Мейірімді мінезде мін болмайды.
Қайырымды қол құр болмайды.
Әдеп сәулесі түскен күн сияқты
Ұят денесін жапқан қыз сияқты.
Парасат пен ізгілік біле білсен,
Жақсылықтан тартатын сый сияқты.
***
Тәкаппар болған соң кесірліден
Ұяттың орны қалып өшірілген.
Нашар мінезді сөзден талас құрып,
Ыза болған иттей өшігуден.
Жаралы денеден қан тамшылаған
Адам өлмеген соң жан шыдаған.
Ашу байлаулы қабаған ит
Сабырды кіргізбей арсылдаған.
Ашу сабасына түспесе егер.
Сабырдың піспегі піспес еді.
Қарысқан жақтай, ақымай ойлы
Шайтан мойнынан түспес еді.
***
Сұқтанып қарама,
Сұсына қаласың.
Тіліңнен сақтан,
Бағыңды жабасың.
Олақ болма,
Қарғыс аласың.
Күншіл болма,
Арсыз қаласың.
Жаман мінезден сағың сынып,
Қазан ат түгіл, жабыға жетпей,
Далада қаласың.
***
Баста орамал ашық емес жел тараған,
Етегі ұзын қысқа емес жел қараған.
Бойы мен ойы жинақы әйелдерден,
Ұялып жел өзін сипап жер қараған.
***
Ұятты айналып өтіп ап,
Ізгілікке шақырма.
Әдепті бойдан шешіп ап,
Күнәні сөзбен жасырма.
Мейірді жүректен кесіп ап,
Бітеу жараны қасыма,
Мойнына құл хақын ап,
Қайырым айту ақыл ма?
Әділет іздеуші,
Ағынан жарылған адам ғана.
Қапырықта жан сая,
Көлеңкелі самал ғана.
Зейнеті еңбегіңнің,
Тәрбиелі балаң ғана.
***
Табанда айтқан шешімнен,
Табалы болу оп - онай.
Шала бір айтқан ақылдан.
Жалалы болу оп – онай.
Орынсыз айтқан сөзінен,
Қаралы болу оп – онай.
Ниеті қисық адамды,
Қырсық шалу оп – онай.
***
Адам малдың тезегі,
От боп үйді жылытқан.
Нашар жанның өзегі,
Шыққан жерін ұмытқан.
Кесір мінез кесапат,
Бағы ашылмас қырсықтан.
Нәпсіге тұтқын құтылмас.
Шайтан салған құлыптан.
***
Қарға адаммен ар өлшенген,
Бақай есеп жалған намыс.
Өтірік ерлеп,
Жамандық жерлеп,
Әділ- шындық арыған.
Тұсалған ақыл,
Күш алған ақша,
Бай – кедейді қарыған.
***
Дүниеге қызығудан көз байланар,
Құлақ керең, семіріп іш майланар.
Іштарлықтан жүрек тасқа айналып,
Табаны жер тіреген құзға айналар.
Әлһамды.
Ақылсыз байлық жияр,
Қайырын білмей.
Есі жоқ ойнап күлер,
Сабырын білмей.
Білімсіз жазықсызға жала жабар,
Басына келген қайғыны білмей.
Санасыздан сөз тартпа
Өсектен басқа сыры жоқ
Сенімі жоққа сый тартпа
Еш нәрсеге қыры жоқ.
Нәпсінің есігінде жүрген ақылсыз шынға сенбей, жоққа сенуінде жалғаншылық бар, адамгершілік жоқ. Жағымпаздық жалғаншының жаулығын жамылу.
Имам Мейрам қажы
ihsan.kz
Пікірлер