Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Пайғамбардың (ﷺ) көркем мінезі
19 наурыз, 2021 жыл 695 Басып шығару нұсқасы

Әрбір саналы мұсылман баласы көркем меніздің биік үлгісі ретінде пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у) өмір жолын, оның іс-әрекетін негізге алады. 

Сүйікті пайғамбарымыздың (ﷺ) ерекше жұмсақтығына бірер мысалдар айта кетейік:

Пайғамбарымыз (ﷺ) мұсылмандарға садақа үлестіріп жатқан болатын. Бір уақытта бір кісі: әділ бол! Мынау бөліс Алла ризашылығын ниет еткеннің тірлігі емес, деп қатты қатты сөздер айтты. Пайғамбарымыз (ﷺ): оған: Мен әділ болмағанда кім әділ болмақ?! Әділдік етпесем қор болғаным ғой, деген жауаптан артық сөз айтпады. Әлігі наданның сөзін естіген сахабалар өлтірмек болып түрегелгенде пайғамбарымыз барлығын тиып тастады. (Ибн Масудтан: имам Бухари, фард хумс, 3150; Муслим, зекет, 140/1062).

Араб жұртында дала халқы аса дөрекілігімен танымал ел. Олар үлкен кіші демей қойып қалатын әдеттерімен белгілі еді.

Анас бин Малик (р.а.) әңгімелейді: Мен пайғамбармен (ﷺ) бірге едім. Ол кісінің үстінде қатты матадан тігілген шапан бар еді. Бір дала арабы (араби) ол кісінің (ﷺ) жағасынан ұстап өзіне қарай қатты тартты. Тіпті, қалың шекпеннің жағасы пайғамбардың мүбарак мойнына батты. Сосын ол: ей, Мұхаммед! Сендегі байтул малдан (қазынадан) мына екі түйеме толтырып артып бер. Сен өзіңнің немесе әкеңнің малы емес қой, деп дүрсе қоя берді. Мұндай дөрекілікке пайғамбарымыз (ﷺ): қазына Алланың қазынасы, ал мен Оның құлымын, деп жауап берді. Сосын пайғамбар (ﷺ): «ей, араби маған істегенің, мен де саған істеймін (яғни, шариғат бойынша жәбір көрген кісі, дәл сондай жолмен өз ақысын алуы керек)», деді. Араби: жоқ, деді. Ол кісі (ﷺ): неге? деді. Араби: Сен жамандыққа жамандықпен жауап беретін адам емессің, деді. Пайғамбар (ﷺ) оның жауабына күліп, бір түйесіне арпа, екіншісіне құрма артып беруді тапсырды. (Әбу Дауд, адаб, 4775)

Міне, нағыз сүннетпен жүремін деуші мұсылман баласы осы хадистерге амал етіп көрсін. Дөрекілікке жұмсақтықпен, ашуға ұстамдылықпен жауап беріп көрсін.

Пайғамбарымыз Мұстафа (ﷺ) міскіннің жағдайын сұрап үйіне баратын, кедеймен бірге отыратын, құлдың шақырғанына «ләббай» деп үн қататын, мәжіліс құрғанда сахабаларымен араласып отыратын. Арнайы орынға отыру немесе төрге шығу дегенді білмейтін. Ол үнемі: «Мен құл қалай жесе солай тамақтанамын, құл қалай отырса солай отырамын», деп айтушы еді.

Айша, Хасан, Әбу Сағид (Алла тағала баршасынан разы болсын) пайғамбарымыздың сипаттағанда: отбасына үй шаруасына жәрдем беретін, көйлегін өзі тазайтын, қойды сауып, киімін жамайтын, аяқ киімін өз қолымен жөндейтін, өз шаруасын өзі істейтін, түйесін байлайтын, қызметкерімен бірге тамақтанатын, бірге қамыр илейтін, базардан керек затын өзі арқалап әкелетін, еді дейді. Ал, қазірге таңдағы маңдайы сәждеге тиіп жүрген мұсылман бауырларымыз осы сүннеттердің қайсы бірін орындап жүр. Бұл өте тәрбиелік мәні зор хадис.

Кішіпейілділігі және жұмсақтығына қоса кісі қаймығатын сұсты бар еді. Ибн Мажаһ кітабында мынадай хадис айтылады: Пайғамбар құзырына бір кісі шаруамен кіреді. Ол пайғамбардың айбынынан қобалжып, аузынан сөз шықпай қалады, сонда расуліміз (ﷺ):

هوِّنْ عليك فإني لستُ بملكٍ إنما أنا ابن امرأة من قريش كانت تأكلُ القديدَ

«Қорықпа, мен патша емеспін. Мен кептірілген ет жейтін құрайыш әйелінің баласымын», деген екен.

Әсілінде, пайғамбарымыз (ﷺ) екі дүниенің сұлтаны, Алла тағаланың сүйікті құлы һәм досы еді. Бірақ, тым қарапайым кісі болды.

Өзін әсірелеп мақтайтын адамдарға: «мені Юнус бин Маттадан артық санамаңдар, Пайғамбарларды бірін бірінен артық етпеңдер, мені Мусадан артық деп көрмеңдер. Расында Ибраһимнен қарағанда шүбәға біз лайықпыз», деп жауап берген. Бұл сөздерінің мағынасы Юнус (ғ.с.) пайғамбар адам баласы еш қашан зікір етпеген орында, Алла тағаланы тіліне алып үлкен абыройға ие болған пайғамбар. Яғни, ол балық ішінде отырып, Алланы зікір еткен. Бұл жоғары мәртебе. Алайда, сахабалар пайғамбарымыз (ﷺ) миғражда жеті қат көктің үстінде тұрып Жаратушыны зікір еткенін айтып мақтап тұтатын. Ал, Ибраһим (ғ.с.) Құдіреті күшті Алла тағалаға мәніжат етіп, өлген денені қалай тірілтетіндігін сұрайды. Алла пайғамбарына: иман етпесің бе?, деп сұрайды. Сонда: керісінше, мен иман етемін, алайда жүрегімдегі сенімімді орнықтыру үшін, деп жауап берген. Сол оқиғасы негізге алып, пайғамбарымыз (ﷺ) «Расында Ибраһимнен қарағанда шүбәға біз лайықпыз», деп айтқан.

Ендеше, құдіреті күшті Алла тағаладан мінезімізді көркем етіп, ақыреттегі есепте таразымыз сауап жағынан ауыр келуін сұраймыз.

 

 Нуров Махмуд қажы Нурұлы

«Бала қажы» мешітінің бас имамы

 

 

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары