Мейрімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!
Ғаламдардың Раббысы Аллаға мадақ!
Мұхаммедке, оның отбасына және Оған ерушілерге Аллаһтың салауаттары болсын.
Барша адам бұл дүниеде жеке басы мен отбасына қатысты ұлы сынақтан өтуде. Жеке адамға жүктелген діни міндеттерге жеткілікті көңіл бөлінбеген соң, бүгінгі қоғамда отбасыларға қатысты мәселелер ерекше көбеюде. Осындай отбасылық ұрыстардың аясында бала шаға қараусыз, тәрбиесіз қалады. Перзенттерінің ішіп-жеп жүргені адал ма, қандай фильмдер көріп жүр, достары кім, рухани азығын қалай алып жүр? Бала түгіл үйдегі бір гүлдің өзі уақытылы қаралып, түбі қопсытылып, су құйылмаса, ол да көп ұзамай шіріп кететіні белгілі. Ал бала қараусыз қалса, онда отбасындағы рухани ұрымтал тұстың қолдан берілгені.
Жалпы алғанда, отбасындағы әйел мен еркек, перзент пен әке, ана мен бала арасында туындап жатқан түйткілдер аз емес. Көбінесе, «бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» дегендей жабулы қазан жабулы күйінде қалып, шешім шығаруға жеткілікті мән берілмей келеді.
«Әке-шешеге жасалған жақсылық бақытсыздықты бақыттылыққа айналдырады, өмірді ұзартады және адамды жаман өлімнен қорғайды.»[1] (Әбу Нуаим).
Қазіргі жастарда көбінесе екі проблема кездеседі, біріншісі әке шешемен қарым-қатынас, екіншісі махаббат. Біреуіне әке-шешесі айтқанын істемеді деп, біреуіне ұрысты деп, біреуі жігіті тастап кетті деп, біреуі қызы тастап кетті деп уайым қайғыға беріліп болмас қылықтар жасап жүреді. Жастардың кеш үйленуі, бала санының азайып кетуі, өмірлік жар таңдау ісінің аса қиындауы, карьера, қызмет мансап мәселесінің отбасы маңызынан да жоғары тұруы, еркектің еркек ретіндегі, әйелдің әйел ретіндегі қасиеттерінің жойылуы ұлттың ұсақталып, рухани солғындауына ұрындырар апат.
Мұндай сансыраған ойлармен жүрген жанның қоғамға тигізер зияны атан түйе көтере алмастай ауыр. Нан зауытында жұмыс атқаратын адам басындағы қайғысын ойлап тұрып нан жапса, пісірген нанына бойындағы бүкіл жағымсыз биоқуаты сіңіп қалатынын, ал оны жегендердің әжептеуір әлсіреп, ауруға бейім болатынын ғылым дәлелдеді.
Жоғарыда атап өткен мәселелердің негізгі себебі – біздің Ислам дініміздің, сенімімізден, дәстүр-салтымыздан соншалықты алыстап кетуіміз. Оларды жеке адамдық, отбасылық, қоғамдық, тіпті мемлекеттік деңгейде шешкіміз келсе, мұсылмандығымыз бен иманымызға көбірек көңіл бөлуіміз керек. Еліміздегі ажырасқан отбасыларды қайта табыстыру үшін мемлекеттен миллиардтаған қаражат бөлінсе де, Алланың дініне тиісті көңіл бөлінбейінше, мәселе оң нәтиже бермейді. Негізгі себеп шешілмей, жанама себептерді шешу ауада тал қармау секілді пайдасыз іс. Материалдық байлығын үдете берсек те, мәселеге ислами, рухани тұрғыдан келмеген соң, одан зәредей де пайда тимесі анық.
Бейрут университетінің психологтары әйелдер денсаулығына қатысты психо-әлеуметтік зерттеу жүргізді. Ер-азаматқа арқа сүйемейтін әйелдерге қарағанда ері үй шаруасына қолғабыс ететін әйелдердің әлдеқайда бақытты болып келетіні белгілі болды.
Отбасы қатынасы жөніндегі мамандар зерттеу нәтижелерін тарқата келе ерлі-зайыптылардың бірін-бірі толықтырып тұратын ерекшелігіне назар аударған. Мұсылмандар отбасында әйелі ерінің алдына түсіп, болмашы нәрсеге бола ұрыс-керіске барып, дау-жанжалға жол бермейді. Мұсылман отбасында ерлі-зайыптылардың міндеттері мен орны қадым заманнан бері анықталып, ғасырлар бойы діни және ұлттық тәлім-тәрбиемен әрі салт-дәстүрмен қалыптасты. Мұсылман отбасының баянды болатын себебі де осында жатыр.
Батыс елдерінің отбасы институтына келетін болсақ, өз мәнінен айырылып, қадір-қасиеті қашып, тоз-тозы шыққан. Еуропада және АҚШ-та отбасы институтының шаңырағы шайқалып, іргесінің сөгілуіне салт-дәстүрге немқұрайды қарауы себеп болса, екінші жағынан, өзге де тікелей және жанама факторлар өз әсерін тигізбей қоймады.Әдетте батыс елдеріндегі ерлі-зайыптылардың некесі бәсекелістікке, бақай есепке құрылатындықтан, баянды бола бермейді.
Отбасының бастауы ол жар таңдау, «Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) хадисі; «Әйелдерге тек әдемілігіне қарап үйленбеңдер. Әдемілігі тәрбиесіздікке апарып соғуы мүмкін. Тек байлықтарына қарап үйленбеңдер.Үйткені байлығы шектен шығуына себеп болуы ықтимал. Әйелге имандылығына қарап үйленіңдер. Үйткені киімі ескі болса да, иманды күң артық» [2](Ибн Мәжәһ), қандай керемет сөздер. Бұндай сөздерді естіген адамның ойына, Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) жарлары, балалары, жанұясы қандай екені туралы ой келеді. Сөз жоқ, бұл отбасы әлем әлем боп жаратылғалы жер бетінде бұрын-соңды теңдесі болмаған һәм одан кейін де болуы әсте мүмкін емес, ең бақытты, құт-береке дарыған отбасы екені белгілі. Нағыз үлгі тұтарлық отбасы. Егер барлық адамдар осы отбасын үлгі тұтатын болса, жер бетіндегі әрбір отбасы, иманның, бақыттың, махаббатың, мейірімнің дәмін сезер еді.
Өмірлік жар таңдау кезінде ең әуелі діндарлығына қарау керек. Яғни салих еркек немесе салиха қызды таңдау – бұл өмір бақытына да, ахырет бақытына да қауышу үшін үлкен ниғмет болып табылады. Бұл отбасы атты ғимарат осындай ниетпен, осындай ықыласпен, осындай негізбен қаланбаса, ол ғимарат шіріп, қирауға бейім болады.
Мемлекетке жанымыз ашыса, мемлекеттің азаматтарының денсаулығына жанымыз ашыса, еліміздің көркейуін ойлайтын болсақ онда өз отбасымыздан бастауымыз керек. Халық даналығында «Отан отбасынан басталады» деген ұлағаты сөз бар.
Әрбір отбасы ол кішкентай мемлекет, сол мемлекеттер Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) отбасынан үлгі тұтса, ол отбасыға береке, бақыт, бірлік қонады. Ол отбасы жаңбырдың тамшысы сияқты, сондай тамшылар көбейген сайын көл болады. Ол көл болғанда иманды, берекелі, бақытты, дамыған, бірлегі бар үлкен мемлекеттің тірегі.Асыл дініміздегі отбасылық қағидаларды толық орындаған отбасы тек бұл дүниеде ғана емес, арғы шын өмірде де шаттыққа кенелері күмәнсіз.
Абай атамыздың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым» деген сөзі де еске оралады. Адамдар соның ішінде ерлі-зайыптылар бақытты болғысы келсе, бірін-бірі туған бауырындай сыйлап, құрметтеп, жақсы көруі тиіс. Демек, күйеудің қит етсе, айқайлауы, әйелдің ыдыс-аяқты сылдырлата жөнелуі Алла тағаланың назарында әдепсіздікке жататыны сөзсіз. Осы орайда бізге үлгі болатындай Омар (р.а) басынан өткен оқиға бар.
«Бір адам әйелі жөнінде халифа Омарға (р.а) шағым жасағысы келеді. Алайда халифаның қақпасына жақындап барса, халифаға жұбайы Үммү Гүлсүмнің дауыс көтеріп жатқанын құлағы шалады. Сонда ішінен: « Е, мен әйелім жайлы шағым жасауға келсем, бұл кісінің басында да бар нәрсе екен ғой» деп кері бұрылады. Сол кезде оны хазірет Омар (р.а) көріп қалып, қайта шақырып, неге келгенін сұрайды. Әлгі кісі: «Сізге жарым туралы шағым айтайын деп келіп ем, мен көріп жүрген нәрсе сіздің де басыңызда бар екендігін көріп кері қайтып барамын» - дейді. Сонда мүминдердің әміршісі хазірет Омар: «Әйелімнің айтқандарына көз жұмып қараймын. Өйткені менде оның мынадай ақылары бар дейді:
Ол мені тозақ отынан алыстатады, себебі, әйелімнің арқасында өзімді харам істерден аулақ ұстаймын;
Алыс жолға шықсам, ол үйімнің қарауылы, малымның бақташысы болады;
Кір-қоңымды жуатын қызметшім;
Бала-шағамның қараушысы, көзінің қарашығындай сақтаушысы;
Керекті ас-суымды пісіріп береді» деді. Сонда әлгі кісі: Бұл айтылған ақылардың бәрі менің мойнымда да бар. Сондықтан мен де әйелімнің кей сөздеріне көз жұма қарауым керек екен ғой»[1] деген екен.
Міне, бұл айтылғандар біріншіден, ер адамдарға үгіт болғанымен, екінші жағынан әйелдер де сол міндеттерін дұрыс орындасын деген кеңес.
«Ертеде ұстаздардың бірі аппақ қағазға бір қара нүкте қойып, шәкірттерінен «Қағаздан не көріп тұрсындар?» деп сұрапты. Сонда шәкірттері бір ауыздан «Қара нүкте көріп тұрмыз» депті жапатармағай. Сол кезде ұстаздары: «Міне, көрдіңдер ме, сендер бір парақтағы соншама ақ жерді көрмей, кішкене ғана қара нүктені көріп отырсыңдар» деген екен. Міне, сол секілді әркімнің бойында мың сан жақсы қасиеттер көрініс тапқан. Оның, бір ғана нашар мінезі үшін түбегейлі жек көріп кету адамдыққа сай емес. Сондай-ақ адамның сондай биік тауларды көріп тұрған көзіне бір жапырақты әкеп жауып қойсаң, сол кішкене ғана жапырақтан сондай биік нәрсені көре алмай қалады. Ендеше, адамның бір кемшілігіне қарап, оның бүкіл мінезі жаман деген асығыс қорытынды шығару ағаттық. Ақылға салып көрініз, теңіздегі бір кемеде он кісі болып, оның тоғызы жақсы істі адам, қалған біреуі залым, қаныпезер болса, сол кеменің суға батып кеткенін қалар ма едіңіз. Әрине, жоқ. Ал енді біреуі ғана жақсы істі адам болса, қалған тоғызы жаман істі адамдар болса, онда да кеменің суға батуын тілемес едіңіз»[3]. Міне, осы секілді ерлі-зайыптылар бір-бірінің жақсы жақтарын көріп, жамандықтарын көрмеуге немесе кешіре салуға талпынған дұрыс.
Біз сөзге тиек етіп отырған көп жастардың проблемаларының бірі ол әке-шешемен қарым-қатынас. Адамға діні мен иманын алғашқы болып үйрететін кісілер – әкесі мен анасы. Олардың разылығы – жаннатқа ашылған екі есік сияқты...
«Ғұламалардың бірінің анасы қайтыс болады. Ғұлама бұған қатты қайғырып, жылайды. Оған қасындағылар: «Демек, өмірі осынша болғаны, дүниедегі ризғы бітті деген сөз. Барлығымыз да бір күні өлеміз. Неге мұнша көп жылайсыз?» дегендерінде ғұлама былай деп жауап береді:
«Раббымыздың әрбір жанды нәрсеге белгілі бір өмір бергендігін мен де білемін. Тынысымыздың өзі санаулы. Ажал келген кезде ешқандай күш оны бір минут та ары немесе бері жылжыта алмайды. Менің жылауымның себебі – мен үшін жаннатқа ашылған екі есік бар еді, соның біреуі жабылды. Енді анама қызмет ете алмаймын...»»[2].
Түрлі нәрселер істеп олардың қолдарын сүйіп, дұғаларын алуымыз керек. Көңілдерін табуымыз қажет.Ата-анасы шақырған кезде баласының жауап бермеуі және айтқандарын істемеуі ең үлкен күнәлардың бірі. Ата-ана ашуланып бір нәрсе айтқан кезде оларға сөз қайтармау керек. Айтқан нәрселерін дереу орындау қажет, оларды еш ренжітпеу керек. Олардың ренжіп қарғап жіберулерінен қатты қорқу керек. Қате іс жасап оларды ренжіткен кезде, аяқтарына жабысып кешірім сұрау қажет. Көзі тірісінде ата-ананың қадірін білуіміз керек. Олар қайтыс болғаннан кейін өкіну пайда бермейді.
«Қолда бар да алтынның қадірі жоқ» деп халық даналары бекер айтпаған болар, кешігіп қалып жүрмейк!
Әке-шененің бізге деген махаббаты, мейірімі, біз үшін уайымдауы, жүздеріне қарағаннын өзі қандай бақыт. Осы бақыттың қадірін түсініп, әке-шешенің разылығын табуға тырысу керек. Әке-шешеміз разы болмаса, Алла тағала бізге қалай разы болады?!
«Бірде жас жігіт кеп имамнан сұрайды: «О, имам бақыттың дәмін сезгім келеде деп». Сонда әлгі имам жігіттен сұрады: «Анаң барма?» жігіт: «Иә» имамның сондағы айтқаны: «Үйіңе барып, анаңды құшақтап, жіберген қателіктерің үшін кешірім сұрап, жақсы көретініңді айт» деген екен. Әлгі жігіт ертеңінде кеп: «О, имам мен қандай бақытты екенмін» [4],дейді.
Қандай жүрек болмасын, осы жігіттің істегенін істесе бақыттың дәмін сезері анық.
Сүйікті пайғамбарымыздың (с.ғ.с) айтқан өсиеті бар: «Сендер жақсылық жасаушыларыңның қадірін білмей жүрмеңдер»[1]. Балалары әке-шешенің, әйелі- күйеуінің, күйеуі- әйелінің, әркім отбасының қадірін түсіне білу қажет.
Қорыта келе айтарымыз,ерлі-зайыптылардың өзара түсіністігі көп түйткілдің таптырмас емі. Алла тағала біріні-бірі мәңгілік жар боларлық ерлі-зайыптылардың санын арттырсын.Сонда ғана келешекте де елінің, жұртының, дінінің қамын ойлайтын білімді, білікті, иманды отбасы көбейкрі сөзсіз.
Әлтаев Бақытжан
Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-нің
3курс студенті
Пікірлер