Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!
«Яқин» сөзі йа-қи-на (аудармасы: адал, шынайы, сенімді болу; көз жеткізу) етістігінен шығады. Тілдік мағынасы түрлі, кез-келген күмәннан арылуды, бір нәрсеге деген нық сенімді, сондай-ақ адамның бойында қалыптасып, табиғатының бір бөлігіне айналған білімді білдіреді.
Адам баласының бұндай дәрежеге жетуі – дін жолындағы үлкен жетістік. Себебі, яақин ұстанымына ие болу дегеніміз, адамның сенім негіздерін білетіндігін, оларды толық қабылдап қана қоймай, сезінетіндігін білдіреді. Бұндай адам, сенім негіздерінің дұрыс емес немесе қате болуы мүмкін екендігіне бір сәт болса да күмәнданбайды.
Мұндай сенім деңгейі өздігінен пайда болмайтыны табиғи нәрсе, рухани даму, кез-келген даму үрдісі сияқты, қуатты күш-жігерді, кей-кезде алып күш-жігерді қажет етеді.
Бір нәрсенің ақиқатына сену және бұл сенімді өз іс-әрекетіңмен көрсету – екі бөлек нәрсе. Сондықтан яқин дәрежесіне деген сенім үнемі адамның іс-әрекетінде және ішкі жағдайында көрініс табуы тиіс.
Мысалы, әрбір мұсылман адам періштелерге еш күмәнсіз сенеді, бірақ періштелер туралы айтылған кезде ғана оларды еске алу – бұл бір, ал адам әр іс-әрекетін жасаған кезде оны үнемі екі періштенің бақылап отыратынын білуі – мүлдем басқа нәрсе және тура осыны имандағы яқин деп атаймыз.
Дін ғалымдарының пайымдауынша яқин үшке бөлінеді:
1. Ильм әл-яқин – ілімге негізделген сенім; Басқаша айтсақ, жүрекпен сенген нәрсеңді ақылыңмен негіздеу. Яқинның бұл түрі белгілер мен дәлелдерге негізделген берік сенім мен адалдықпен байланысты.
2. Айн әл-яқин – сезімге негізделген сенім; Көру, сезу секілді сезімдер секілді куә болу. Ғалымдардың пікірі мен тәжірибесі бойынша, яқин сенімінің бұл түрі неғұрлым қолайлы және тұрақты күй болып табылады.
Осы жерде мысал ретінде, Ибраһимнің (ғ.с.) басынан өткен бір оқиғаны келтірсек. Ибраһим пайғамбар (ғ.с.) Алладан өлген тіршілік иесін тірілтуді сұрайды. Қасиетті Құранда:
«Сонау заманда Ибраһим (ғ.с.): «Раббым! Өлікті қайтып тірілтесің, маған көрсет» деді. (Алла): «Маған сенбейсің бе?», – деді. Ибраһим (ғ.с.): «Әрине сенемін, бірақ жүрегім орнықсын, сенімін күшейе түссін» деді ...» («Бақара» сүресі, 260-шы аят).
Ибраһимнің (ғ.с.) өтініші бізден ешқандай күмән тудырмауы тиіс. Ол бұл оқиғаның нәтижесінде рухани сапасы жағынан да, мазмұны жағынан да ешқашан әлсіремейтін сенімге ие болады.
3. Хақ әл-яқин – ақиқатқа негізделген сенім. Алла Тағаланы өзінің барлық болмысымен, формалардан, бейнелер мен идеялардан тыс сезіну, тану. Ғалымдардың пікірінше, бұндай деңгейге жету – адамның рухани дамуының шыңы, ең соңғы нүктесі.
Қарапайым тілмен түсіндіріп көрейік: Бір адам Қағба туралы естіп, ол туралы бір жерден оқиды. Бұл ильм әл-яқин. Кейін ол Меккеге барып, Қағбаны өз көзімен көреді. Яғни, айн әл-яқин дәрежесіне көтеріледі. Демек, оның Қағбаның бар екендігіне деген сенімі бұрынғыдан күшейді.
Ал егер, бір адамға илаһи аян келіп, ол кезінде Қағбаның құрылысына қатысса, міне осыны біз хақ әл-яқин дейміз. Қағбаны өз қолымен салған адам оны ешқашан жоққа шығармайды.
Тағы бір мысал келтірсек: Адамның өлімнің бар екендігі мен шынайылығы туралы білімін ильм әл-яқинмен ұштастыруға болады. Адамның қайтыс болар алдындағы сәтін, оның алдында белгісіздік пердесі ашыла бастағанда кезді айн әл-яқин деп сипаттауға болады. Ақыр соңында, адамның өлімі хақ әл-яқинмен толық байланысты.
Бұл дәрежелердің әрқайсысының атауында яқин сөзі болғандықтан, олардың әрқайсысы өз дәрежесінде сөзсіз, кемел сенімді білдіреді. Сол себепті, яқин ілімінің бір түрі екіншісінен әлсіз деп айтуға болмайды.
Қорыта келе, яқин (шүбәсіз сенім) – ешқандай күмән тудырмайтын мызғымас және берік білім. Бұл сенімге ғибадат пен мойынұсыну арқылы ғана қол жеткіземіз. Бұл дегеніміз, біздің іс-әрекеттеріміз осы есікті ашатын негізгі кілт болып табылады және онсыз яқинға жету мүмкін емес.
Алла баршамызға яқин дәмін сезуімізді нәсіп етсін! Алла біздің кіші болсын, үлкен болсын амалдарымыздың бәрін шынайы әрі шүбәсіз сеніммен атқаруды нәсіп етсін!
Естай Айтуғанұлы,
Теміртау орталық мешітінің бас имам
Ihsan.kz
Пікірлер