Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Рухани байлық - ізгілік пен имандылықта!
22 ақпан, 2021 жыл 43 Басып шығару нұсқасы

Рухани байлық дегеніміз – өмір сүрудің ақиқатын ұғынып, адам жаратылысына сай сипаттарымызды сақтай отырып, Алланың разылығына бөленуге ұмтылу ұғымға да келеді. Жалпы, рухани құндылықтарды санамалап айта беретін болсақ, көптеген ізгі сипаттар бар.  Соның ішінде «ихсан» ұғымы өзіңді, адами болмысыңды тану арқылы, әлемді жаратқан Алланы тану. Жұмыр басты жаратылған пенде екеніңді мойындай отырып, Жаратушының шеберлігіне бас иіп, ішкі жандүниеңді таза ұстау. Айналаға көкірек көзімен қарап «қайдан келдім?», «не істеуім керек?» және «қайда барамын?» деген ең маңызды сұрақтарға жауап іздеу. Осы жерде «не істеуім керек?» деген сауалды күн сайын еске алып, күнделікті тіршілігімізді сауапты істермен безендіре білсек ұтқанымыз. Мына әлемде ештеңе де мақсатсыз жаратылмағандығын жадымызда ұстап, әрбір нығметтің сұрауы болатындығын ескеріп, берілген нығметтерге алғыс ретінде шүкірімізді Аллаға бағыттау. Құлшылығымызды бүтіндей отырып, мұсылмандық сипаттарымызды сақтау және дамыту. Адам бойындағы ең асыл қасиеттер адамзат баласының ең жоғарғы мақсаттарына бағытталады. Бізді көркем бейнеде шеберлікпен жаратқан Алла сол көркемдікті мінезбен бекітуді үйреткен. Берілген әрбір күнгі нығметке уақытында шүкір ету, күн сайынғы сан қырлы сынақтарға сабырлық пен салқынқандылық таныту ізгі қасиеттер. Көбінесе адамдар дүние уайымын алға тартып, уақытша берілген сынақтың сынынан сүрініп жатады. Сөйтіп, өзіне ауыртпалық түсіріп және айналасын әуреге салып қояды. Ұяңдығымен үлгі болған сахаба Осман (Алла ол кісіден разы болсын) айтады: «Дүниені уайымдай беру жүректі қарайтады. Ал, ақиретті уайымдай беру жүректі нұрландырады». Демек, дүниелік істе қатты уайымға салыну адамның ең асыл болған жүрегін жаралап санасын әлсіретеді. 
Сахабаның осы ұлағатын Майлы Қожа ақын былай өрнектейді: 
«Ойласаң бұл дүние бекер екен,
Бақылға қуып жүрген шекер екен.
Жөнелген жүгі бітіп саудагердей, 
Адамзат күні бітсе кетер екен.»
Яғни, адам баласы Алланы көбірек еске алумен жүрек тыныштығын тауып, рухани байлыққа қол жеткізеді. Біз әрбір күнгі дұғамызда «Раббымыз! Бізге бұл дүниенің де, ахиреттің де жақсылығын бер!» деп тілейміз. Осы дұғамызға сай ниет пен іс-әрекетте болу нағыз мұсылмандық сипат. Хадисте: «Ақиқат байлық мал-мүліктің көптігінде емес, ақиқат байлық кеңпейілділік» делінген. Ал, кеңпейіл болу иманның жемісімен келеді. Жұдырықтай жүрегіміздегі иманның сәулесін бойымызға дарыту рухани байлықтың қайнар көзі. 
Ауезова Эльвира Әбілдақызы
«Әнет баба» мешітінің хатшысы
    

 

Ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары