Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Ұят кімде болса, иман сонда
28 наурыз, 2016 жыл 1956 Басып шығару нұсқасы

xO6jmxVfJWY... Арсыз арам, асығыс айлакерлік, Мұның бәрі шайтанның досы болмақ. (Шәкәрім) Адам болудың бір шарты - Ұят деген ұғымды бойға сіңіру. Ұят дегеніміз - адам бойындағы адамгершілікке жат, жаман қылықты, істі өз мойнына алып, өзіңді-өзің сөгу, өзіңе-өзің ұрсу, өзіңді-өзің дұрыс, әділ, адал жолға салу. «Пайғамбарымыз салаллаһу ғалайһи уәссәлләмнің хадис шарифінде айтыпты: «мән лә хаяһүн уәлә иманун ләһу» деп, яғни кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ деген. Біздің қазақтың өзінің мақалы да бар: «ұят кімде болса, иман сонда» деген. Енді бұл сөзден білінді: ұят өзі иманның бір мүшесі екен. Олай болғанда білмек керек, ұят өзі қандай нәрсе? Бір ұят бар - надандықтың ұяты, жас бала сөз айтудан ұялған секілді, жақсы адамның алдына жазықсыз-ақ әншейін барып жолығысудан ұялған секілді. Не шариғатқа теріс, не ақылға теріс жазығы жоқ болса да, надандықтан бойын керістендіріп, шешілмегендік қылып, ұялмас нәрседен ұялған мұндай ұят шын ұялу емес - ақымақтық, жамандық», - дейді, Абай Құнанбаев отыз алтыншы қара сөзінде. Қазақтың қайнар көзі Абай атамыздың айтқан салмақты ойларының түпкі төркіні адамды ар-намыспен ғана рухани байытуға болатынын көздейді. Алла Тағала Құран Кәрімде ар-намыс туралы көптеген аяттар келтірген. Арлы адам ғана Алланың рақымына бөлене алатынын көреміз аяттарды оқи отырып. Ілім дегенде біз діннің де ар ілімін қалыптастыруда өзіндік орны бар деп санаймыз. «Дін дегеніміз - ғылым мен білімнің анасы» деген Шәкәрім Құдайбердиев. Демек Шәкәрім дін мен ғылым – білімді біртұтас дүние, бірге дамуы тиіс ілім деп қарастырған. Дін жолы – иман жолы, имандылық жолы. Дінсіз адамның арды аттауы, қиянатқа баруы оңай. Өйткені ол дінсіздіктің нәтижесінде құдайдан қорқу сезімінен ада. Шәкәрім мұның мағынасын терең түсінген ғұлама. Сондықтан да өз өлеңдерінде: "Қиянаты бардың иманы жоқ", - деп жазып кеткен. Хазіреті Омар «Әдеп – ілімнен бұрын келеді» деген. Ол өте айбатты болуына қарамай, әдептілігінен, ұяттылығынан Алла елшісінің (ﷺ)  жанында өте ақырын сөйлейтін еді. Пайғамбарымыз да, бір адамның жанында тізерлеп отыратын, ол адамға құрмет көрсету үшін мүбәрак аяғын тік көтеріп отырмайтын еді. Әбу Саид Худри: «Расулуллаһтың ұяты, бойдақ ислам қыздарының ұятынан да көп еді» деген. «Қу өмір жолдас болмас, әлі-ақ өтер, Өз күлкіңе өзің қарық болма бекер! Ұятың мен арыңды малға сатып, Ұятсызда иман жоқ, түпке жетер» деп, ар мен ұятты негіз етіп, өмірдің түбін ойлауға шақырады Абай атамыз. Адамгершіліктің мәні жөнінде терең толғанған ақын өз ойын әлем кеңістігіне жүгіртіп, Ар, Ұят, Намыс деген ұғымдар адам езінің ары алдында жүгінген кезде түйсігімен түсінетін киелі ұғымдар екенін, әр адам өзіне-өзі жауапты екенін аңғарта айқындай, түсіндіре келіп: «Осы да есеп бола ма, Ар, абұйыр тапқанға? Миың болса жолама Бос желігіп шапқанға...», «Абиыр қайда, ар қайда? Өз басыңа не пайда?...», «Достық, қастық, бар қызық - жүрек ісі, Ар, ұяттың бір ақыл - күзетшісі. Ар мен ұят сынбаса, өзге қылық, Арын, алқын - бүл күннің мәртебесі», - дейді. Адамды адам етіп тұрған Ар екендігін, тіпті, өлім төніп тұрса да Ар сатуға болмайтындығын, халық санасында «өлімнен ұят күштіні» терең түсінген Абай қазақтың тарихына ой жүгірте отырып: «Аты аталып, әруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен...», «өзіне ар тұтқан жаттан зар тұтады», -деп түйеді. Абай  Құнанбайұлының түсінігінде әр адамның ең үлкен күнәсі, міні, өзінің өзара алдында жасаған рухани қылмысы - арын сату, арсыздыққа салыну, ұяттан безу. Мұндайларға Абай Құнанбаев: «Ант ішіп күнде берген жаны құрсын, Арын сатып тіленген малы құрсын, Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып, Қу тілмен қулық сауған заңы құрсын», - деп теріс бата берсе, Шәкәрім атамыз: «Сабыр, сақтық, ой, талап болмаған жан. Анық төмен болмай ма хайуаннан? Ынсап, рақым, ар, ұят табылмаса, Өлген артық дүниені былғағаннан», - деген. Түсіне білген адамға ащы айтылған айбарлы сөздер. «Нұр» сүресінің 19-аятында Алла Тағала: «Иман келтіргендердің арасында жамандықтың, ұятсыздықтың таралуын қалағандар және ұнатқандар үшін дүниеде де, ақиретте де қайғылы азап бар» деген. Бойдағы нәпсі арсыз әрекеттерге бой алдырады. Соңғы уақытта батысқа еліктеушілік қазақ жастарының бойындағы ұятты шетке ысырып қоюына алып баруда. Тәуелсіздіктің таңы атып тұрғанда Ислам дініміз көркейіп жана бермек. Қанатын кеңге жайған діннің бір шетінен ұстап, жүрекке иман ұялатып, ар, ұятты сақтап қалу парыз. Шәкәрім Құдайбердиев «Үш анық» атты философиялық еңбегінде: «Бізше адам өмірін түзеуге, барлық адамдар тату тұруға негізгісі - адал еңбек, ақ жүрек, арлы ақыл болуға керек. Дүниеде бұл үшеуі үстем болмай, адам баласына тыныш өмір сүруге мүмкіндік жоқ» деген. Философ Ғарифолла Есімнің айтуынша: «арлы адам, алдымен, құдайына қараған, құдай мақұлдамайтын іске бармайтын адам. Ар - әр адамның өз ісінің төрешісі». "Ақылды сол - нысап пен ар сақтайды, Арсыз сол - арамдықпен жан сақтайды. Адал сол - таза еңбекпен күнін көріп, Жаны үшін адамшылық ар сатпайды". Және: "Сабыр, сақтық, ой, талап болмаған жан, Анық төмен болмай ма хайуаннан. Ынсап, рахым, ар, ұят табылмаса, Өлген артық дүниені былғағаннан", - деген шумақтар да Шәкәрім Құдайбердиевтің ар қалтасынан алынған жолдар. «Ұяттылық, ар-намыстылық, тілге ие болу және ақыл – иманнан. Мұндай адамдардың ахирет қалауы көбейіп, дүние қалауы азаяды. Сараңдық, әдепсіздік, арсыздық – ұятсыздық пен екіжүзділіктен туындайды. Бұларда дүние қалауы көбейіп, ахирет қалауы азаяды», - деп Ислам ғұламасы Бәйһақи ой тастаса, Тәбарани: «Ер адамдар ар-намыссыз, (жүргіш) болса, жақындары да жаман жолға түсуі мүмкін. Пайғамбарымыз «Сендер арлы болсаңдар, әйелдерің де арлы болады» деген», - дейді. Алла Тағала Құран Кәрімнің бірқатар жерінде ар-намысын сақтай алған адамға үлкен марапаттар беретінін уәде еткен. Ал ар-намысын сақтамайтын, (зинақор) адамға жаһаннам азабын білдірген. Алла Тағала арсыздарды адам өлтірген адамдармен бір тұтқан. Мүминдердің сипаттары туралы айтқанда да былай деген: «Мүминдер намаздарын хушумен (ықыласпен) оқиды. Бос, қажетсіз нәрселерден аулақ болады. Зекеттерін береді. Ұятты жерлерін сақтайды. Аманаттарын қорғайды және уәделерінде тұрады.» (Муминун 1-8)



«Бала қажы» мешітінің баспасөз қызметі


Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары