Тілдік нұсқа
Радио

мақала

НӘПСІНІ ТӘРБИЕЛЕУ
03 ақпан, 2021 жыл 608 Басып шығару нұсқасы

Әрбір мұсылман қандай жағдайда болмасын, күнделікті тіршілігінде тақуалықпен өмір сүруге тырысуы міндетті. Ғалымдар ол тақуалықты сақтап қалудың үш түрін көрсетіп кеткен. 

Бірінші: Аз жеп-ішу.

Лұқман (алейһис салам) былай деген: «Асқазан (мөлшерінен артық) толса, онда сана ұйқыға кетеді. Ал (мөлшерінен) аз болса, онда құлшылық артқа кетеді».

Хакім Лұқманның айтқан «аз жеу» өсиеті – ол барлық пайғамбарлардың, сахабалар мен салих ғалымдардың ұраны еді. Күніміздегі көптеген ауру-сырқаттардың бірден бір себебі, азғындық пен шеттен шығудың зардабы, ішім-жемнің ысырапшылдығының барлығы сол тамақтан басталады. Сондықтан қазақ «ауру астан» деген. Денемізді өз мөлшерінен артық тамақтандыру ол көңілімізді жайсыздандырады, жүрегіміздің соғуын тездетеді, нәпсіні аздырады, рухымызды жаралайды, санамызды әлсіретеді.  Ал Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «...Біз (мұсылмандар) қарнымыз ашқанда ғана тамақ жейміз. Ал тамақ жесек тойғанға дейін жейтін қауымбыз» деген.  Халаби «Инсануль-уйюн», ІІІ, 299.

«Ешқандай адам баласы азқазанынан өте қәуіпті бір қап толтырмапты. Ал негізінде, адамға өзін аяқта ұстайтындай бір түйір нан да жетеді. Егер бір адамға тойып жеу керек болса, онда азқазанының үштен бір бөлігін тамаққа, тағы бірін сусынға, соңғы бөлігін ауаға қалдырсын!» деген. Тирмизи, Зухд, 47.

Шектен тыс артық тамақтанудың зияны жайында Яхия ибн Муғаз ар-Рази (Алла рахымына бөлесін): "Кімнің тоюы көп болса, денесінің еті-майы көп болады. Ал кімнің денесінің майы көп болса, бойының желігі көп болады. Ал кінің бойының желігі көп болса, қателігі-күнәсі көп болады. Ал кімнің күнә-қателігі көп болса, жүрегі қатайып, сөнеді. Ал кімнің жүрегі өлсе, жалған дүниенің өткінші қызықтарына батып, құрдымға ұшыраған болады" деген. Ибн Хажар әл-Асқалани «Әл-Мунаббиһат» 39.

 Осы себепті, қанағаттанарлық өмір сүруі үшін ішіп-жеуге қатысты қандай-да бір шараны жіберіп алмау өте маңызды. Өйткені, асқазанды толтырып, семіріп, тойынған пендеге, Аллаға құлшылық етудің мәнін құрайтын әлсіздік, қажеттілік, аштық пен жоқтықты түсіну, кішіпейілділік пен шынайы сезімімен құдайлыққа бет бұру, қорқынышпен көз жасын төгу және Алланы сүю мүмкін емес.

Екінші: Аз ұйықтау.

Лұқман (алейһис салам) былай деген: «Ей, ұлым! Әтештің сенен ақылды болуына жол берме! Ол күн сайын таңертең ән шырқайды және мадақтайды, ал сен ұйықтайсың!».

Таңның атысы, сенің ойың мен жүрегің айқын, қабылдауың мен түсінігің өткір, сенің есте сақтау қабілетің мықты және бұл рухани жолдарда ілгерілеу тез болатын кездер.

Таңда айтылған зікірлерге Аллаһ Тағала алдыңғы уақыттардағы зікірлерге қарағанда көбірек мән береді. Төсек адамды магниттей тартқандай басқа уақыттармен салыстырғанда таң уақытында ғибадатпен айналысу қиынырақ. Осы себепті, таң уақытын құлшылықпен өткізу әр адамның емес, ер адамның олжасы.

Шынында да, бәрі ұйықтап жатқанда ғибадат ету - бұл ерекше махаббат пен ықыласқа ие ортаға қабылданған Раббымыздың таңдаулы құлдарының бірі болу. Осы себепті, ықыласты құлдарда таң уақытынан артық олжалы басқа уақыт бола алмайды. Алла тағала Құран Кәрімднің бірнеше сүрелерінде: «Кештің бір бөлімінде Оған сәжде қыл. Әрі Оны түн бойы дәріпте. Расында олар, тез өтетін дүниені жақсы көріп, ауыр күнді арттарына тастайды» деген. Инсан сүресі 26-27 аят. «Олардың жамбастары төсектерінен ажырап, (түнде ұйқыдан тұрып,) Раббыларына қорқа-дәмете жалбарынады. Сондай-ақ олар берген несібемізден тиісті орынға жұмсайды» деген. Сәжде сүресі 16 аят. «Олар түнде аз ғана ұйықтаушы еді. Олар таң сәрілерде жарылқану тілеуші еді» деген. Зарият сүресі 17-18 аят.

Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Түнгі ғибадатқа назар аударыңыздар! Себебі бұл сіздерден алдыңғы салихалы жандардың әдеті. Түнде ғибадатқа тұру - Аллаға жақындаудың бір құралы екендігі сөзсіз. (Бұл ғибадат) күнәлардан сақтайды, қателіктердің кешірілуіне себеп болады және тәндегі қиындықтарды жеңілдетеді» деген. Термизи, Дағуат, 101.

Үшінші: Аз сөйлеу.

 Лұқман (алейһис салам) былай деген: «Құлыншағым! Үндемегеніме ешқашан өкінген емеспін. Егер сөз күміс болса, үнсіздік - алтын». «Үнсіздік - бұл даналық; бірақ оны істейтіндер аз» деген.

Тыныштық ол ғұламалардың оюы - наданның пердесі. Тыныштық сауытын киіп, адам көптеген қауіптерден қорғалған. Атап айтқанда, ол күншіл адамдардың улы, зұлым көзінен арылады. Бұл тұрғыда көп сөйлегеннен гөрі жақсылық жасап, игі, әрі хайырлы істер жасау керек. Әйтпесе, көп сөйлеп және істеуге болатын жақсылықтарды түсіндіріп те, оларды істеуге мүмкіндік таба алмаған адам терең ғапілетте, әрі алдануда.

Жанды тежеу ​​арқылы жасалған үнсіздік, наданға берілген ең жақсы жауап болады. Ислам ғалымдары:

«Ақымаққа ең жақсы жауап - үнсіздік» деп айтқан.

Бұның керемет мысалы:

Бірде Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларының арасында отырған кезде бір надан адам келіп Хазреті Әбу Бәкірге (Алла одан разы болсын)  тіл тигізді. Әбу Бәкір жауап бермей, үнсіз қалды. Ол адам екінші рет дәл осылай қорлады. Әбу Бәкір тағы да үнсіз қалды. Ер адам оны үшінші рет қорлаған кезде, Әбу Бәкір бұдан әрі шыдай алмады және оған лайықты жауап берді. Сол кезде Алланың елшісі (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сол жерден бірден тұрып, жүре бастады. Хазреті Әбу Бәкір (Алла одан разы болсын): «Уа,  Алланың елшісі, әлде сен маған ашуланасың ба? - дегенде, Пайғамбарымыз (Ал1ланың игілігі мен сәлемі болсын):

– Жоқ, мен ренжімеймін. Періште көктен түсіп, саған біреудің айтқанын жоққа шығарып, сенің атыңнан оған жауап берді. Сіз жауап беріп, кек алғанда, періште кетіп қалды, оның орнына шайтан келді. Шайтан келгенде, мен онымен бір жерде қалмаймын!» деді.

Осы себепті,  Әбу Бәкір (Алла одан разы болсын):

«Сіз не айтатыныңызды, кімге және қашан айтатындығыңызды мұқият ойластырыңыз!» деп айтатын.

Қорыта айтқанда, нәпсіні тәрбиелеудің құралдары бұл үш түрден де көп. Бірақ ең алдымен осы үшеуін бойымызға сіңіріп алсақ, қалғандары бізге жеңіл келеді.

Алла баршамыздың нәпсімізді жақсылықта тәрбиелесін!

 

Қарағанды қалалық «Әл-Машани» мешітінің имамы Қошкелді Жанболат Жұматұрұлы

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары