Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Алла Елшісінің (ﷺ) сабырлы мінезі
02 қараша, 2020 жыл 1022 Басып шығару нұсқасы

Алла Елшісі (ﷺ)  – дұшпанына дұға жасап, игілік тілей білетін жан болды. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  ақиқатты жеткізу жолында бәріне шыдады. Бірде Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Қағбада намаз оқып, сәждеге барған кезінде меккелік мүшріктер оны бір күн бұрын сойылған түйенің ішек-қарны, қан-жынымен бастырып қояды. Сөйтіп барлығы Пайғамбарды әжуалап күледі. Ибн Масғуд: «Егер менде (мүшріктерге) қарсы тұрар қауқар болғанда Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)   үстінен оны алып тастар едім», – деп қынжылған. Ол біреу барып қызы Фатимаға хабар беріп, ол келіп үстінен түйенің қан-жыны мен ішек-қарнын алып тастағанша сәждеден басын көтере алмай сол қалпында жатқан (Бұхари, Муслим).

 

Сабырдың сыйы міндетті түрде жәннат екендігін айғақтайтын мына бір оқиға неткен ғибратқа толы десеңізші:

Абдуллаһ ибн Аббас (радиАллаһу анһума) бір күні Әта бин Әби Рабаһқа:

– Саған жәннатқа кіретін бір әйелді көрсетейін бе? - деді. Ол:

– Иә, көрсетші, - деді. Сонда Абдуллаһ ибн Аббас былай деді:

– Анау қара әйел бар ғой, міне сол әйел бір күні Пайғамбарымыздың (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) құзырына келді де:

– Менің қояншық сияқты ауруым бар, сол кезде үсті-басым ашылып қалады да, өзім білмей қаламын. Алладан менің жазылып кетуімді сұрап, дұға етесіз бе? - деді.

Сонда Алланың Елшісі (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм):

– Егер сабыр етемін десең, саған жәннат бар. Ал бірақ қаласаң, жазылуың үшін дұға етейін, - деді.

Мұны естіген әйел:

– Ауруыма сабыр етемін. Тек, ауруым ұстап қалғанда үсті-басым ашылып қалмас үшін дұға етіңізші, - деді. Алланың Елшісі (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) ол үшін дұға етті (Бұхари, Мәрда, 6; Мүслим, Бирр, 54).

Міне, бұл – басқа келген сынақтар мен дерттерге сабыр етудің Алла Тағала құзырындағы мәртебесінің жоғары екендігіне айқын дәлел.

 

Сабырдын дүниедегі көрінісі қиын болып көрінуі мүмкін, ал ақыреттік көрінісі, сабыр танытқан үшін, бақыттының күнін кешеді. «Әли Имран» сүресінің 146-аятында: «Аллаһ сабырлыларды жақсы көреді» деп, өз сүйіспеншілігіне артығымен бөленетіндердің сабырлы жандар екендігін білдірсе, бұған қоса «Нахл» сүресінің 96-аятында: «Әрине, сабыр еткендерге істеген істерінен де жақсы сый береміз»
деу арқылы сабырлы жандарға арнайы сый-сияпаттың әзірленетінін сүйіншілейді. 

 

Ал, ақыреттегі жайын мына оқиғадан біле аламыз. Али ибн Хусейін Зейн әл-Абидин ғибадатқа сабырлық танытушы қауымның ақыреттегі жағдайы туралы былай дейді: «Алла Тағала ақырет күні адамзаттың бәрін жинап: «Сабырлық қылушы қауым қайда? Олар есеп беруден бұрын жаннатқа кірсін!», – дейді. Осы кезде адамдардың бір тобы келеді. Оларды қарсы алған періштелер: «Қайда бет алдыңдар?», – деп сұрайды. Олар өздеріне нық сеніммен: «Жұмаққа», – деп жауап қатады. Періштелер: «Сіздер кім боласыздар?», – дегенде, әлгі адамдар: «Біз сабыр етушілерміз», – деп жауап береді. Періштелер: «Сіздер неге сабыр еттіңіздер?», –дегенде, олар: «Алла Тағалаға мойынсұнып, құлшылық қылуда сабырлы болдық», – дейді. Сонда, періштелер: «Иә, шынында да сіздер сабырлы қауымнан екенсіздер. Ендеше, жәннатқа кіріңіздер. Сабырлық танытушылдардың сауабы қандай әсем?!», –  деп таңдай қағып, оларға жұмақтың төрін ұсынады» (Ибн Кәсир. Мухтасар. Бақара/153).

 

Алла Елшісінің (с.а.с.)  сабырлыққа үндейтін мысал Мүдрик әл-Әзди былайша баяндайды:  «Мен әкеммен бірге (надандық кезде) қажылық жасап жатқан едік. Минаға келіп тұрақтағанымызда бір жамағатты көрдім. Әкемнен  -Бұл жамағат не үшін жиналған? –деп сұрадым. 

 Әкем:  - Өз қауымының дінін тәрк еткен мына бір жігіт үшін жиналыпты,-деді.  Көрсеткен жағына қарап, Расулуллаһты(с.а.с.) көрдім.                          Ол (с.а.с.):  «Уа, адамдар! Лә иләһә иллаллаһ деп айтындар да, құтылындар!» деп жатқан еді.

   Ал адамдардың кейбіреулері оған түкіріп жатса, кейбіреулері балағаттап жатыр, енді біреулері оған топырақ та шашып жатты. Түске дейін осылай жалғаса берді…

   Бір уақытта жағасы сәл ашылып қалған бір қыз қолындағы ыдыстағы суымен және кішкене бет орамалмен Расулуллаһтың қасына келді.Ол жылап жатқан еді. Аллаһтың Елшісі (с.а.с.) ыдысты алып, судан ішті, кейін беті-қолын жуды. Артынан басын көтеріп:  «Қызым! Жағанды орамалмен жауып ал. Әкеме тұзақ қойылып өлтіріледі-ау немесе бір қорлыққа тап болады-ау деп уайымдама» деді.

   Біз ол қыздын кім екенін сұрадық. Ол жердегілер: «Қызы –Зәйнәб» десті (Хайсами 6,21). Міне бұл бір ғана оқиғадан біз Пайғамбарымыздын (с.а.с.) асқан шыдамдылықпен қиыншылықтарға сабыр еткенін көреміз.

Муслимнен келген риуаяатта Әбу Яхия Сухайб ибн Синан (р.а.) ол Алла елшісінің (с.ғ.с) былай деп айтқанын жеткізеді: «Мұсылманның жайына таң қаласың! Шындығында, оның кез келген жайында игілік бар және бұл мұсылманнан басқа ешкімге берілмеген: егер оған бір жақсылық келсе, ол Аллаға шүкірлік айтады және оның сол айтқанында игілік бар, ал егер оған бір қайғы келсе, ол оған да сабыр етеді, оның бұл ісі де өзіне игілік болып оралады»

Дүниелік сынаққа сабырлық танытқан адамның рухани болмысы байи түседі. Ал, бұл оңайлықпен келмейді. Сабырсыз бен қиыншылыққа төзімсіз жан бұл шыңды бағындыра алмайды. Ардақты пайғамбарымыз: 

«Расында адамның басына қасырет берілсе және сол қасыретке сабырлық танытса, қанша жақсы амалдарымен де жете алмас деңгейге, дәрежесі көтеріледі»,-деген. (Ибн Хиббан, «Сахих» кітабы, № 2896). Бұл Құранда «Сабыр етушілерге берілетін сыйлық есепсіз» («Зүмәр» сүресі, 10-аят). деп келеді

Сабыр мәселе Құранда («Хаж» сүресінің 11-аяты) былайша баяндалған:

«Көңілінде күмәні бола тұрып, Аллаһқа ғибадат жасайтын адамдар бар. Егер басына жақсылық жетсе, ондайлар дінде тұрады да, сәтсіздікке ұшыраса, діннен безіп шығады. Ондайлар бұл дүниеде де, ақыретте де зиян шегеді».

 

Алла Тағала біздерді сабыр етушілерден етсін.

 

Нуров Махмуд қажы Нурұлы

«Бала қажы» мешітінің бас имамы

 

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары