Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Оразаға дайынсыз ба?
02 сәуір, 2021 жыл 330 Басып шығару нұсқасы

Ассаламу алайкум уа рахматуллахи уа баракатух, құрметті мұсылман бауырлар. Алла Тағала ұстаған оразаларымызды құлшылық ғибадаттарымызды қабыл етсін. Алла Тағалаға мадақтар болсын, Пайғамбарымыз () салауат болсын, сонымен бірге Аллаһ Тағала барлық мұсылмандардың жүректеріне иман беріп, тура жолға бастасын!

Алла қаласа сәуір айында хижри жыл санағы бойынша Рамазан айы кіреді. Рамазанға дайындықты ертеден бастаған жөн. Пайғамбарымыздың () заманында сахабалар 6 ай бұрын рамазанға дайындықты бастайтын болған екен. Бұл жердегі мәселе азық-түлікпен қамдану емес, руханы жан-тәніңді даярлау. 

Бұл дегеніміз шындап келгенде өте қиын да күрделі нәрсе. Ауызға айтуға жеңіл болғанымен, амал етуге келгенде нәпсіні жеңу оңайға түспесі анық...

Есіңізге салыңызшы, Сіз ғұмырыңызда бәлкім 10 ораза, бәлкім 20 оразаны қарсы алып, шығарып салып үлгерген боларсыз. Алайда, әрбір адам Рамазан аяқталғанда: «Уақыт деген қандай жылдам?! Бір ай көзді ашып-жұмғанша өте шықты... Ештеңеге үлгере алмадық. Құранды да бітіре алмадым, тарауық намаздарды жіберіп алдым. Құдай қаласа, келер жылы бәрі басқаша болады» деген өкінішке ұрынады. Ислам ғалымдары мұның себебі – Рамазанға деген дайындықтың жоқтығында деген пайым айтады. Қасиетті айды асыға күткенімізбен, оған деген дайындық Рамазан табалдырықтан аттағанда басталады. Нәтижесінде, Рамазанның ләззатын сезінуден мақрұм қалып жүрміз. Мұны білген сахабалар Рамазанға алты ай бұрын дайындалып, алты ай бойы Алладан аман-есен жетуді сұраған екен.

Олай болса бүгіннен бастап, Оразаға дайындықты бастайық. Неден бастаймын?-деген сауалға бірнеше амалды ұсынамыз, тек құлақ ассаңыз болғаны:

1. Ниетті түзеу. Амалдар ниетке байланысты. Сондықтан, ниетіңізді дұрыстаңыз. не нәрсеге ниет етсеңіз Алла соны береді, бұған еш шүбәңіз болмасын.

2. Дұға жасау. Күнделікті дұғамызға Рамазанға аман-есен жетуді, ұлы мүмкіндікке ие болуды, атқаратын құлшылықтарымызды жеңіл әрі жемісті етуін Алладан сұрап, дұғамызға қосайық.

3. Жоспар құру. Дәл бүгін қолыңызға қалам мен қағаз алып, Рамазан айына жоспар құрыңыз. Сонда дайындық шаралары да мәлім болмақ. Мәселен, мен Құранға қатым жасаймын, мінез-құлқымды дұрыстаймын, Жетімдер үйіне барамын, Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірбаянын оқимын, 50 хадис жаттап, оған амал жасаймын т.б.

4. Жұмысты реттеу. Он бір айымызды дүниелік қажеттіліктерімізге арнап, бар болғаны отыз күнді Жаратушымызға, Ақыретке арнасақ айып болмас... Ғалымдар «Алла ақыреттік істерге көбірек көңіл бөлген адамның бұл дүниелік істеріне жеңілдігін жасап қояды» деген.

5. Умраға қамдану. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Рамазандағы умра қажылыққа тең келеді» деген. (Бұхари, Муслим). Сапарға тек рухани дайындық емес, материалдық қажеттіліктер де талап етілетіндіктен, қаражатыңызды, демалыс күндерді, құжаттарыңызды осы бастан әзірлегеніңіз абзал.

6. Садақаға ақша жинау. «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жақсылықта адамдардың ең жомарты еді. Рамазанда Жәбірейл (оған Алланың сәлемі болсын) келіп жолыққанда одан да қатты жомарттық көрсететін». (Бұхари, Муслим). Осыған сәйкес ғалымдар Рамазан айында жомарттықпен садақаны көп беруге тырысу - абзал амал деген. Қасиетті айда сауап теремін десеңіз, арнайы ыдыс арнап, садақа үшін ақша жинауды да бүгіннен бастаңыз деген кеңес бергіміз келеді.

7. Құран оқып үйрену. «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әрбір Рамазанда Жәбірейл (оған Алланың сәлемі болсын) періштеге Құранды толығымен оқып беретін». (Бұхари, Муслим). Сол себептен сахабалар бұл айда Құранды жарыса хатым етуге тырысатын. Егер сіз тәжуид ережелерін дұрыс білмейтін болсаңыз, дәл бүгіннен бастап қам жасаңыз. Себебі, Рамазанда әріп үйренуге қарағанда, Алланың сөзін оқығаныңыз – әлдеқайда абзал. Ал егер, Құран оқи білсеңіз, бір айда хатым жасап үлгеру үшін, алдағы төрт айда 2 рет хатым жасауды мақсат тұтыңыз. Бұл амалды бүгіннен қалдырмағаныңыз дұрыс.

8. Нәпіл құлшылықтарды арттыру. Жоғарыда айтқанымыздай, Рамазан – құлшылыққа дайындық емес, сол құлшылықтар атқарылатын ай. Адамдар көп құлшылыққа бейімделмегендіктен, ауыр салмақтың әсерінен құлшылық рахатын сезіне алмауы әбден мүмкін. Хадисте: «Кімде-кім Рамазанда иманмен және Алладан сауабын үміттене отырып намаз оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі» делінген. (Бұхари, Муслим). Олай болса, түнгі намазға тұруды жиілетіңіз дегіміз келеді. Сондай-ақ, жазда күн ұзақ болатындықтан, күні бойғы оразаға шыдамауымыз да мүмкін. Мұның алдын алу үшін, бүгіннен бастап сүннетке сай, дүйсенбі және бейсенбі оразаларына ыждағаттылық танытыңыз.

9. Денсаулығыңызды күтіңіз. Асқазаны ауыратын немесе денсаулығында басқа да ақауы бар адамдар ем-дом шараларын бүгіннен бастағаны абзал.

10. Қажет заттарды сатып алу. Оразаны жеңіл өткізуге себеп болатын керек-жарақтарға бүгіннен бастап ақша жинаңыз немесе қолыңызда бар болған жағдайда сатып алуды кейінге қалдырмаңыз.

11. Оқулықтарды дайындау. Рамазан – рухты, тәнді тәрбиелейтін ай. Егер, сіз осы айды құлшылыққа арнап, бір жылға азық болатын білім жинауды мақсат тұтсаңыз, оқулықтарды, дәрістерді қазірден бастап іздеуге, сатып алуға ден қойыңыз. Құраныңыз жоқ болса, қолға түсіруге асығыңыз. Сауап мақсатында сыйлық ретінде таратуды қаласаңыз, бірнешеуін жинауды бүгіннен бастап қолға алыңыз.

12. Дұға-сүрелер жаттау. Рамазанның түндерін намазбен, дұғамен өткіземін деген адам, намазда оқылатын сүрелер санын осы бастан арттыра бергені абзал. Дұғалар қабыл болатын уақытта кітапша іздеп кеткіңіз келмесе, Құран мен сүннеттегі дұғаларды жаттауды бүгіннен бастаңыз.

Қадірлі, бауырлар! Жоғарыда ұсынылған жазбамызда өз парқымызша Рамазанға дайындық шараларын қарастырып көрдік. Әрбір сәтімізді екі дүниемізге ұтымды пайдалануға асығайық. Алла Тағала құлшылықта ынталы етіп, күнә-кемшіліктерімізді кешірсін!

Төлтаев Ербол Мұқанұлы

Балқаш қаласы мешітінің бас имамы

 

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары