бас имам Батыржан Мансұров ризашылығын білдіріп, өз атынан 50 мың теңге көлеміндегі арнайы сыйлығын тапсырды. Ынталандыру сыйлығын үш қатысушы - Исатай Тайман, Әділжан Саясат және Дамир Батыров өзара бөлісті. Осылайша, олардың әрқайсысы 20 мың теңге көлеміндегі сыйақыны иеленді. 

"Бүлдіршіндерге  тәжуид ережесін сақтай отырып, "Нәс" сүресінен "Зілзәла" сүресіне дейін сүрелерді жатқа оқу басты талап ретінде қойылған еді. Біз бұл балаларға жас шәкірттеріміз, ізбасарымыз ретінде қарауымыз керек. Қасиетті Құранды жастайынан санасына сіңіріп өсірген сәбидің болашағы да зор болады. Осындай игі бастамалар қоғамды біріктіре түсу үшін де керек. Адамзат баласы үшін барлық мәселені қамтитын Құран кітабының мәні жоғары, маңызы қашан да ерекше. Құран оқу арқылы мұсылман Аллаға жақындай түседі, өйткені Алланың сөзіне деген махаббат оны Алланың Өзіне деген махаббатқа жетелері сөзсіз",- деді Атырау облысының бас имамы Батыржан Мансұров.  

Айта кетелік, сайысқа демеушілік еткен Ибрагим Шаяпұлы қатысушы бүлдіршіндердің барлығына 20 велосипед және 18 самокат үлестірді. 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін