Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Намаз – көзімнің нұры
21 сәуір, 2021 жыл 202 Басып шығару нұсқасы

Намаз - Жәһаннам отына тосқауыл қоятын перде, қиямет күнінде – жанға сая. Алла Тағала намаз оқушылар туралы «Олар ғайыпқа иман келтіреді, намазды толық орындайды, өздеріне берген несібемізден (Алла жолына) жұмсайды» деген («Бақара» сүресі, 3-аят). Ибрахим пайғамбар (а.с.) ұрпағы жайында әрдайым дұғада болған. Құранда келген аятта бұл дұға былай делінеді: «Уа, Раббым! Мені һәм ұрпағымның ішінен намазды кемеліне жеткізіп, үзбей оқитын құлдарыңнан ете гөр! Уа, Раббымыз! Дұға-тілегімді қабыл ете гөр!» («Ибраһим» сүресі, 40-аят.). Алла Тағала адам баласын мына дүниеге Өзін танып-біліп, құдіретіне бас иіп, құлшылық етсін деп жіберген. Адам пайғамбардан (ғ.с.) бастап, әрбір илаһи дінде белгілі бір уақыттарда орындалатын намаздар болған. Ал Мұхаммед (с.а.с.)  үмбетіне бес уақыт намаз Миғраж түнінде парыз болды. Бұл туралы Құранда баяндалған. Миғраж «түнгі серуен» деген мағынаны білдіреді. Мәдинаға көшпестен бір жарым жыл бұрын (яғни, 621 жыл) ережеп айының 26-сынан 27-сіне қараған түні Пайғамбарымыз (с.а.с.) пыраққа мініп, Жәбірейіл періштемен бірге Раббы әлеміне сапар шеккен. Осы сапарда мұсылмандарға бес уақыт намаз парыз етілген. Бес уақыт намазды қате-кемшіліксіз оқу әрбірімізге парыз. Бірде пайғамбарымыз (с.а.с.) сендерге ұры жайында айтайын ба? Намазынан ұрлаған адам ұрлық жасаған болады деді. Сахабалар ол қалайша ұрлайды деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Рукуғ пен сәждені толық жасамайды. Жылдам оқиды» деп жауап береді. Ол туралы Құранда: «Бұлай намаз оқығандарға нендей өкініш. Олар намазға тұрғанда жалқауланып тұрады. Олар намаздарын көрер көзге (рияшылдықпен) оқиды» («Мағун» сүресі, 4-6 аяттар). Пенденің күнделікті оқитын намазы дүниесіне береке, ақырет жұртына қорғаныш және қиыншылықтан құтылу болады. Сондықтан намазымыз біздер үшін ақыретте азаптан сақтаушы. Пайғамбарымыз (с.а.с.) келесі хадисте: «Кімде-кім бес уақыт намазға мұқият болса, Алла оған бір нұр нәсіп етеді, намазы оған дәлел болады және қиямет күні ол құтылады. Ал егер кімде-кім намазға салғырт қараса, оның нұрын алып қояды әрі дәлелі болмайды және ол үшін қияметте құтылу жоқ. Ол қиямет күні Перғауын, Қарун, Һаман, Абу ибн Халафпен бірге болады» деген.

Бiрде Хазіреті Али таң намазына ұйықтап қалып, оянған соң қатты өкiнедi. Өзiн-өзi кешiре алмай күнi бойы күйiнедi. Ертесiне таң атпай оны: «Тұр, намазыңды оқы!» – деп бiреу оятады. Атып тұрған Али: «Сен кiмсiң, қайдан жүрсiң?» – деп сұрайды. «Шайтанмын». Хазірет Али: «Онда неге маған жақсылық жасағың келiп тұр?» Шайтан: «Бұл жақсылық емес. Жақсылықты саған кеше жасап қойыппын. Сенi таң намазының сауабынан қағайын деп ұйықтатып тастап едiм, сен оянғасын қатты өкiндiң. Оныңды көрiп тұрған Алла өкiнiшiңдi ескерiп, саған он сауап жазды. Әйтпесе сен таң намазыңды оқып, бiр ғана сауап алған болар ең, әттең! Ал, ендi тез тұр да намазыңды оқы. Тиесiлi жалғыз сауабыңды ал!» – дептi. Сондықтан әр намазға бекем болуымыз қажет.

Егер намаздан артық ғибадат түрі болғанда, Алла Тағала құлдарына соны міндеттер еді. Шын мәнінде, періштелердің бір шоғыры ұдайы намаздың қиямында, тағы бір бөлігі үнемі рүкүғта, тағы бір тобы сәждеде, енді біреулері тәшәһһуд қалпында құлшылық етіп тұрады. Міне, осылайша құлшылықтың хикметке толы қасиеттерін бір рәкағат намазға жинақтап, мүміндерге сыйлады. Ақиқатында, намаз – иманның басы, діннің тірегі, Исламның сөзі әрі мүміндердің миғражы».

Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.а.с.) оқыған намазы барлық жаманшылықтан тыйылуға ықпалды, құдіретті намаз болатын. Сол себепті де Оның (с.а.с.) намазы ғашықтыққа толы еді. Намаз мәселесіне келгенде Ол (с.а.с.)  барлық ойы мен көңілін бөлетін. Айша (р.а.) Оның намазды қалай оқығандығын айтқанда, кеудесінен қайнаған қазанның дауысындай дауыс шығатынын айтқан. Бұл Хазіреті Пайғамбардың (с.а.с.)  намаздағы Аллаға деген ықыласының көрінісі еді.  

Оның (с.а.с.) тәрбиесін көрген Хазіреті Али (р.а.) намазға тұрған кезде жүзі бозарып, өз денесінен, өзгенің бәрінен сытылып шығып келетін. Бір шайқаста аяғына оқ тиіп, қатты ауырғандықтан оны суырып ала алмай қояды. 

Сонда Хазіреті Али (р.а.): 

Мен намазға тұрайын, сол кезде оқты суырып алыңдар! – дейді. 

Сахабалар солай істеді. Ол намазда тұрғанда ешқандай қиналмастан оқты суырды. Али (р.а.) шынында да ешбір ауырғанын сезбеді. Намазды аяқтап, сәлем берген соң: 

Не істедіңдер? – деп сұрады. 

Олар: 

Оқты суырып алдық, – деді. 

Хазіреті Алидің жан-тәнімен беріліп оқыған намазының рухани ләззаты денесіндегі ауру-сырқаттарын сездірмей жіберді. Міне, Алла Елшісі (с.а.с.) үйреткен намаз осындай намаз болатын.

Адам баласы аса ұлы Алланы ықыласпен еске алып, намазын берілген түрде ұдайы және өз уақытында мұқият орындаса, онда жүрек тазарып, иман күшейеді әрі адам күнәлардан алыс болады. Намаз пайғамбарлар мен әулие-әнбиелер үшін, барлық ізгі пенделер үшін ең басты байлық, дүниедегі ең сүйікті іс. Өмірдің  ешбір  ләззаты оның намаздан алған ләззатындай болмады. Сондықтан Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл фәниде маған мына үш нәрсе жақсы көрсетілді: Әйел, жұпар иіс және көзімнің нұры – намаз»

 

Төлтаев Ербол Мұқанұлы

Балқаш қалалық орталық мешіттің бас имамы

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары