Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Әр істе жауапты бол, бауырым!
02 наурыз, 2021 жыл 512 Басып шығару нұсқасы

Жауапкершілік – адамның белгілі бір іске, тапсырылған міндетке жауапкершілікпен қарап, оны қалай да орындап, жүзеге асырып отыратын адамгершілік қасиетінің көрінісі. Жауапкершілігі мол адам болғысы келетін тұлға әуелі міндетті ісін орындап шығуы үшін сол жұмыстың мән-жайын жете түсініп, үнемі мезгілінде атқарудың әдіс-тәсілін қарастырады. Сөйтіп орындаған ісінің өзі мен өзгелерге нендей нәтиже бергенін айқын аңғарып, көпшілік қауымға тигізетін пайдасын ойластырып, азаматтық борышын орындау керек. Уақыт өте келе жеке басы мен қоғам алдында атқарған еңбегінің жемісті екеніне көзі жетіп, барлық қажеттіліктерді қанағаттандырудың негізі еңбекте екенін терең ұғынады.

Жауапкершілікті терең сезініп, өзіне жүктелген міндетті бұлжытпай орындаған Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) баршамызға үлгі. Қашанда өз сахабаларына жауапкершілігі мол адам болуды үндеп, тәрбиелеп, бағыт-бағдар беріп отыратын. Өйткені жауапкершілігі мол адамдар анағұрлым саналы әрі мұқият әрекет ететінін білетін.

Ардақты Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әрбір адам бағушы әрі қол астындағыларға жауапты. Мемлекет басшысы да қол астындағыларға жауапты. Ер адам отбасы үшін жауапты. Соларға жауап береді. Әйел күйеуінің үйіне жауапты. Сол үшін жауап береді. Қызметші қожайынының малына жауапты. Қолына табысталғандарға жауап береді. Әрбірің бағушысыңдар әрі қарамағындағыларыңа жауап бересіңдер» (Бұхари, Мүслім) деген. Яғни қоғамдағы түрлі деңгейдегі адамдардың белгілі бір жауапкершілігі бар екенін меңзеген.

Дүниенің қым-қуыт тіршілігіне араласып жүріп осы жауапкершіліктерімізді сезінбейтін кездеріміз көп болады. Оны сезінбеу, білмеу бізді жауапкершіліктен құтқармайды. Пайғамбарымыз өзінің бір хадисінде: «Барлықтарың бақташысыңдар, қол астыңдағылардан жауап бересіңдер. Басшы да бақташы. Ер де отбасының бақташысы. Әйел, үйінің және бала-шағаның бақташысы» (Бұхари, Неке 91) деп бұйырады. Демек, біздің қол жеткіздік деп жүрген нәрселеріміз біздің жауапкершілігімізге берілген міндеттер. Осы жауапкершілікті сезінбес үшін әртүрлі жаман қылықтарға бет бұратындар да бар. Бірақ, ол оны уақытша ғана санадан шығарғанымен түбегейлі алып тастай алмайды.

Егер, пайғамбарымыздың жоғарыдағы хадисіне амал қылсақ, қоғамда мүлде мәселе туындамаған болар еді. Өйткені, әркім өзінің қоластындағылар үшін жауап беретіндігін түсініп, барлық талаптарды орындаған болар еді. Ал біздің қоғамда осыған немқұрайлылық күшейген. Сондықтан, баланың  ата-анаға қарсы шығуы, қызметкердің басшыға бағынбауы үрдісі белең алған. Қоғамдағы жауапкершілік әлсірегеннің тағы бір көрінісі – парақұмарлықтың, жемқорлықтың артуы. Алланың алдында мұның жауабының орасан екендігін сезінбеушілік адамды уақытша өмір кезеңімен ғана шектелетіндей алдайды.

Ал пайғамбарымыз бұл жайында тағы бір хадисінде: «Қиямет  күні адам баласы бес нәрсе үшін жауап бермейінше босатылмайды: өмірін қайда жұмсағандығынан, алған білімімен амал еткен-етпегендігінен; мал-мүлкін қайдан тауып қайда жұмсағандығынан, және тәнін қайда шаршатқандығынан» (Термези, Қиямет 1) деп бұйырады. Бұл жағымсыз сипаттар қоғамды күйреуге апаратындығын түсініп, ұғынып жатпайды. Пара тек адамдардың сол қызметке лайықсыз болған жерлерінде жүреді. Ал лайықсыз адамдар іс атқарған қоғам күйреуге бет алады. Сондықтан, әрбір саланың маманы өзінің жауапкершілігін жете сезінуі керек. Әрбір қолымызға берілген нығметтен жауап береміз.

Тілімізге, ісімізге үлкен сақтықпен қарауымыз қажет. Әсіресе, дін атынан сөйлеп, үкім айту аса үлкен жауапкершілікті талап ететіндігі және білімсіз пәтуә берудің ислам дінінде тыйым салынған. Бұл жайлы Алла Елшісінің (ﷺ) сүннетінде де көптеген дәлелдер бар.

Мәселен Абдулла ибн Амрдан (р.а) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ) дін атынан сөйлеудің жауапкершілігі жөнінде былай деген:

 إِنَّ اللَّهَ لَا يَقْبِضُ الْعِلْمَ انْتِزَاعًا يَنْتَزِعُهُ مِنْ الْعِبَادِ وَلَكِنْ يَقْبِضُ الْعِلْمَ بِقَبْضِ الْعُلَمَاءِ حَتَّى إِذَا لَمْ يُبْقِ عَالِمًا اتَّخَذَ النَّاسُ رُءُوسًا جُهَّالًا فَسُئِلُوا فَأَفْتَوْا بِغَيْرِ عِلْمٍ فَضَلُّوا وَأَضَلُّوا . رواه البخاري

«Расында Алла Тағала адамдардан білімді өшіріп тастаумен емес, бәлки ғалымдардың дүние салуы арқылы алады. Осылайша бірде-бір ғалым қалмаған соң, адамдар өздеріне надандарды басшы етіп тағайындап, сауалдарының жауабын солардан сұрайды. Олар білімсіз пәтуа береді де, нәтижесінде өздерімен қоса өзгелерді де адастырады» .

Жоғарыда келтірілген хадистегі білім сөзімен мұрат етілген нәрсе – Алла Тағаланың кәләм шарифі Құран мен Алла Елшісінің саф сүннеті. Ғалымдар деп отырғаны осы білімді терең меңгерген адамдар. Білім арқылы адамдар Жаратушысына жақындаса, ал ғұламалар арқылы адамдар ілімге қол жеткізетіндерін әсте ұмытпаулары қажет.

 

                                                                                           Төлтаев Ербол Мұқанұлы

Балқаш қалалық мешітінің имамы

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары