Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Құрандағы Адам болмысы
12 тамыз, 2020 жыл 13 Басып шығару нұсқасы

Адам баласы өзінің жұмбақ, сан қатпарлы болмысымен таң қалдырады! Расында, адамзат – періштелердің өзін тамсандыратын тамаша қасиеттерімен қатар, жантүршігерлік зұлымдықтарға да бара алатын жаратылыс. Бір бойында сан түрлі қарама-қайшылықтар сапырылысқан пенде өзі туралы не ойламады дейсіз?!

Адамға тән бір ізденіс – өзінің даралығын, бірегейлігін танумен қатар, басқалармен сәйкестігін, ұқсастығын іздеу; тамырын іздеу. Бұл құбылыс ғылымда «идентификация» деп аталады. Яғни «Мен кіммін?» деген сұраққа жауап іздеу барысында осы үдеріс жүзеге асады. Мысалы, «Мен – ермін (әйелмін), қазақпын, мұсылманмын, дәрігермін» деген секілді өзін бір ортақ ұқсастыққа телиді. Осы танымның басты жауабы – «адаммын» деген түбірге барып түйінделеді.

Осы арада «Ал Адам кім?» деген басты сауал бас көтереді. Осы сұрақты тарқата түссек, онда «Келдім қайдан? Қайтсем пайдам? Өлгеннен соң не болам?» (Шәкәрім) деп жалғасады. Және бұған пендені не шаттыққа, не (түбі) құлазуға бастайтын негізгі екі жауап бар: Бірі – «Адам – Ұлы Жаратушының туындысы», екіншісі – «Адам – маймылдан жетілген жануар»…

Әңгімені көпке созбай, «теңіздің дәмі – тамшыдан» деп, жекелеген аяттарды мысал ете отырып, «Қасиетті Құран адамды қалай таныстырады? Кім деп бағалайды?» – соған тоқталайық.

ТӘНИ ЖАРАТЫЛЫСЫ: Қасиетті Құран Кәрімнің «Хыжыр» сүресінің 26-аятында: «Расында, адамды бейнеленген қара балшықтың сыңғырлап құрғағанынан жараттық» делінсе, «Фурқан» сүресінің 54-аятында: «Ол сондай Алла: судан (ұрық суынан) адам жаратып, оны туыс және жегжат етті. Раббың – барлық нәрсені Жасай алушы!» делінген.

Ал, «Ниса» сүресінің 1-аятында: «Уа, адамдар! Бәріңді бір жаннан (Адам атадан) жаратқан һәм одан жұбын жаратқан, ол екеуінен көптеген ерлер мен әйелдерді өрбітіп, жер бетіне таратқан Раббыларыңа қарсы келуден сақтаныңдар», – деп бұйырылған.

АСЫЛЫ-НЕГІЗІ: «Оның жаратылысын тамамдап, оған РУХЫМНАН ҮРЛЕГЕН сәтте, оған сәжде қылыңдар!» («Хыжыр»сүрсі, 29-аят.) Яғни адамның өзегі – асыл рух!

БІЛІМІ, МҮМКІНДІГІ: «Бақара» сүресінің 31-аятында: «Алла Адамға барлық есімдерді (ілім-білімді) үйретті» делінген. Ғалымдардың айтуынша: «Ілім-білім тек Адам атаға ғана емес, сонымен қатар, барлық адам баласына үйретілген». Мұндағы үйретілген есімдер – Жаратушы мен жаратылысты танытатын барша ғылым-білім атаулының жиынтығы немесе «ұрығы». Яғни, Адам атаның бойында барлық нәсілдер мен ұлттардың тегі, қаны болғаны сияқты, оған үйретілген ілімде барлық ғылымдардың негізі, дәнегі бар. Жан-дүниемізде жасырылған сол негізді жетілдіру, дәнектен жеміс шығару – біздің міндетіміз.

БЕРГЕН УӘДЕСІ: Қасиетті Құранның «Ағраф» сүресінің 172-аятында: «Сол уақытта (әлімсақта) Раббың Адам балаларының белдерінен нәсілдерін алды да: «Мен – сендердің Раббыларың емеспін бе?» – деп, өздерін өздеріне куә етті. Олар: «Әрине, куә болдық», – деді. (Бұл) Қайта тірілу күні: «Бұдан хабарымыз жоқ», – деп айтпауларың үшін» делінген. Яғни, Алла Тағаланың дидарын бәріміз көргенбіз! Өз еркімізбен жауапкершілік арқалап, «Ақ жолыңнан айнымаймыз!» деп сертімізді бергенбіз! Басты уәдеміз – осы! Сол Уәдеге берікпіз бе? – сыналудамыз…

ЖАРАТЫЛУ МАҚСАТЫ: «Зарият» сүресінің 56-аятында: «Жын мен адамзатты («Мені танысын» деп һәм) тек Маған ғана құлшылық қылулары үшін жараттым!» делінсе, ал «Мүлік» сүресінің 2-аятында: «Ол сондай Алла: ізгі іс жасауда қайсыларың жақсырақ екендеріңді сынау үшін өлім мен өмірді жаратқан. Ол – тым Үстем, аса Жарылқаушы» делінген. Құлшылық – Алла разы болатын ой-ниет пен ізгі істер, дұрыс сөздер. Жақсылық жолында жарысу – өміріміздің мазмұны.

АРҚАЛАҒАН АМАНАТЫ: Қасиетті Құранның «Ахзаб» сүресінің 72-аятында: «Ақиқатында, Біз аманатты (дінді-махаббатты) көктер мен жерге және тауларға ұсындық, сонда олар оны міндетіне алудан бас тартып, одан (орындай алмаудан) қорықты. Оны адам баласы арқалады. Өйткені, ол – әділетсіз, тым білімсіз (жауапкерсіз еді)» делінген. Яғни Хақ дін талабына сай ғұмыр кешу, жан-жүректі (мейірім-махаббатты) таза қалпында Жаратушымызға қайта ұсыну – біз арқалаған аманат!

АДАМ БОЛМЫСЫ (ФЫТРАТЫ): «Жүзіңді дінге ханиф (Құдайды Бір деп танушы) болған түрде қарат. Алла адамдарды осы фитрамен (табиғи болмыспен) жаратты. Алланың жаратуында өзгеріс болмайды. Міне осы – тұп-тура дін. Бірақ адамдардың көбі түсінбейді». («Рум» сүресі, 30-аят). Яғни Құдайдың Бар және Бір екенін әрбір адам терең түкпірінде түйсінеді.

АРТЫҚШЫЛЫҒЫ: Құран Кәрімнің «Сад» сүресінің 75-аятында: «(Алла): «Әй, Ібіліс! ҚҰДЫРЕТ ҚОЛЫММЕН ЖАРАТҚАНЫМА сәжде етуден сені не тосты? Тәкаппарландың ба?» – делінсе, «Мүминун» сүресінің 78-аятында: «Ол сендер үшін есту, көру және ОЙЛАУ қабілетін жаратты. Сонда да аз ғана шүкіршілік етесіңдер» делінген.

Ал, «Ибраһим» сүресінің 33-аятында: «Алла Тағала сендердің пайдаларың үшін күн мен айды белгілі бір тәртіппен қозғалатын етіп БАҒЫНДЫРДЫ және түн мен күндізді де ПАЙДАЛАРЫҢ ҮШІН ЖАРАТТЫ» дейді.

«Исра» сүресінің 70-аятында: «Ақиқатында Біз адам баласын АРДАҚТЫ ҚЫЛЫП, көптеген нығметке бөледік: оларға құрлықта да, теңізде де мініс көліктер нәсіп еттік. Таза әрі жағымды азықтарды ризық етіп бердік. Сондай-ақ оларды жаратқандарымыздың көбінен ӘЛДЕҚАЙДА ҮСТЕМ ҚЫЛДЫҚ» делінген.

ӘЛСІЗ ЖАҚТАРЫ: «Ниса» cүресісінің 28-аятында: «Негізінен Алла сендерге жеңілдік қалайды. Өйткені, адам баласы әлсіз жаратылған» делінсе, «Әнбия» сүресінің 37-аятында: «Адам баласы асыққыш болып жаратылған. Белгілерімді көрсетемін. Менен асығып тілемеңдер» делінген.

Сондай-ақ, «Исра» сүресінің 83-аятында: «Адамды нығметке (атақ-мансап, байлыққа) бөлейтін болсақ, ол теріс бұрылып, менменси түседі. Ал оған (қандай да бір) жамандық келсе, бірден үмітсіздікке салынады…». Ал, «Хаж» сүресінің, 66-аятында: «Ақиқатында адам баласы – өте күпірлік қылушы (жақсылықты түсінбейді)» делінген.

ҰЛТТЫҚ ЕРЕКШЕЛІГІ: «Хужурат» сүресінің 13-аятында: «Уа, адам баласы! Шүбәсіз, сендерді бір ер және бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір-бірлеріңді танып, білулерің үшін сендерді ҰЛТТАР, РУЛАР ҚЫЛДЫҚ. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың. Шәксіз, Алла – бәрін Білуші, бәрінен Хабар алушы!» делінген. Яғни ұлт үшін қызмет ету, ұлттық бет-бейнемізді (тіл, дін, салт-дәстүр…) сақтау – міндетіміз…

ҚАДІРІ, ҚҰНЫ: «…Кімде-кім кісі өлтірмеген немесе жер бетінде бұзақылық жасамаған бір адамды өлтірсе – шын мәнінде ол БАРЛЫҚ АДАМДЫ өлтіргендей болады; ал кім оны (бір адамды) тірілтсе (өлімнен құтқарса) – барлық адамды тірілткенмен тең…» («Мәида» сүресі, 32-аят.)

БІР-БІРІНЕН ЕРЕКШЕЛІГІ: «Соқыр мен көруші (надан мен ғалым) – тең емес. Қараңғылық пен жарық (шындық пен өтірік) – тең емес. Көлеңке мен ыстық (Жаннат пен тозақ) – тең емес. Тірілер мен өліктер – тең емес. Рас, Алла қалағанына естіртеді. (Уа, Мұхаммед) сен қабірлердегіге (қарсылықта қасарысқандарға) естірте алмайсың» («Фатыр» сүресі, 19-22-аяттар).

АДАМНЫҢ ДҰШПАНЫ: Қасиетті Құран Кәрімнің «Юсуф» сүресінің 53-аятында: «Нәпсімді (өз жанымды) ақтамаймын! Расында, егер Раббым мейірім етпесе, (тәрбиеленбеген) нәпсі – жамандыққа бұйырушы. Ақиқатында, Раббым – өте Кешірімді, ерекше Мейірімді!» делінген.

Ал «Ағраф» сүресінің 24-25 аяттарында: «(Алла): «(Әй, Адам, Ібіліс екеуің Жәннаттан) бір-біріңе дұшпан болып түсіңдер. Сендерге жер жүзінде бір мерзімге дейін тұрақ және пайдалану бар» деді. «Ол жерде тіршілік етесіңдер де, ол жерде өлесіңдер. Және ол жерден қайта шығарыласыңдар»– деді».

Сондай-ақ, «Бақара» сүресінің 168-169 аяттарында: «Уа, адам баласы! Жер жүзінде болған халал, таза нәрседен жеңдер! Және шайтанның ізіне ермеңдер! Өйткені ол – сендерге АШЫҚ ДҰШПАН. Расында ол сендерге жамандықты, арсыздықты және Аллаға қарсы білмейтіндеріңді айтуды нұсқайды» делінген.

СЫНАҒЫ: «Ол сондай Алла: ізгі іс тұрғысында қайсыларың жақсырақ екендеріңді сынау үшін өлім мен тіршілікті жаратқан. Ол – тым Үстем, аса Жарылқаушы». («Мүлік» сүресі, 2-аят.) Байқасаңыз: кімнің ізгі амалы көп, кімнің істегені жақсырақ – сол сынға түседі; адамгершілік пен ізгілік жолында, сондай-ақ жасампаздықта жарысу керек! Тағы бір аятта: «Еңбек етіңдер! Себебі, істеріңді Алла Тағала, оның елшісі, жалпы мұсылмандар көреді» («Тәубе» сүресі, 105-аят.) делінеді. Бұл жерде айтылған еңбек – жұмыс қана емес, ғылым-білім, шығармашылық, жасампаздық, өнер!..

ӨЗІН ЖОҒАЛТУЫ: «Хашыр» сүресінің 19-аятында: «Сондай Алланы ұмытқан, (сол себепті) Алла оларға өздерін ұмыттырған кісілер тәрізді болмаңдар. Міне, солар – бұзықтар (бойұсынбаушылар)» делінген. Яғни өзін (өзінің өзегін) танымаған, өмірге келу мақсатын түсінбеген, Жаратушысын тани алмаған адам – өз абыройы мен дәрежесін, пайдасы мен мақсатын (Адамдығын) ұмытқан болып саналады; өзін жоғалтып, тобырға жұтылып, мал дәрежесіне төмендейді.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ  Мұсылман қоғамында полиция қызметі қалай қалыптасты?

ЕРКІНДІГІ: «Инсан» сүресінің 3-аятында: «Расында, оған тура жол көрсеттік. Мейлі шүкірлік қылсын, мейлі қарсы келсін» делінсе, «Мәида» сүресінің 48-аятында: «Егер Алла қаласа еді: барлығыңды бір-ақ үммет қылар еді. Алайда сендерге берген жол-жобаларында сынамақшы. Ендеше жақсылыққа жарысыңдар» делінген.

Құран Кәрімнің «Әнғам» сүресінің 164-аятында: «…Әркімнің істегені – өзіне тән. Біреудің күнәсін біреу көтермейді» делінсе, «Рағыд» сүресінің 11-аятында: «Анығында: адамдар өздерін өзгертпейінше, Алла оларды өзгертпейді» делінген. Ал, «Зумәр» сүресінің 41-аятында: «(Уа, Мұхаммед!) Біз саған Кітапты (Құранды) адамзат үшін ақиқатпен түсірдік. Кім тура жолмен жүрсе, ол өз пайдасына. Ал кім адасса, тек өз зиянына адасады» дейді. Яғни адамның еркіндігіне ешкім қол сұға алмайды; таңдау мен жауапкершілік – тек өз қолында!..

ІШКІ ДҮНИЕСІ: «Және жанмен (нәпсімен) әрі оны лайықтап Жасағанмен, сөйтіп оған (жанға) жамандық әрі тақуалық қабілетті бергенге серт! Оны (жанын) тазартқан мұратына жетті, ал оны (күнәға) батырған (кірлеткен) қор болды!» («Шәмс» сүресі, 7-10-аяттар). Атақты тәпсірші Ибн Аббас: «Алла Тағала нәпсіге жақсылық пен жамандықты, мойынсұну мен қарсы шығуды, нені істеу керек, неден қашу керек екенін үйретті», – дейді. Яғни, адам бойында жамандықтың да, жақсылықтың да «ұрығы» бар – таңдау өзінде…

СЫЙЫ мен ДӘРЕЖЕСІ: «Әнғам» сүресінің 132-аятында: «Әркімнің істегеніне қарай дәрежелері бар» дейді.

БАҚЫТЫНЫҢ КІЛТІ:  «Естеріңде болсын,  Алланы еске алумен жүректер жай табады»  («Рағыд» сүресі, 28-аят). Яғни көңілдің байыз, ішкі дүниенің барақат табуы, пенденің өзін бақытты сезінуі – Жаратушы Иемізбен байланыс орнағанда ғана іске асады. Осы қуанышты сезіну үшін Алла Тағаланы жиі еске алу өте маңызды.  Сол үшін Ұлы Раббымыз: «Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын және Маған шүкірлік етіңдер де қарсы болмаңдар!» – дейді («Бақара» сүресі, 152-аят) Иә, әрбір мұсылман үшін өз есімінің Алла Тағаланың құзырында еске алынуы – жүрекке қуаныш сыйлайды! Сүйікті көп еске алынады! Сүйген жүрек – бақытты!

ЖАСАМПАЗДЫҒЫ: «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы!» – Алла Тағаланың Құран арқылы адам баласына түсірген ең алғашқы аяты! Ал ардақты Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!): «Тал бесіктен жер-бесікке дейін білім іздеңдер! Білім алу – ер адамға да, әйелге де – парыз» деп өсиет қалдырған. Осы аяттарға түсіндірме берген ғалымдарымыз Жаратқан Иеміз бізге Құранмен қатар «Әлем» атты жаратылыс кітабын да оқып-зерттеуді бұйырғанын айтады. Яғни адам баласы – Алланың барлығы мен Бірлігін танитын, Құдіреті мен Мейірімін танытатын, жер бетіне иелік ететін ерекше жаратылыс!

Абай хакімге жүгінсек:

«Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін,

Харекет қыл, пайдасы көпке тисін.

Көптің қамын әуелден Тәңірі ойлаған,

«Мен сүйгенді сүйді» деп Иең сүйсін!»

ОРНЫ, ДӘРЕЖЕСІ: Қасиетті Құранның «Исра» сүресінің 70-аятында: «Расында, адам баласын АРДАҚТАДЫҚ. Оларды жаратқандарымыздың көбінен неғұрлым АРТЫҚ ЖАРАТТЫҚ» делінсе, «Ағраф» сүресінің 11-аятында: «Біз сендерді жараттық, одан соң сендерге кескін-келбет бердік. Содан кейін періштелерге «Адамға сәжде етіңдер» дедік. Сонда олар СӘЖДЕ ЕТТІ. Тек, (жыннан болған) Ібіліс сәжде етушілерден болмады» делінген. Ал, «Тин» сүресінің 4-аятында: «Расында, адамзатты КӨРКЕМ БЕЙНЕДЕ жараттық» делінген. «Ол сондай Алла: сендерді жер жүзіне ОРЫНБАСАР қылды» («Фатыр» сүресі, 39-аят)

Жалпы, періштелерге қарағанда (ар-иманын басшы еткен) адам баласы деңгейінің жоғары тұратынын білеміз. Себебі: адам баласы періштелерге қарағанда «есімдерді» көбірек біледі: ғаламның сырлары мен Алла Тағаланың есім-сипаттарының ақиқатына бойлай алады. Осы орайда «Халифалықтың шарты тек қана құлшылық етумен және күнәлардан сақтанумен шектелсе, жер бетіне періштелер халифа болар еді» дейді ғалымдар. Яғни, адам баласының «халифа» деген атқа лайықты болуының басты шарты – ілім-білімді меңгеріп, пайдасына жаратуында; жер бетін, тіршілікті гүлдендіруінде

ИДЕАЛЫ немесе ӨНЕГЕ ТҰТАР ТҰЛҒАСЫ: Құран Кәрімнің «Ахзәб» сүресінің 21-аятында: «Күмәнсіз, Алла елшісінде сендер үшін әрі Аллаға және ақырет күніне бар үмітін артқан  һәм Алланы көп еске алып, Оған көп құлшылық ететіндер үшін қай жағынан алсақ та, ТЕҢДЕССІЗ ҮЛГІ-ӨНЕГЕ БАР» дейді. Яғни адам баласының кемелденуі – Пайғамбар (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) өнегесіне сай ғұмыр кешкенде жүзеге асады, Тұлғасына ұқсауға тырысу арқылы жүлгесін табады.

АЛЛАҒА ДЕГЕН МАХАББАТЫНЫҢ ДӘЛЕЛІ: Қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресінің 31-аятында: «(Уа, Мұхаммед, оларға айт:) Егер Алланы шынымен жақсы көрсеңдер, маған еріңдер. Сонда Алла Тағала да сендерді жақсы көріп, күнәларыңды кешіреді» делінген. Кемелдіктің басты шарты – Ұлы Жаратушыға ұқсауға тырысуда әрі ол Мейірім Иесіне деген махаббатпен жүзеге асады! Ал оның Жолы – Елшіге (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) ілесу!

Мынандай бір тамаша тәмсіл бар: «Арыстанның бір күшігі қолға түсіп, иттердің арасында өсіпті. Ақыры күшіктермен бірге өскен абданның қылығы ит болыпты да қалыпты! Бір күні ит достарымен келе жатса, алдарынан басқа бір арыстан жолығыпты. Аң патшасының ақырғанынан қорыққан иттер қашып кетеді де, ит-арыстан (қанына тартып) айбар шегіп орнында тұра береді. Сол кезде ана арыстан жақын келіп: «Бауырым-ау, сен қайдан жүрсің өңкей иттің арасында?» – деп таңырқай сұрапты. Бұл: «Қайдан жүргені қалай? Мен итпін! Бала кезімнен бері итпін! Не айтып тұрсың өзің?!» – дейді ашуланып.

Мәселенің байыбын ұға қойған арыстан: «Жарайды, ашуланба. Жүр мен саған бір нәрсе көрсетейін, сосын өзің қорытынды шығарарсың», –  дейді де, ит-бауырын бастай жөнеледі. Орман ішінде кішкене көлшік бар екен, соған келгенде арыстан: «Уа, бауырым, жақсылап қарашы бейнеңе: жаныңда жүрген иттерге ұқсайсың ба әлде маған ұқсайсың ба?» – деп, арекеңді қасына шақырады. Ит-арыстан судағы бейнесіне бір қарап, жанында тұрған арыстанға бір қарап, таң-тамаша болыпты! Сол арада өзінің кім екенін танып, бауырымен төс қағыстырып, өз үйірін тапқан екен…»

Тура осы әңгімедегідей жағдай көпшілігіміздің басымыздан өтті! «Маймылдан шыққан пендеміз» деген түсінікке көңіл толмай, «Мен кіммін?» деген сұраққа жауап таба алмай «ит» болып жүргенімізде, «Ислам» деген Нұрға жолығып, өзіміздің «арыстан» екенімізді танығанбыз! «Шүкір» деп, басымызды сәждеге қойғанбыз…

Өзімізді танудың басты шарты: нәпсіні, «пенделік менді» орталық (центр) еткен өмір салтынан – рухани өзекті сезініп өмір сүру, ар-иманның жетегінде болу мақамына ауысу. Осындай хәлге ие болғанда ғана, шын мәнінде өз орнымызды тауып, өз қадірімізді түсінеміз…

Иә, сырт бейнемізге қарап, тәніміздің әлсіздігіне ой жіберіп, қоңылтақсудың жөні жоқ! Ішкі әлеміміз қандай бай, қандай ғажап! Құдіретті де Мейірімді Иеміздің алапат қуаты мен жасампаздығы – рухымызға, рухани әлемімізге жасырынған! Біздің бойымыздағы Парасат пен Махаббатқа періштелер құрмет көрсетіп, сәжде жасаған!

Біз – мына «Әлем» атты кітаптың зерделі зерттеушісі, теңдессіз Шебердің талғампаз көрермені, Құдіретті де Мейірімді Иеміздің жасампаз орынбасарымыз! Тұла бойымызда шексіз мүмкіндіктер бар! Таңдау мен шешім қабылдау – біздің Еркімізде! Алла Тағаланың (немесе Жаратушының жүректегі ұшқыны – Арымыздың) алдында ғана жауап беретін Еркінбіз! Яғни Жауапкершілік жүгін арқалаған, Аманат арқалаған ең көркем жаратылыспыз!..

Ендеше, осыншама абырой мен артықшылық берген, сүйіп жаратқан Иемізге неге сүйіспеншілікпен жауап бермеске?! Адамшылықтың алтын қазығы – осы болмақ! Абай хәкімше айтсақ:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті!

Адамзаттың бәрін сүй «бауырым» деп,

Және «хақ жолы осы» деп Әділетті!

«Өзін таныған – Құдайын таниды» деген атам қазақ: «Әр түніңді Қадір тұт, әр адамды Қыдыр (әулие) тұт» деп өсиет қалдырыпты. Осы сөз – сөз, осы ұстаным – ұстаным болсын! Алла жар болғай!

Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ

kazislam.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары