Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Алданып қалма, бауырым!
11 қаңтар, 2021 жыл 36 Басып шығару нұсқасы

Отбасын сақтап қалудың басты шарты, ата-ана мен баланың қарым-қатынасын белсенді ету. Баланың немен айналысып жүргеніне мән беру. Әлеуметтік желіде қандай топтармен араласатынынан хабардар болу. Мүмкіндік тудырып діни тәрбие беру ең басты білім болып қалмақ. Көбіне жат ағымдар жастарды қаражатпен қамтамасыз етіп алдайды. Сондықтан, билік жат ағымдардың, ал әрбір ата-ана өз баласының қаржылық жағына бақылау қойса құба құп болар еді.  Одан кейін теріс ағымда жүрген жастарды ағым қатарынан шығарып алған жағдайда, бейімдейтін арнайы орта барлық жерде жоқ. Ол бұрынғы ортасын сағынып, қайта оралуы мүмкін. Сондықтан, мәселе шықпай тұрып, оны болдырмаудың жолын қарастырған абзал. Жоғарыда көрсетіп кеткен белгілерге мән беріп қараған адам, өзгенің бойынан сол қасиеттерді байқайды. Сол сәтте дереу көмек көрсетілсе, ауыр дерттің алдын алуға мүмкіндік бар.

Еліміз тәуелсіздігін алып, еңсесін көтере бастаған жылдары діни бағыттағы көптеген ұйымдар астыртын саясатпен жасырын жұмыстар жасай бастады. Сол кезеңдерде адамның сенімі мен нанымын ұрлап, діні мен ділін бұзуды көксеген кейбір жат ағымдар қатары көбейе түсті. Сондай мақсатта ел арасында ауызбіршілік жойылып, халқымыз бірнеше топтарға бөліну қаупіне айналды. Көптеген діни жат ағымдар туралы айтылғанда жастар олардың ара жігін ажырата алмай жатады. Сол себепті халық арасында кеңінен тарап, ұлттық мәдениеттен алшақтатып, рухани құндылықтарды жоюға әрекет етіп жатқан танымал ағым туралы түсіндіре кеткен жөн. Жалпы халық арасында «сәләфтар» деген ұғым пайда болды. Ол ұғым алғашында «уахабилар» деп аталып, кейіннен келе атауын өзгертіп, бірақ түпкі идея, мақсаты сол күйінде қалды. Бұлай деуімізге негіз, олар да уахабилар секілді қазақ халқының мәдениетіне, салт-дәстүріне, ұлттық құндылықтарына қарсы шыққандай кейіп танытып жүр. Ислам діні туралы, ақида, ілім туралы айтқанда бір жақты пікірді ұстанып, біздің дәстүрімізге сәйкес келмейтін әрекеттер жасауда.

Бүгінгі таңда көптеген жат ағымдар ұсталып, жұмыстары тоқтатылды. Дегенмен, «Таблиғи жамағат» ағымы секілді жауып тастасаң, ертең тағы бір ағым пайда болады. Сондықтан да әр баламен жеке жұмыс жасау бүгінгі қоғамның талабына айналып отыр.

Жат ағымға жастар қалай кіріп кетеді деген сауалға дін саласының мамандары, психолог мамандар әртүрлі көзқарас танытқан. Жат ағымдарға адамдардың кіру себебі — кедейлік, әлеуметтік жағынан жағдайы төмендік, жұмыссыздық деп қабылдағандар да бар. Дегенмен, ауқатты, беделді кісілердің де салаф болып жатқан жайын кезіктіреміз. Бұл психологиялық, моральдық тұрақсыздықтан болуы мүмкін.

Зайырлы мемлекет болған соң Қазақстанда діни қақтығыстар туындамасы үшін мемлекет дін мәселесіне етене араласпайды. Дегенмен үкімет елде болып жатқан оқиғаларға көз жұма да қарамайды. Дін қоғамдық-экономикалық қатынастармен бірге жүргендіктен көп жағдайда басшылық тарапынан шешім қабылдауды қажет етеді. Сондықтан да елімізде 2011 жылы 11 қазанда «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң қабылданды. Кейіннен Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылды. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы»  Заңды қабылдаудағы мақсат елімізде жаңадан пайда болып,  теріс бағыттағы көзқарасты ұстанатын діни ағымдарға тосқауыл қою болатын. Осы тұрғыда көптеген істер атқарылып, бүгінде біраз жат ағымдардың жұмысы заң жүзінде тоқтатылды. Ал, бұрыннан жұмысын жасап келе жатқан діни ұйымдардың атқарып жатқан істері тексеріліп, қайта тіркеуден өткізілді. Деструтивтік діни ағымдар мен ДАИШ лаңкестік ұйымына кіріп кеткен отандастарымыздың біразы қайта тура жол тауып, Отанға оралғандары бар. Солармен жұмыс жасау мақсатында  ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Дін істері комитеті жанынан Дін істері жөніндегі республикалық ақпараттық-насихаттау тобы құрылды.

Мектеп бағдарламасына кіргізілген «Дінтану» пәні, университет қабырғасында «Жалпылама дінтану негіздері» пәні оқытылады. Дәстүрлі мектептер: Әбу Ханифа мәзхабы, Матуриди ақидасы, сопылық таныммен астасқан Иассауи ілімін қайта насихаттау арқылы діни экстремизмнің алдын алу көзделген. Ал, діни экстремизм мен теріс ағымдардың алдын алу үшін қоғамдық деңгейде профилактикалық жұмыстар жүргізу мақсатында 2016 жылы «Шаңырақ» оңалту орталығы құрылды. Онда жат ағымнан арылған ер азаматтармен арнайы кездесулер өткізіліп, насихаттық жұмыстар жүргізіледі. Сириядан келген отбасылардың балаларының бойындағы үрейді жеңдіру, қарапайым өмірге бейімдеу жолында курстар өткізілуде. Әйел кісілерге арналған  «Имани гүл» филиалы да жұмыс бастады.

Сөз соңында барша халықты адаспауға шақырамын. Әлем бойынша қауіп төндіріп тұрған ДАИШ лаңкестік ұйымы — адамзатқа әрі исламға қарсы бағытталған ғасырдың ең озық жобасы.

Сондай-ақ, біздің елімізде дәстүрлі емес бағытта жұмыс жасайтын ұйымдар бар: «Бахаи» қауымдастығы, Соңғы күн әулиелерінің Иса Мәсіх шіркеуі (мормондар), Кришна санасы қоғамы (КСҚ) және Мун бірлестік шіркеуі (муниттер). Бұлардың барлығында дерлік діни бірлестіктері бар. Бұл бірлестіктердің барлығы тіркелген. Ресми түрде жұмыс жасайды. Бірақ, жастарымызды бұл ұйымдармен бірге жұмыс жасамауға шақырамыз. Олардың қатарына ілеспеген абзал болмақ. Мұсылмандардың, әсіресе жастардың осы сипаттағы дәстүрлі емес бағыттағы діни ұйымдардан бойларын аулақ ұстағандары жөн.

Тәуелсіздік жылдары ішінде өзімізге тән тамаша дәстүрлер қалыптасты. Біз жыл сайын Рухани келісім күнін, Құрбан айтты секілді діни мерекеліріміз бен өзге де дін өкілдерінің ұлттық, діни мерекелерін бірлесіп атап өтеміз. Бұл халық пен елдің, өзге діндер мен ұлттардың бөлінбей, керісінше бірге, тату болып отырғандығының көрінісі.

Рухани келісім – біздің ұлттымызға тән  үлкенді сыйлау, отбасына құр­мет, балаларға  қамқорлық, қонақжайлылық, татулық, достық, ауызбіршілік тәрізді ізгі ортақ құндылықтар берік орнықты. Халқымыздың татулығы мен бірлігі – еліміздің өркендеп, алға басуына себеп болады. Осы байлығымызды қадірлей білу, оны жас ұрпақтың жүрегіне ұялату – еліміздің жарқын болашағының кепілі болмақ.

 

Төлтаев Ербол Мұқанұлы

Балқаш қалалық орталық мешітінің имамы

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары