Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Уақыттың қадірі
06 қараша, 2020 жыл 2102 Басып шығару нұсқасы

Уақыт – Алла Тағаладан адамзатқа берілген бағалы ризық. Жұмақтың кілті болып саналатын ең басты құлшылық – намаздың басты шарты. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі уақыт – бізге берілген үлкен мүмкіндік. Сондықтан, уақытты босқа өткізу адам өміріне жасалған үлкен қиянат. Уақытың – өмірің. Күн мен түннің ауысуы, жыл мезгілдері, көктем мен күз, жаз бен қыстың ауысуы өмірдің де мезгілі бар екенін аңғартады. Бізге жеткен хадис-шарифтердің бірінде: «Қиямет күні пенденің аяғы жылжымай тұрып: өмірін қалай өткізгендігі жайлы, жастық шағын қалай өткізгендігі жайлы сұралады...» делінген. Бізге берілген басқа да ризықтар секілді уақыттың да сұрауы бар.  Сондықтан да, уақытты бос нәрселерге жұмсамай, әр минутымызды тиімді пайдалана білуіміз қажет.

      Уақытын жоспарлап, атқарған істерін жүйелеп отыру есті адамның ісі болмақ. Алла Тағала пендесіне парыз еткен намаз арқылы да уақытты тиімді пайдалануға үйреткен. Қасиетті Құран Кәрімде «Расында, намаз мүміндерге белгілі уақытта парыз қылынды» деу арқылы берілген уақытты жақсы амалдар жасауға жұмсап, бос өткізіп алмауға бұйырады. Қазіргі кезде адамның назарын өзіне аударып, уақытты босқа өткізуге үндейтін ақпарат алмасуға арналған әлеуметтік желілер күн санап көбеюде. Ғаламтор, теледидар сынды уақыт жегіш құралдарды тек керегінше пайдаланып, көгілдір экранға телміргенше сол уақытымызды отбасымызбен мәміле жасауға, достарымыз, бауырларымызбен бірге Алланы еске алуға жұмсасақ нұр үстіне нұр болар еді. Бір сағат болса да Алланың кәләмін оқуға жұмсасақ осы өмірде де ақыретте де сауабы мол болары сөзсіз.

         Пайғамбарымыздың (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінен де уақыттың қадірі туралы айтылған біршама сөздерді  кездестіруге болады. Бір хадисте: «Екі нығмет бар. Адамдардын көпшілігі берілген осы екі игіліктің қадірін түсінбейді, ұмытады. Ол: денсаулық пен бос уақыт», - делінген. Бос уақыт пен денсаулықтың қадірін біліп, сынақ үшін берілген өмірімізді, уақытымызды тиімді пайдалансақ – біз үшін үлкен жеңіс болмақ.

Егер адам баласы бір заттың бағасының қымбат екенін білсе оны сақтау үшін барын салады. Ал уақыт – баға жетпес қазынамыз, қайтарылмас мүмкіздігіміз. Егер біз уақыттың қадірін толық түсінсек,оны тек Алланы мадақтап, еске алумен ғана өткізетін едік. Әр секундын жоғары бағалап, тиімді жоспарлағанда ғана адам баласы ақыреттік бақытқа қол жеткізе алады. «Асыр» сүресінің «Уақытқа серт...» деп басталуының өзі уақыттың маңыздылығын нақтылай кетеді. Сондықтан да, адам баласы дүние деп жүріп ақыретін ұмытпай, О дүниеде сұралатынын терең түсініп, уақытын Алланың парыз амалдарына, сауапты істерге жұмсауға тырысуы керек. Уақытын тиімді пайдалану – екі дүниеде де жүзінің жарық болуының алғышарты болмақ.

 

Пайдаланылған әдебиеттер: Құран Кәрім «Ниса» сүресі 103-аят;

«Асыр» сүресі 1–аят.

 

 

 

                          Қаражал қалалық мешітінің бас имамы Советов Талғат

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары