Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Нәпіл құлшылықтардың артықшылығы
26 қаңтар, 2021 жыл 1578 Басып шығару нұсқасы

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

 

         Күнделікті өмірде біз уақытымызды пайдалы әрі жемісті өткізудің түрлі тәсілдерін іздейміз. Ислам діні мұсылмандарды уақытты Алланың берген нығметі ретінде бағалауға әрі ақылмен пайдалануға үйретеді. Демек, адам баласы барлық қажетті істерін орындағаннан кейін, қалған бос уақытын барынша тиімді пайдалануы тиіс. Осы тұста біз нәпіл құлшылықтар және олардың артықшылығы жайлы еске түсіргенді жөн көрдік.

 

         Нәпіл дегеніміз «қажеттіліксіз орындалған, ерікті» деген мағынаны береді. Қосымша намаз оқу, ораза ұстау, садақа беру осы санатқа жатады. Бұл құлшылықтарды орындағанымыз үшін сауапқа кенелуіміз мүмкін, ал орындамағанымыз үшін жаза қарастырылмаған.

 

         Нәпіл намазға келсек, бұл міндетті және уәжіп намаздардан бөлек өзге оқылған намаз түрі. Намаздың бұл түріне бекітілмеген сүннет намаздар (мысалы, екінті намазынан бұрын оқылатын төрт рәкат намаз), таһажжүд намазы, истихара намазы, дұха намазы және т.б. жатады.

 

         Мысалы, тәһажжүд намазын қарастырсақ. Тәһажжүд намазы – түн ортасында тұрып (ұйқыдан оянып) оқылатын нәпіл намаз. Ол қиям намазы деп те аталады. Ханафи мәзһабы бойынша тәһажжүд намазының азы 2 ракағат, көбі 8 ракағат етіп оқылады.

 

         Бұл туралы қасиетті Құранда:

 

         «Олардың жамбастары төсектерінен ажырап, (түнде ұйқыдан тұрып,) Раббыларына қорқа-дәмете жалбарынады. Сондай-ақ олар берген несібемізден тиісті орынға жұмсайды» «Сәжде» сүресі, 16-шы аят.

 

         Бұдан бөлек, Алла «Муззаммил» сүресінде де Мұхаммед пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жалған дүниенің тауқыметінен оңашалануға, түнде тұрып құлшылық етуге, Құран аяттарын оқуға бұйырды.

 

         Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Расында жәннатта бір бөлме бар. Оның сыртынан ішіндегісін, ішінен сыртындағысын көре алмайсың. (Жәннаттағы сондай керемет мекендердің бірі) Алла ол мекенді сөздерінде жұмсақ болғанға, тамақтандырғанға, көп ораза ұстағанға, адамдар ұйықтап жатқанда түнде намаз оқығандарға уәде еткен», дей келе осы намаз үшін Алла тарапынан берілетін сыйдың қаншалықты үлкен екендігін жеткізген.

 

         Қиямет күні адам баласы есепке тартылғанда, ең алдымен намаз сұралады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жайында былай дейді: «Адамдардың қиямет күнінде алғаш есепке тартылатын амалы мен іс-әрекеті – намаз». Ұлы Раббымыз хабардар бола тұра періштелеріне былай дейді: «Құлымның парыз намазына қараңдар. Оны толық орындап па, кемістігі бар ма»? Егер оның парыз намаздары толық болса, намаз сауабы толықтай жазылады. Егер парыз намаздарында нұқсандық болса, Алла Тағала былай дейді: «Құлым нәпіл (сүннет) намаздарын толық оқыған ба екен?» Егер ол сүннет намаздарын толық оқыған болса, Алла Тағала «Құлымның нұқсан парыз намаздарын нәпілдермен толтырыңдар», – дейді. Одан кейін парыз болған басқа амалдар да осылайша есепке тартылады» (Тирмизи).

 

         Нәпіл оразаға келсек, мұсылман нәпіл оразаны ұстауға міндетті емес. Дегенмен, пенде нәпіл оразаны шын ықыласпен ұстаса, оның сауабы телегей-теңіз. Алла Елшісі (с.ғ.с.) өзінің мүбәрак хадисінде: «Қандай да бір пенде  Алланың жолында бір күн ораза тұтса, Жаратушы сол күннің құрметіне оның жүзін жетпіс жылға тозақ отынан алыстатады», деп нәпіл оразаның мәртебесін айтып өткен.

        

         Нәпіл оразаларды ораза ұстауға рұқсат етілген кез келген күні тұтуға болады. Алайда, кейбір ерекше күндерде ораза ұстау абзал болып саналады. Бұған Шәууәл айындағы 6 күндік оразаны, Ашура күніндегі оразаны, дүйсенбі және бейсенбі күні ұсталатын оразаны және т.б. жатқызамыз.

 

Әбу Һурайрадан жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Алла Тағала: «... Пендемді маған жақындататын нәрселердің арасында маған ең ұнамдысы парыз еткен нәрселерді орындауы. Пендем маған нәпіл құлшылық жасау арқылы жақындай түседі де, нәтижесінде сүйіспеншілігіме бөленеді. Оны мен жақсы көрсем, еститін құлағы, көретін көзі, ұстайтын қолы, жүретін аяғы боламын. Менен қандайда бір нәрсе сұраса, сұрағанын беремін, Менен пана тілесе, пана болып, қорғаймын...» (Бұхари).

 

         Жоғарыда келтірілген хадиске сүйене отырып, біздің кез-келген нәпіл құлшылығымыз Аллаға жақындаудың бір амалы екенін ескеруіміз керек. Әсіресе, қазіргі уақытта әлемді шарпыған Covid-19 індетінің таралуына байланысты, көптеген адамдардың бос уақыты бар. Үйден жұмыс істеу арқылы, көбіміз әдеттегі жолға кететін, түскі үзіліске арналған уақытымызды үнемдейтініміз ақиқат. Осы мүмкіндікті пайдаланып, қасиетті Құран мен пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өнегелі сүннетін басшылыққа алып, нәпіл құлшылықтарымызды арттыруға ұмтылайық.

 

         Алла баршамыздың нәпіл құлшылықтарымызды қабыл етсін! Әмин!

 

                                                                                            Естай Айтуғанұлы,

 

Теміртау орталық мешітінің бас имамы

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары