Түркістан облысы: Темірланда Мәуліт өтті

Темірландағы Мәдениет Үйінде Мәуліт мерекесінің құрметіне орай “Шаттық нұрын шашқан — нұр Пайғамбар” атты аудандық мектеп оқушылары арасында шығарма байқауы өткізілді. Оны ұйымдастырушы аудандық мешіт және мешіттер жанынан ашылған Жастар секторы.

Аталмыш шара Пайғамбарымыз Мұхаммедтің рухына Құран бағыштаудан бастау алды. “Темірлан” медресесінің ұстазы Ұбайдулла Болатбеков Құран оқыды. Кешті елге белгілі әртіс, “Шаншар” театрының мүшесі Ғалымжан жүргізді. Мəулітке арнайы келген ҚМДБ Түркістан облысы бойынша өкіл имамы Мұсабек Ақтамберді ұлық мерекенің қадір-қасиеті туралы әңгімелеп, оқушыларды ислам дінін дұрыс түсінуге, Пайғамбарды сүюге, ата-ананы құрметтеуге шақырды.

Аталған байқауда үздік танылған үміткерлер марапаттар мен сыйлықтарға ие болды. Бас жүлде Н.Оразбаев атындағы орта мектептің оқушысы Әбділ Айдаға ноутбук берілді. Ұйымдастырушылар залда отырған есімі Пайғамбарымыздың есімімен аттас жігіттер де, Әмина анамыздың құрметіне қойылған Әмина қыз да сыйлықтан құр қалмады.

Игі шара соңында “Темірлан” медресесінің ұстазы Ұбайдулла Болатбеков уағыз айтты.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін