Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Зұлымдық көрген адамның дұғасы
09 наурыз, 2021 жыл 1020 Басып шығару нұсқасы

Хорасан әкімі Абдуллаһ бин Тахир өте әділетті адам еді. Бір күні жасауылдар бірнеше ұрыны ұстап, оған хабарлайды. Әлгілерді әкімнің алдына әкеле жатқандарында, ұрылардың бірі қашып кетеді. Ол кезде хираттық бір ұста Нишапурға өз жұмыстарымен барған болатын. Түнделетіп үйіне қайтып келе жатқанда оны ұры деп ұстап алып, әлгілермен бірге алып барады. Әкім оларды түрмеге қамауға бұйрық береді.

Ұста түрмеде дәрет алып, намаз оқиды. Қолын жайып, «Иә, Раббым! Кінәлі емес екенімді тек сен ғана білесің. Мені бұл зынданнан сен ғана құтқара аласың» деп дұға етеді. Әкім түнде түсіне төрт күшті адам келіп, тағын теріс аударайын деп жатқанын көріп, шошып оянады. Дереу дәрет алып, екі рәкат намаз оқиды. Қайтадан ұйқыға жатады. Тағы да сол түсті көріп оянады. Өзінен зұлымдық көрген адамның наласы бар екенін түсінеді.

Дереу сол күні түрменің бастығын шақырып: 

– Түрмеде зұлымдық көрген адам бар ма? – деп сұрайды. 

– Білмеймін. Бірақ біреуі намаз оқып, көп дұға етеді, – дейді. Оны алдырып, жағдайын сұрап, кінәсіз екенін білді. Кешірім сұрап былай дейді:

– Кешір, мың күміс сыйлығымды ал және қандай да бір тілегің болса маған кел.

– Кешірдім, сыйлығыңды қабылдадым. Бірақ тілеуімді сенен сұрап келе алмаймын.

– Неге келе алмайсың?

– Өйткені, мен сияқты бір кедей үшін сен сияқты сұлтанның тағын бірнеше рет теріс аударған иемді тастап, тілегімді сеннен сұрауым дұрыс бола ма? Намаздан кейін оқыған дұғаларым арқылы мені қаншама қиыншылықтан құтқарды. Қаншама мақсатыма жеткізді. Қалайша мен басқа адамнан тілеуімді сұрамақпын? – дейді.

Осылайша, ұста сұлтанның түрмесінен аман-есен шығып, еліне қайтты. 

Әсілі, дінімізде жәбір көргенге қамқорлық көрсетіп, зұлымдық жасаушының теріс әрекетіне кедергі ету туралы айтылады. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Жәбір көрушіге де, залымға да болсын дін бауырларыңа жәрдем беріңдер» деген кезде, «Йа Расулалла, залымға қалай жәрдем береміз?», деп сұралады. (Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Оның зұлымдығына кедергі болу арқылы жәрдем еткен боласыңдар» (Бұхари)  – деді. Сонымен қатар, зұлымдық жасайтын адамға көркем түрде үгіт-насихат жасаған абзал. Алла Тағала Мұса (ғ.с.) пайғамбар мен оның туыс бауыры Һарун (ғ.с.) екеуіне былай деп бұйырған еді: «Екеуің Перғауынға барыңдар, өйткені ол шектен шыққан. Оған сыпайы сөз сөйлеңдер, мүмкін үгіт алар немесе қорқар» («Таһа» сүресі, 43,44 аяттар) деген.

Қазіргі уақытта күнделікті құлаққа шалынатыны, пәленше деген күйеуі әйеліне зұлымдық жасады, бір мекеменің басшысы жұмыскерлеріне жәбір көрсетті, мұғалім оқушыға зұлымдық етті, сатушы саудагерді алдап қалтасынан қақты және тағысын тағы зұлымдықтың түр-түрі орын алып жатады. Кейде осы жайсыз істер өкінішке орай біздің өз басымыздан да өтіп жататыны белгілі. Ол іс-әрекеттердің біріне шынымен зұлымдық екеніне көзіміз жетіп, одан бас тартып жатсақ, тағы біріне аса мән бермей, жеңіл санап, өзге мұсылман бауырмызды ренжітіп, қаншамасына сауабымызды үйіп төгіп берудеміз?!... Зұлымдықтың үлкен-кішісі болмайды. Немесе зұлымдық, немесе әділдік болады, үшіншісі жоқ.

Алла баршамызды өзімізге және басқаларға зұлымдық жасаудан сақтасын! Ақиқатында «Алла тәубе етушінің тәубесін қабыл етеді» (Муслим, Ахмад).


Төлтаев Ербол Мұқанұлы

Балқаш қалалық мешітінің  имамы


 

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары