Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Алтын Орданың айбарлы билеушісі Берке хан
23 ақпан, 2021 жыл 103 Басып шығару нұсқасы

Берке ханның 1258 жылы таққа отыруымен Алтын Орда империясының жаңа даму дәуірі басталды. Беркенің Ислам дінін қабылдауына байланысты Алтын Орда мемлекеті Шыңғысхан құрған ұлы қағанаттан еншісін бөлек алып шығып, ғалам тарихында дербес саясат жүргізетін державаға айналды. Берке хан Қарақорымнан сырт айналғаннан кейін тәуелсіз мемлекет ретінде Алтын Орда мемлекетінің ішкі-сыртқы функциясына жаңа өзгерістер жасауға тиісті еді. Өйткені, оның билігі тұсында Шыңғыс ұрпақтары жаулап алған иеліктерді бөлісе алмай өзара қырқыса бастады. Сондай-ақ, Алтын Орда мемлекетінің алғашқы билеушісі Бату хан дін мәселесінде бейтартап ұстанымда болса, ал, Берке ханның Ислам дінін қабылдауына байланысты, Жошы ұлысының ішкі-сыртқы саясатында діни мүдде негізгі рөл атқарды.

Берке хан таққа отырғаннан кейін Алтын Орда мемлекетінің ішкі әкімшілік түзімін және сыртқы саяси арналарын жаңа бағытта өрбітуге күш жұмсады. Ішкі әкімшілік жүйеге өзгерістер енгізу барысында Берке хан чингизидтердің билігін мүлде шектемесе де, олардың қатаң түрде орталық билікке мойынсұнуын қолға алды. Мемлекеттің милитаристік қуатын одан арықарай арттырып, әкімшілік жүйедегі ондық, жүздік, мыңдық, түмендік әскери тәртіпті одан әрі нығайта түсті. Мемлекеттік басқарудағы диван қызметіне Ислам орталықтарынан арнайы шақыртылған діни оқымыстылар тартылып, Алтын Орда қалаларының сипаты мұсылмандық нақышта өріле бастады. Империяның мұсылмандар қоныстанған қалаларында жаппай мешіт-медіреселер салынып, исламдану үдерісі қарқын түрде жүзеге асырылды.

Берке хан Алтын Орда халқының тек діни сенімін ғана емес, мемлекеттің қоғамдық құрылысына да өзгерістер жасағысы келді. Мемлекеттік қызметке тегі араб және парсы мұсылман құқықтанушыларын әкелді. Олардың ішінен уәзір лауазымына ие болғандар да шықты. Алайда, Берке ханның діни реформасы әлі Исламды қабылдамаған Шыңғыс ұрпақтарының наразылығын туғызған кездері де болды. Тіпті, тарихшы Егоров Шыңғыс ұрпақтарының бұл наразылығы көтеріліске ұласа жаздағанын айтады.

Берке хан Ислам дінінің жоқтаушысы екенін өзінің әрбір ісінде ашық білдіріп отырды. Мысалы, оның Сарай-Батудан сәл жоғарырақ Еділ өзенінің бойынан Сарай-Жадид (Сарай-Берке) қаласын салдырып, Алтын Орданың астанасын ауыстыруында мұсылмандық мүдде басым-тын. Бас қаланы ауыстыру реформасы әлбетте астананының кескін-келбеті мұсылмандық өрнекте болу үшін қолға алынды. Біржағынан сол кезде Алтын Орда мен Мысыр мемлекетінің мұсылмандық саяси-діни одақ құруы қалалардың исламдық сипат алуына өз әсерін тигізді. Мысыр билеушілері Алтын Ордадағы мешіт құрылыстарына қаражат бөліп, тас қашаушы сәулетшілерді жіберіп отырды. Ал, Ислам дініне деген бетбұрыстың нәтижесінде Алтын Орда қалаларында мешіт-медреселермен бірге қоғамдық монша, әжетхана, кәріз жүйесі, су құбырлары, қауыздар, бұрқақтар салынды. Бұрын жаулап алушы саналған халық бірте-бірте қала мәдениетін де игеріп, қолөнер кәсібін тиісінше жолға қойды.

Берке ханның Исламның шын мәніндегі жоқтаушысына айналғандығы оның сыртқы саясаттағы ұстанымынан да айқын аңғарылып отырды. Ол Алтын Орданың иелігі деп санаған оңтүстік Кавказдағы Әзірбайжан жері үшін өзінің немере інісі Иранды билеп-төстеген Құлағумен саяси текетіреске түсті. Оның себебі, Мөңке қайтыс болған соң, Ұлы Қаған тағына отырған Құбылай 1261 жылы Құлағуға «Елхан» атағын беріп, оны Иранның заңды билеушісі етіп бекітті. Осыған орай Закиров Берке ханның мұсылмандық мүдденің жоқтаушы екенін жеткізе келе, оның оңтүстікте Алтын Ордамен бәсекелес күшті мемлекеттің болғанын қаламауына байланысты Құлағумен қақтығысқа барғанын айтады. Ал, Мысыр жылнамашысы әл-Омаридың жеткізуінше Құлағудың Иранмен шектелмей, одан арықарай Ислам халифатын жаулап алу жоспарына Ислам дінінегі Берке хан әу баста-ақ ада-күде қарсы болған. Алғашқыда ағасы Батудың империядағы беделін пайдаланып, Құлағудың Амудариядан өтуіне тиым салдырған.

Әйткенмен, 1256 жылы Батудың өлімінен соң Мөңке қағанның бұйрығымен Құлағу әскері Амудариядан өтіп, Иранға кең көлемдегі шабуылын бастады. Ал, Бату ханнан кейін таққа отырған Сартақ болса Мөңке қағанның бұйрығына мойынсұнып, Құлағудың Иран мен Ислам халифатын жаулап алуына көмек ретінде Алтын Орда әскерін аттандырады. Бұл кезде Сартақ ханмен арасы салқын Берке Иран мен Ислам халифатын жаулауға кіріскен Құлағуға қарсы тұра алмады.

Атақты жылнамашы Рашид ад-диннің жеткізуінше Иран мен Ислам халифатына шапқыншылық жасауға Алтын Ордадан Орда Еженнің ұлы Құли, Шайбанның ұлы Балақан және Жошының кіші ұлы Бувалдың немересі Тұтар бастаған бірнеше түмен әскер аттанған.

Құлағу қолбасылық жасаған көшпелілердің қуатты әскері қысқа уақыттың ішінде Исмайлиттер билігіндегі Иранның қырыққа жуық қамал-бекіністерін талқандап, 1258 жылы Ислам халифатының орталығы Бағдатты жаулап алады. Одан арықарай Сирияны бағындыруға Мысырдағы мәмлүк билеушілерінің тегеурінді қарсылығына ұшырағанымен, Құлағу аз ғана уақыттың ішінде Оңтүстік Кавказ және Иран мен Иракты жаулап алып, Алтын Орда империясына бәсекелес көшпелілердің келесі бір қуатты – Елхан мемлекетін құрды.

Ал, Жошы ұлысында Сартақ пен Ұлақшының өлімінен соң 1258 жылы Берке хан Алтын Орда тағына отырды. Ол билікке келгеннен кейін Оңтүстік Кавказдағы Әзірбайжан жерлерінің Алтын Ордаға тиелісі екеніні алға тарта отырып, Елхан мемлекетімен текетіреске түсті. Әрине, екі ұлыстың ашық жауласуға баруына Әзірбайжан территорисына деген таластан басқа Ұлы Яса заңы бойынша Құлағудың Бағдатты алғаннан кейін Беркеге тиесілі олжаны жібергенде, сыйлықтардың Алтын Орда билеушісінің көңілінен шықпауы, Иранды жаулап алуға Жошы ұлысынан жіберілген әскери қолбасшылар – Тұтар, Балақан, Құлидың өлімі секілді себептердің әсер еткенін жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен, бұл себептер Берке мен Құлағудың арасын одан әрмен ушықтырып жіберген жәйттер болатын. Біздіңше басты себеп – Берке хан әу бастан-ақ Құлағудың Ислам елдеріне шапқыншылық жасауына қарсы болған еді. Осы себептен де, Мысыр билеушісі мәмлүк Захир ад-дин Бибарыс сұлтан Алтын Орда билеушісіне өз елшілерін аттандырып, мұсылмандық мүддені бірге қорғауға ұсыныс білдіргенде, Берке хан Құлағуға қарсы бірлесіп қасиетті соғысты бастауға пейілді болды.

Алтын Орда мен Елхан мемлекетінің арасындағы алғашқы қарулы қақтығыс 1262-1263 жылдары орын алды. Дербент түбінде шешуші шайқаста Алтын Орда қолы Елхан әскерін тас-талқан етіп жеңді. Әскер шығыны көп болған бұл соғыстың нәтижесінде Берке хан Дербентті Алтын Ордаға қайтарып ала алды.

            Құлағу 1265 жыл қайтыс болғаннан соң Елхан билігінің басына келген Абағаның тұсында екі мемлекет арасында әдепкіде дипломатиялық қарым-қатынас орнап, даулы Әзірбайжан жерлері үшін екі билеуші өз позициясын ашық білдірген жоқ. Берке хан екі арадағы жылы қарым-қатынасты пайдаланып Абағаның келісім беруімен Тебризде мешіт пен тоқыма шеберханаларын салдырды.

Абағаның Тебризде құлшылық үйін салуға келісім  беруі –  атасы Шыңғыстың діни төзімді болуға үндеген өсиетіне қайшы емес-тін. Ал, Алтын Орда билеушісінің Тебризде мешіт тұрғызуы – сөз жоқ Ислам дінінің мүддесі үшін жасалған ізгі қадам еді. Берке ханның Иранда тоқыма фабрикасын салдыруы – Алтын Орданың сол кезеңдегі экономикалық күш-қуатының артқанының көрінісі десек асыра айтқандық емес.

Алайда Алтын Орда мен Елхан мемлекетінің арасындағы дипломатиялық қатынас ұзаққа бармады. Екі арада сенімсіздік орнап, қайтадан екі мемлекет арасында соғыс өрті тұтанды. Абаға шеберлерден күдіктеніп, тоқыма фабрикасын талқандаса, есесіне Берке хан Алтын Орда жеріндегі Иран саудагерлерін қырып-жойды. Іле-шала Берке хан Иран жеріне қалың қол аттандырып, екі мемлекеттің әскерлері Кура өзенінде бетпе-бет келгенімен, Алтын Орда билеушісінің қайтыс болуына байланысты бұл соғыс нәтижесіз аяқталды.

Берке ханның тұсында діни һәм экономикалық қарама-қайшылықтан туындаған Алтын Орда мен Елхан мемлектінің арасындағы соғыс одан арықарай жүз жылға жуық уақытқа созылды. Алайда, екі мемлекет арасындағы кейінгі қақтығыстар қасиетті соғыс мазмұнында емес, даулы оңтүстік Кавказ өңірі үшін, сондай-ақ, бір-бірінен кек қайтару тұрғысында өрбіді.

Берке хан Елхан мемлекетіне қарсы соғыс ашқандағы мақсатына толық қол жеткізе алмағанмен, ол Алтын Орда империясының тұтастығының сақталып, одан арықарай дамуына зор еңбек сіңірді. Мәселен, Бату ханның тұсында бағындырылған Русь княздықтары Берке билік жүргізген кезеңде Алтын Ордаға қарсы дүркін-дүркін көтеріліс жасай бастаған еді. Новгород пен Псков тұрғындары 1257 жылы сауда-саттыққа салынатын тамға салығына қарсы бас көтерсе, 1259 жылы халық санағын жүргізуге қарсы көтерілді. Ал, 1262 жылы Ростов, Углич, Устюг, Ярославль, Суздаль, Владимирде Алтын Орданың алым-салық жүйесіне қарсы жаппай көтеріліс орын алды. Алтын Орданың тұтастығын сақтап қалу үшін көтерілістердің барлығы күшпен жаншылды (Кульпин, 44 с).

Жалпы, сол кезеңде Александр Невский бастаған орыс княздарының бір тобы православиялық Руське дүркін-дүркін крест жорықтарын ұйымдастырған католик шіркеуіне Алтын Ордаға протекторат болғанда ғана тойтарыс жасай алатынын жақсы түсінді (Хара-Даван Эренжен., Чингис Хан как полководец и его наследие, Алматы, 1992, 250-бет). Орыс княздарының үміті ақталып, расында да Алтын Орда билеушілері өзіне қарасты Русь жерлерін крестшілерден бірнеше рет қорғап қалды. Мысалы, княз Ярославтың ұлы Александр Бату хан көмекке жіберген Алтын Орда әскерінің арқасында әйгілі Нева шайқасында Ливондық крестшілерлерді тас-талқан етіп жеңіп, Псков пен Новгородты азат еткен болатын.

Ал, оңтүстік Русьте беделді саналған княз Даниил Галицкий Батудың көзі тірісінде оған өз еркімен бағынғанымен, Берке ханның билігі тұсында Папа ІV Иннокентийге арқа сүйеп, Алтын Орданың империялық билігіне мойынсұнғысы келмеді. Александр Невский крестшілердің рухани колониясына  айналмас үшін Алтын Ордаға саяси тәуелді болуды таңдаса, ал княз Даниил Галицкий керісінше католицизмге қолдау білдіріп, Алтын Ордаға қарсы тұрды.

Берке хан Оңтүстік Русьтегі ушыға бастаған жағдайды реттеуді тәжірибелі қолбасы Бурундайға тапсырды. Бурундай қолбасы болса 1258 жылы Литва мен Польшаға қарсы жойқын жорығын бастады. Осы жорықта Алтын Ордаға қарсы тұруға қауқарсыздық танытқан Даниил Галицкий еріксіз Бурундайға өз әскерін қосып, Литва мен Польшаға бірге шапқыншылық жасады. Алтын Орда әскері Литва жерлерін және Польшаның Краков пен Сандомир қалаларын қиратып, жорықтан қайтарында Оңтүстік Русьтегі княз Даниил Галицкийге бағынышты қалаларды шапты. Католик шіркеуінен іс жүзінде ешқандай әскери көмек ала алмаған княз Даниил Галицкий Алтын Орда әскерінің ойранына қарсылық көрсете алмады. Бурундай қолбасының бұл жойқын әскери соққысынан кейін оңтүстік Русь көпке дейін  ес жия алмады. 

            Берке хан Шыңғыс ұрпақтарының әлі Ислам дінін қабылдамағанына қарамастан мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатында ол өзінің Хақ діннің жоқтаушысы екенін ұдайы білдіріп отырды. Мысалы, 1263 жылы Мысыр билеушісі Бейбарыс сұлтанның елшілерін Византия императоры VIII Михаил тұтқынға алғанда, Берке хан Константинопольді қоршауға шұғыл түрде Ноғай бастаған Алтын Орда әскерін аттандырды. Алайда, Византия императоры Мысыр елшілерін тұтқыннан босатып, оларды араға салып, Алтын Ордаға алым-салық төлеуге уәде беріп,  Константинопольді Ноғай қолының шапқыншылығынан аман сақтап қалды. Десек те, Берке хан Жошы ұрпақтарының әлі Ислам дінін қабылдамағанына байланысты Алтын Орданы толықтай теократиялық мемлекетке айналдыра алған жоқ. Оның ұмтылысы Алтын Орданың исламдануына ілкімді бетбұрыс ғана бола алды. 

 

Мұхан Исахан

kazislam.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары