Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Зекет беріп, рахымға бөлен!
02 желтоқсан, 2020 жыл 208 Басып шығару нұсқасы

        Асыл дініміздегі бес парыз да адамның ақыреттегі азаптан құтылып, Жаратушымыздың рахымына бөлену үшін бұйырылған. Адам жүрегі иман нұрымен сусындаған соң бес парызын түгел орындаса осы өмірде де кемел адам болатыны айдан анық. Алланың парыздары біздің жан дүниемізді таза ұстауға  ықпал етумен қатар, қоғамдағы теңсіздіктің алдын алудың да алғышарты болады. Сондай жақсылыққа бастаушы бес парыздың бірі – зекет. Зекеттің  парыздығы жайлы қасиетті Құран Кәрімде: «Намаз оқыңдар және зекет беріңдер және елшіге бойсұныңдар, бәлкім, сонда рахымға бөленерсіңдер» дейді. Мұндағы «зекет» сөзінің «намаз» сөзімен қатар келуі зекет берудің  діндегі маңызын зор екенін аңғартады. Зекет мал-мүлкінің мөлшері нисап мөлшеріне жететін әр мұсылман адамға парыз.

       Қазіргі қоғамда қарны тоятындай ас таба алмай, түнейтін баспанаға зар болып жүрген кедей-кепшік, ауру-сырқат, ғаріп жандар қаншама? Хадис-шарифтерде әз Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Көршісі аш бола тұра өзі тоқ болып ұйықтаған адам бізден емес» деген. Халі мүшкіл адамдарға көмек қолын созудың ең тиімді жолы – зекет. Кедей-кепшіктермен қатар елімізде бай-бағландардың да көп екені жасырын емес. Бұл туралы Құранда : «Олардың малдарында қайыршының және (сұрауға намысы жібермеген) жарлының да ақысы бар» делінген. Сондай мал-мүлкінің аз ғана мөлшерін жыл сайын зекетіне беріп отырса қоғамдағы аз қамтылған, көп балалы отбасыларға үлкен көмек болар еді. Ой көзімен қараған адамға зекетті парыз етудің астарында қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті жою жатқанын түсінуге болады. Қисапсыз мүліктің иесі Алла Тағала берген байлықты Алланың разылығы үшін жұмсап, әрі өзінің адамдық парызынан құтылып, мол сауапқа кенелу қандай ғанибет десеңізші!

        Зекет берудің ақыреттегі сауабынан бұрын осы өмірдегі пайдалары ұшан-теңіз. Бір мұсылманның қажетін өтеу – адамдар арасындағы кіріптарлықты жойып, салқын қабақтылықтың орнына жан жылуын ұялатып, мұқтаждық тауқыметін тықсырып шығарар күш іспеттес. Дүниесінің кірін жыл сайын «тазалап» отырған мұсылманның мал-мүлкі азаймайды, керісінше дүниесіне береке кіріп, көре алмаушының тіл-көзінен қорғанатын болады. Бұл туралы әз Пайғамбарымыздың Әбу Һурайрадан (Р.А) жеткен хадисінде: «Садақа ешбір малды кемітпейді. Алла біреуге кешірім жасаған пендесінің абыройын асырады. Кімде-кім Алла үшін кішіпейіл болса, Алла оның дәрежесін көтереді» деген.

       Уақытша дүниеге мас болып, жетім-жесірдің көз жасын көрмей, мал-мүлкін Алла жолында жұмсаудан бас тартқан пенделерге қандай өкініш?! Сондай сорақы адамдар турады Алла Тағала өзінің Кәләмында: «Алтын мен күмісті жинап, оларды Алла жолында жұмсамағандарды күйзелтуші азаппен сүйіншіле. Сол күні (Қиямет күні) олар (алтын мен күмістері) жаһаннам отына қыздырылып, онымен олардың маңдайлары, қабырғалары және арқалары күйдіріледі де «Мынау өздерің үшін жиғандарың, ал енді жиғандарыңның дәмін татыңдар», - делінеді» - деген. Уақытша берілген аз ғана ғұмырымызда сараңдық танытып, мәңгілік ақыретімізде сорлап қалу -  пенделерге үлкен өкініш. Ондай адамның осы өмірде де адамдарға зияны үлкен. Сараңдықты ел сүймейді. «Алла берген артықшылықтардан (зекет, садақа шығаруға) сараңдық танытатындар оларын өздеріне бір жақсылық деп ойламасын. Керісінше, ол олар үшін бір жамандық. Қиямет күні сол сараңдық танытқан нәрселері олардың мойындарына оралады. Көктер мен жердің мирасы Аллаға тән. Әрі Алла сендердің не істегендеріңнен хабардар».  Қасиетті Құранда берілген осындай аяттар аз да болса көңіл көзімізді ашып, сараңдығымызды жоюға қымет етсе игілікке жол ашылары сөзсіз. Алла тағала баршамызды сараңдықтан сақтап, екі дүниеде де жүзімізді жарық етсін. Бәле –жаладан сақтап, өмірімізді Аллаға бағынумен өткізуді нәсіп еткей!

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер : Құран Кәрім «Нұр» сүресі 56-аят

«Зарият» сүресі 19-аят;

«Тәубе» сүресі 34-35 аяттар

                                                «Әли Имран» сүресі 180-аяттар

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары